27.02.2017 / by maximios / Журналистика / No Comments

Морфология лекция



Лекция №1

 

 

Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар.

 

1.Морфология, оның зерттеу объектісі.

2. Синтаксис, оның зерттеу объектісі.

3.Негізгі грамматикалық ұғымдар.

4.Грамматикалық мағына, оның түрлері.

 

   Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені, сөзде фонетикалық қасиет те, (дыбыстық комплекс) лексика-семантикалық қасиет те (ішкі мағына), сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрам мен құрылыс ы, сөздің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсуі, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабаттасып келіп отырады.

   Қазіргі қазақ тілі атты ғылыми және практикалық курстың басты саласы – грамматика. Тілдің грамматикалық құрылысының жүйелері мен оның сан салалы ерекшеліктерін белгілеуде сөздің грамматикалық сипатын толық талдап анықтаудың мәні зор. Өйткені, тілдің грамматикалық құрлысы сөздің грамматикалық сипатына тығыз байланысты.

   Адамдар өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтын неше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көмегі арқылы ғана түсінікті етіп айта алады. Ендеше, грамматикалық тәсілдер де лексикалық тәсілдермен қоса қабат қолданылатын аса қажетті тәсілдер болып саналады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы грамматикалық құрылыс деп аталады.

   Ал грамматика гректің грамматике – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматика ғылымы тілдің грамматикалық құрылысын зерттегенде, өзінің тексеретін объектісінің негізі, өзегі етіп – сөзді және сөйлемді алады. Тексеру объектілерінің осындай ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.

   Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің морфе – форма, тұлға және логос – сөз, ілім) да зерттейтін басты объектісі — сөз. Морфология сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп сипаттайды. Морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттейді.

   Синтаксис (гректің синтахис – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (септік, тәуелдік, жіктік) қасиетін сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Морфология мен синтаксис бір-бірімен тығыз байланысты.

 

Негізгі грамматикалық ұғымдар

Тілдің грамматикалық құрылысын танып ,оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да ,олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтарға сүйенеді.Қазақ тілінде ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

 

Грамматикалық мағына және оның түрлері

   Тілдегі әрбір сөздің лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы — нақты ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына — сөздің тым жалпы мағынасы,сол сөздің әртүрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлінбей,керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады. Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Сонымен, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құруға бейімделеді. Грамматикалық мағына — лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы.

   Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болды. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болады, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әртүрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек соның нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады.

   Грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне,сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөліп қарау керек дейді профессор С.Исаев.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады.

Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағына категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріледі.Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау керек.

Қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады.

 

   Қазақ тілінде грамматикалық мағынаны білдірудің төмендегідей тәсілдері бар:

1.Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы.

2.Синтетикалық тәсіл қазақ тілінде ең жиі кездеседі.Әсіресе форма тудыратын қосымшалар арқылы неше алуан грамматикалық мағына беріледі.

3.Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің барлық түрлері кездесіп отырады. Негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде, әдетте ол сөздердің сол тұлғаларында бір-бірімен тіркесуі арқылы жеке тұрған кезінен өзгеше, жаңа грамматикалық мағынаны білдіруін айтамыз.

 

Пайдалынатын әдебиеттер:

1.С.Исаев:Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар.Алматы:Ана тілі,1992.

2.Қазақ грамматикасы.Астана,2002.

3.А.Ысқақов:Қазіргі қазақ тілі.Алматы:Ана тілі,1991.

4.С.Исаев:Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.Алматы:Рауан,1998.

5. К.Аханов «Грамматика теориясының негіздері». Алматы: Мектеп, 1972.

 

 

Лекция №2

 

Г Р АМ М А Т И К А Л Ы Қ Ф О Р М А (Н Ы С А Н )

 

1. Грамматикалық ұғымның бірі — грамматикалық форма.

2. Грамматикалық форманың бір түрі – нольдік форма.

3. Грамматикалық категория.

 

   Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі — грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі ,атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.

   Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз тобының) түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын,парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары (форма тудыратын жұрнақтар мен жалғаулар) жатады. Өйткені олар сөз табының парадигмалық сипаттағы тұлғалары, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, бір ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұрады.

Сөйтіп, қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік, жіктік) және форма тудыратын жұрнақтар (сын есімнің шырай тұлғалары, етіс, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары жатады.

   Сөз таптарының әрбір грамматикалық тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша қосылу арқылы грамматикалық мағынаны білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес келеді. Кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз белгілі бір грамматикалық мағына беріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде қолданылады. Мысалы: онымен, менімен — деген сөзді алсақ, осындағы түбірлер(ол,мен)- мен көмектес септік арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін –ы, -і тұлғасы жұмсалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға -ы, -і емес -ны, -ні болу керек яғни ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы –мен, -бен,

-пен- бірлән септеулік шылауынан қалыптасқан. Ал бұл шылау ерте кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септігі тұлғасымен байланысқан. Бұны көне жазба деректері дәлелдейді. Менің бірлән-менің білән-мені (н) менен-меніменен-менімен. Ал қазір менімен деген сөздегі (н)-і, -ы тұлғасы ілік септік мағынасынан айрылған, басы артық реликт форма ретінде қолданылады.

Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз белгілі бір грамматикалық мағына беріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады.

   Арнайы көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіруді нольдік тұлға деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы грамматикалық мағына болады. Мысалы: Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл). Кел, балалар, оқылық (Ы.Алтынсарин). Ғылым таппай мақтанба (Абай). Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы (Абай). Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас.

Осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз (нольдік формада) белгілі грамматикалық мағына білдіреді. Ы.Маманов қазақ тілінде нольдік формаға ілік, табыс, барыс септік тұлғаларының түсіріліп айтылуы мен бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрін жатқызады.

Нольдік тұлға сырт қарағанда түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық нольдік форма бола алмайды, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нольдік форма болу үшін ол тұлға түбір күйінен өзгеше грамматикалық мағына білдіріп, белгілі бір топтағы түрлену жүйесінің бір түрі боп саналып, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті.

Нольдік форма — парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылатын, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік сөз байланыстырушы қызметін толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметтер тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы, әрі онымен бірлікте болып, бір бүтін құрайды.

Нольдік форма парадигмалық сипаты бар грамматикалық түрлену жүйесінде, тұлғалары, сөз байланыстырушы сипаттағы таза грамматикалық категория шеңберінде ғана болады.

 

Г р а м ма т и к а л ы қ к а т е г о р и я

Тіліміздегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория . Грамматикалық категория ұғымы, бір жағынан, грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен байланысты , екінші жағынан , олардан күрделі болып келеді .

Грамматикалық категория деген ұғым барлық зерттеулерде біркелкі түсіндіріле бермейді .Оның сипатын түбегейлі түсіндіруде пікір айырмашылықтары да байқалып отырады .Мысалы: А.Ысқақов:«тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады». Ахманова О.С:«Тілдегі лингвистикалық единицалардың яки оның бір тобының грамматикалық амал-тәсілдер арқылы берілетін жалпы сипаттарының бірі». (Словарь лингвистических терминов . М.1966). Бондаренко А.В:«Бірыңғай мағыналы грамматикалық формалар қатарының бір-біріне қарама-қайшы жүйесі» (Теория морфологических категорий .Л.1976).

Грамматикалық категория,ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен, сәйкестігімен яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелікпен байланысты . Үшіншіден , грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы , бір жағынан өзара біртектес, бірыңғай сипаттағы , екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория — өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы,бірлігі. Бір ғана грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық форма грамматикалық категория құрай алмайды. Сөйтіп, грамматикалық категорияның негізінде грамматикалық мағыналар жиынтығы олардың грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады .

Грамматикалық категория болудың алғы шарттары:

1) бірнеше , кемінде екі грамматикалық мағына болу керек ;

2) ол мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды;

3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да,1-жақ 2-жаққа, я 3-жаққа қайшы келуі;

4) әрі тектес, әрі ыңғайлас , әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы ;

5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі ;

6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұлғалық сәйкестік бір жиынтық болуы .

Міне, осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады. Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесі еш грамматикалық тұлғасыз семантикалық тәсіл арқылы ғана берілетін болса, онда грамматикалық категория жасай алмайды, өйткені грамматикалық категория тек грамматикалық мағыналар жиынтығы ғана емес, сол тектес, мәндес, әрі бір-біріне қарама-қайшы грамматикалық мағыналарды білдіретін, парадигмалық сипаттағы грамматикалық тұлғалар жүйесі болып табылады.

   Грамматикалық категориялар грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғалану, түрлену жүйесімен соған лайық олардың грамматикалық мәнімен сөйлеу процесінде ол сөздердің атқаратын қызметімен , басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіру мәнді морфологиялық категориялар және топтау, я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп бөлу дәстүрі бар.

Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалы(морфологиялық) категориялар бола бермейді. Грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім , сын есім, етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан-мөлшер категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, шырай категориясы, салт-сабақты етістік категориясы, етіс категориясы, болымды-болымсыз етістік категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік категориясы.

Белгілі сөз табына қатысты грамматикалық категориялардың грамматикалық сипаттары сол сөз табының семантикалық, грамматикалық ерекшеліктерімен айқындалады. Сондықтан да грамматикалық категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес.Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық мағыналары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа ие болады.Мысалы: шырай категориясы, етіс категориясы, салт-сабақты етістік категориясы, болымсыз етістік категориясы сөзге реңк мәнін қосады. Көптік, тәуелдік, септік,рай, шақ, жақ категориялары түбір білдіретін мағынаға ешбір нұқсан келтірмейді.Сондықтан морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялардың бір тобын семантикасына қандай да болсын әсер етуіне қарай лексика-грамматикалық категория деп атап,екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей , өзгертпей, тек оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөлу керек.

 

П а й д а л ы н а т ы н ә д е б и е т т е р :

 

1.Қазақ грамматикасы . – Астана. 2002.

2.А.Ысқақов: Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі . 1991.

3.С.Исаев: Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. –Алматы: Ана тілі. 1992.

 

Лекция №3

 

С ө з д е р д і т а п т а с т ы р у п р и н ц и п т е р і

 

1.Сөздерді лексикалық мағынаның мәніне қарай бөлу.

2.Сөздердің лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық мағынасына қарай сипаты. Семантикалық принциптің сипаты .

3.Сөздердің грамматикалық сипатына, түрлену жүйесіне қарай ерекшеліктері .

4.Сөздердің синтаксистік сипаты.

 

Сөздерді семантика-құрылымдық топтарға бөлудің грамматикалық ілім ретінде тым ерте замандарда пайда болуы , сол дәуір ойшылдарының тіл табиғатын тани түсу үшін сөздерді осылайша жіктеудің де қажеттігін түсіне білуі – морфологияның өзекті мәселе болғандығын дәлелдейді.

А.Байтұрсынов « Тіл құралы» атты еңбегінде қазақ тіліндегі сөздерді әуелі атауыш сөздер, шылау сөздер , одағай деп үш топқа бөледі . Ғалым атауыш сөздер тобына зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, ал шылау сөздер тобына үстеу, демеу, жалғаулықты жатқызады. А.Байтұрсынов қазақ тілі сөздерін үш топқа жіктегенде негізінен сөздердің лексикалық мағынасын басшылыққа алады, яғни сөздердің лексикалық мағынасы негізінде қаншалықты дербес, дербес еместігін ескереді. А.Байтұрсынов осы үлкен үш сөз тобын әрі қарай іштей жіктеп, қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар деп көрсетті. Олар : зат есім , сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай. Одағайды ғалым еліктеуіш және лептеуіш деп екіге бөледі , бірақ әрқайсысы жеке сөз табы ретінде танылмаған.

Профессор Қ.Жұбанов өзінің « Қазақ тіліндегі сөз таптары » атты еңбегін жарыққа шығара алмай кеткен, кейіннен бұл еңбек жоғалып кеткен.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіндегі « Жұбановтану» зертханасы қорынан ғалымның бұрын-соңды баспа бетін көре алмаған еңбектерін зерделеу кезінде сөздерді семантика- құрылымдық топтарға бөлу ісіне тікелей қатысты ой – тұжырымдар ұшырасқан. Қ.Жұбанов сөздерді тапқа айырғанда үш түрлі негізге сүйенеміз деген:

1. Лексикалық қасиеттеріне

2. Морфологиялық қасиеттеріне қарай, қандай қосымша, қандай қосалқы еретіндігіне қарай

 

3.Сөйлемде қай мүше болатындығына қарай, қай орында тұратындығына қарай – деп үш принципті шегелей атайды. 1934-1935 жылы Қ.Жұбанов айтып көрсеткен бұл принциптер бүкіл түркология үшін үлкен жаңалық еді .

   Қ.Жұбанов қазақ тілі сөздерін түбір, шылау, одағай деп үш үлкен тапқа жіктейді. «Түбір тапқа » зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл-мекен есім( үстеу),орынбасар, етістікті жатқызса,«Шылаулар» тобына үстеуіш(септеулік), жалғаулықтар(+демеуліктер), одағайды жеке топ ретінде қарайды . Қ.Жұбанов қазақ тілі сөздерін зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл-мекен есім, орынбасар, етістік, шылау кейде қосалқы, одағай деген таптарға бөлді.

   Академиялық грамматика(1967) қазақ тіліндегі сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең әуелі атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп аталатын үш топқа бөлінеді деп көрсетілсе, А.Ысқақов еңбегінде де осы аталған атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер көрсетіледі .Атаушы сөздер деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналары бар, соған лайық , қалыптасқан өзді-өздерінің дыбыстық құрамдары мен екпіндері бар дербес сөздерді атайды. Атаушы сөздер , өздеріне тән дербес мағыналары болатындықтан, адамның қатынас құралына негізгі арқау я таяныш есебінде қызмет етеді де, өзге сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке-дара тұрып та керегінше қолданыла береді . Олар тілдің грамматикалық заңына лайық түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, сөйлемге өз алдына мүше бола алады және олардан тілдегі қалыптасқан тәсілдер бойынша басқа да туында атаушы сөздер жасала береді. Сөйтіп, атаушы сөздер дегеніміз лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар, өзге сөздермен тиісті байланыс-қатынасқа түскенде, әр алуан қосымша мағыналарды білдіре алатын сөздер.

   Көмекші сөздер деп дербес лексикалық мағыналары я солғындаған, я жоғалған жәрдемші сөздерді атаймыз. Көмекші сөздердің кейбірі дыбыстық жағынан тұрақсыз болады да, әдетте өз алдына екпіні болмайды . Дербес мағыналары болмайтындықтан, көмекші сөздер тек атаушы сөздермен тіркесіп жұмсалады және соған орай сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, немесе күрделі мүшенің құрамына енеді, немесе сөйлемдердің я сөз тіркестерінің дербес мүшелерінің араларын байланыстыратын дәнекер есебінде қызмет етеді.

   Одағай сөздер деп адамның әрқилы сезім күйімен байланысты айтылатын сөздерді атаймыз. Өздерінің шығу ерекшеліктеріне қарай одағайлардың өзге сөздермен,атаушы сөздермен де, көмекші сөздермен де семантикалық байланыс қатынасы болмайды, сондықтан сөйлемнің мүшесі болмайды, бірақ олар бүтіндей сөйлемнің орнына балама есебінде жүреді.

Сөздерді грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеуде , топтастыруда ұсынылатын басты принцип – семантикалық принцип(грамматикалық-семантикалық). Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі – белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді топтастырудың екінші негізгі морфологиялық принцип сөздердің түрлену жүйесі болып табылады. Мысалы: зат есім мен етістік түрленетін сөз табы болып есептелсе, сын есім мен үстеу түрленбейтін сөз табына жатады. Сөздерді топтастырудың үшінші синтаксистік принципі сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқаруымен және сол сөздермен тіркесу сипатымен яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты.Осы көрсетілген принциптер негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын , қатыстық белгісін білдіретін – сын есім , заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер – есімдік, қимыл іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амал, мезгіл, мақсат, себеп) білдіретін – үстеу, дыбыстарға , қимыл – қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді . осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылау және одағай сөздер мен модаль (С.Исаев) сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты

(көңіл-күй я модальдылық) мәндер қосады. Сөйтіп, қазақ тілінде А.Ысқақов, Қазақ тілі грамматикасында тоғыз сөз табы көрсетілсе, С.Исаев оныншы сөз табы ретінде модаль сөздерді қосады. Ғалым модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қатарға қосып отыр. 2002 жылғы грамматикада модаль сөздер жеке сөз табы ретінде қаралған .

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2.А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3.С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты » . -Алматы : Рауан , 1998.

4.Т.Қордабаев : « Қазақ тілі білімінің қалыптасу , даму жолдары ». – Алматы : Рауан . 1995.

 

Лекция № 4

 

З а т е с і м

 

1. Зат есімнің жалпы сипаттамасы.

2. Зат есімнің мағыналық топтары.

Айналамыздағы қоршаған дүниедегі зат пен жан-жануар атаулыға , барша құбылыс пен уақиғаға – болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі – зат есімдер . Лексикалық тұрғыдан алғанда зат есімдер өз алдына мағыналық дербестігі бар, заттық ұғымды білдіретін сөздер. Лексика-семантикалық өрісі аса кең сөз таптарының бірі – зат есімдер. Мысалы: күнделікті тұрмысымызда жиі айтылып, жиі қолданылатын түрлі бұйымдар мен нәрселердің аттары ( ыдыс-аяқ, қасық, табақ , жүген, асық) , тағамдардың аттары ( сорпа, қазы-қарта, жент, өрік-мейіз,,нан, сүт, шұжық ), жан-жануарлар аттары ( жылқы, түйе, киік, түлкі, мысық, ит), өсімдік атаулары( қайың, тобылғы ,бидайық), табиғат денелері мен құбылыстардың аттары( ай, жұлдыз, жауын-шашын, боран, аяз), адамның кәсібін, тегін, мамандығын , қабілетін, қоныс-тұрағын білдіретін сөздер( мұғалім, тілші, диқан, қаламгер, мүсінші, саудагер, алыпсатар, саятшы, керей, найман, қазақ), тұрмыс-салтқа, әдет ғұрыпқа байланысты айтылатын сөздер(айтыс, көкпар, шілдехана, жар-жар, қыз қуу).

Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері де бар. Олар өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай, сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап , түрленіп отырады, екіншіден зат есімдердің сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары бар.

Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйытқы, әрі өзек болып қызмет атқаратындықтан, әдетте сөйлемнің барлық мүшелері ретінде қолданыла береді. Зат есімдердің ең негізгі қызметі – бастауыш, толықтауыш, анықтауыш болу.

Өзара бір-бірімен байланысты осы үш түрлі белгіні семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілерді ұштастыра қарағанда ғана, зат есім деп аталатын негізгі сөз табының сыр-сипаты толық ашылады.

 

Зат есімнің лексика – грамматикалық сипаты.

   Зат есімдердің қай-қайсысы болсын заттық ұғымды білдіретіндіктен, олар негізінен біркелкі болғанымен іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды қамтиды.

   Тілімізде немесе өмірде көзбен көріп, қолмен ұстап тануға болатын заттарды деректі немесе нақтылы я конкретті зат есімдер деп аталады.

Мысалы : сөздік, кітап, домбыра, кілем, бөрік.

   Сол сияқты тілімізде ой арқылы сезілетін яғни көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін зат есімдер де қалыптасқан. Оларды дерексіз я абстракты зат есімдер деп аталады. Мысалы : сезім, қиял, әсер, інкәрлік, ой, сана.

   Заттардың ішінде даралау және жинақтау ұғымын білдіру қабілеті де жоқ емес. Мысалы : құрт, құмырсқа, апа, қарындас,төсек, шөп тәрізді дара сөздер белгілі заттардың аты болса, құрт –құмырсқа, апа – қарындас, төсек –орын, шөп – шалам сияқты қос сөздер белгілі бір ұғымдарды жинақтап, олардың топ-тобының атын білдіреді. Ал мая-мая , қора –қора , тау-тау сияқты қос сөздер бөлу я даралау ұғымын білдіреді.

Зат есімдерді семантикалық ерекшеліктеріне қарай іштей мал атаулары, өсімдік атаулары, құрт-құмырсқа атаулары, үй-мүліктерінің атаулары, саяси- әлеуметтік салада қолданатын атаулар деп бөлуге болады .

   Зат есімнің ішінде өздеріне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар кейбір топтарда кездеседі. Мысалы : адамзат( кімдік) және ғаламзат(нелік) есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді, эмоциялы –экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді жатқызуға болады.

    Тіліміздегі зат есімдерді семантикалық және грамматикалық сипаты жағынан талдаған кезде , олардың бір саласы адам атаулары, екінші саласы адамнан өзге жан- жануарлар мен заттардың атаулары болып келеді. Осы аталған екі топтың біріншісіне қатысты сөздердің бәрі тек кім?-деген сұрауға жауап береді. Кім?-деген сұрауға жауап беретін зат есімдерге жалпы адам атаулары жатады. Зат есімнің бұл тобына адам атаулымен байланысты ұғымдардың аттары және кісі аттары енгендіктен , оларды семантикалық ерекшеліктеріне қарай адамзат есімдері деп атауға болады(Персондық есімдер).

   Не?- деген сұрау адамнан өзге барлық жан-жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады. Мысалы : топырақ, су, күлкі, ағаш, жусан, нан, ірімшік, аю, жолбарыс,үй . Зат есімдердің бұл тобы адамнан өзге жан-жануарлардың, заттар мен нәрселердің, заттық ұғымдардың атауларын түгел қамтитындықтан, оларды семантикалық ерекшеліктеріне қарап ғаламзат есімдері(наперсондық есімдер) деп аталады.

   Тілдегі әр алуан деректі және дерексіз ұғымдарды білдіретін зат есімдер әдетте жалпы есімдер деп аталады. Мысалы : ағаш, ат, ас, дала, су.

   Ал заттар мен заттық ұғымдарды жалпылама түрде атайтын осындай жалпы есімдермен қатар белгілі бір ғана затты арнай, даралай атайтын жалқы есімдер де бар. Жеке я дара заттарға берілген осындай зат есімдерді жалқы есімдер дейміз.Мысалы : Асқар, Тайбурыл, « Еңбек», Көкшетау, Абылай хан алаңы, Абай проспектісі.

   Затты жеке – даралап атамай, оның жиынын тобымен атайтын зат есімдерді көптік мәнді есімдер деп атайды. Мысалы: ұн, алтын, жел.

   Зат есімдердің ішінде затты я заттық ұғымды әдеттегідей атаумен қатар, сол аталған заттың сын-сипаты жағынан қандай екендігін қоса-қабат білдіре атайтын, олардың кейбір өзіндік сипатын нақтылай түсіп, әсерлеу не бейнелеу жолымен қолданылатын топтары да бар . Мысалы: көл, тау, төбе, арба деген жалпы есімдердің көлшік, таушық, төбешік, арбашық деген түрлері , сандық, кітап деген зат есімдердің сандықша, кітапша деген түрлері бар.

 

   Сол сияқты адамға байланысты әке, шеше, апа тәрізді туыс атауларын әкей, шешей, апай деп, шешетай, ағатай, әкежан деп те қолданылу бар. Сондай-ақ бала,бота сөздерін балақан, ботақан деп, бөпе, қалқа, сәуле секілді жалпы есімдер мен Әлия, Нұрлан тәрізді жалқы есімдерді бөпеш, қалқаш, Сәулеш, Нұрыш, Әлкен деп айту да кездеседі. Сөйтіп, кейбір зат есімдердің әдеттегідей бейтарап түрде жалпы қолданылуымен бірге , үлкен тұтып құрметтеу я сыйлау , кіші тұтып еркелету, кем тұтып қомсыну тәрізді эмоциялық әсер, экспрессивтік рең бере қолданылатын формалары болады. Бұл формалар мен жай түрде айтылған сөз формалардың араларында өзара ерекшеленетін семантикалық айырмашылық болады.

Зат есімдердің көпшілігі өздерінің лексикалық мағыналарында жұмсалып, өздеріне тән түрлену жүйелерін және сөйлемде өз алдарына дербес мүше болу қасиеттерін сақтап отырады. Ал кейбір зат есімдер өздеріне тән байырғы қызметтерінен жартылай айрылып, көбінесе көмекші сөздер, яғни көмекші есімдер есебінде жұмсалады.

   Көмекші есімдер деп лексикалық мағыналары бірде бүтіндей сақталып, бірде солғындап, өзге сөздермен тіркесу ерекшеліктеріне қарай, синтаксистік жағынан кейде жеке-дара мүше есебінде кейде күрделі мүшенің құрамындағы дәнекер элемент есебінде қолданылып, морфологиялық жағынан зат есімдерше түрленіп отыратын жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші есімдер сан жағынан көп емес, оларға: алды, арты, асты, үсті, жаны, қасы, арасы, ортасы, іші, сырты, басы, беті, шеті, түбі, тұсы, маңы сияқты сөздер жатады.

   Көмекші есімдердің негізгі сөздерге үстейтін қосымша мағыналары көбінесе көлемдік, мезгілдік қатынастарды білдіреді. Көмекші сөздердің мағыналары қаншалықты солғындағанымен, шылау сөздердегідей бүтіндей я жартылай жоғалып кетпейді.Көмекші есімдер алдында тұрған ілік жалғаулы сөзбен әбден жымдасып, сонымен біртұтас семантикалық бірлік түзеді. Көмекші есім деп грамматикалық өзгеріске түсіп дерексіздену нәтижесінде заттық мағынасынан айрыла бастаған тәуелдік жалғаулы көбіне мекендік септіктерде қолданылып, матаса байланысқан тіркестің екінші сыңары қызметінде жұмсалатын зат есімнің кеңістік мәнді ерекше бір тобын айтады. Лексикалық жағынан алғанда, қазақ тіліндегі көмекші есімдерді білдіретін мағынасына бір нәрсенің үстіңгі, астыңғы жағын, алдыңғы , артқы жағын, шеті мен жанын, айналасын, ішкергі тұсы мен ортаңғы тұсын білдіретін ыңғайына қарай оларды шартты түрде горизанталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін, вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты, көлемдік кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер деп бөлінеді.

1.Горизанталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдерге : алды, арты, қасы, жаны, маңы, тұсы, шеті, жан-жағы, айналасы, төңірегі секілді сөздер жатады.

2.Вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдерге : асты, үсті, беті, түбі секілді көмекші есімдер кіреді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2.А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3.С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты » . Алматы : Рауан , 1998.

4.Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

 

 

Лекция№5

 

З а т е с і м н і ң т ү р л е н у ж ү й е с і

1. Зат есімнің сан-мөлшер категориясы.

2. Зат есімнің тәуелділік категориясы.

3. Зат есімнің септік категориясы.

 

С а н — м ө л ш е р к а т е г о р и я с ы

Қазақ тіл білімінде сан-мөлшер категориясы көбіне – көп көптік ұғыммен , көптік жалғау тұлғасымен байланысты қаралып келеді.Көптік ұғым мен оған қарама-қайшы жекелік я даралық ұғымның болуы – жалпы зат атаулыға тән қасиет. Міне, осы көптік және жекелік ұғымдардың арақатынасынан және сол ұғымның белгілі морфологиялық тұлғалар арқылы берілуінен сан-мөлшер категориясы туады. Сан-мөлшер категориясын тек көптік жалғау шеңберінде қарастырсақ, одан көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады.

Көптік ұғымды білдірудің тәсілдері әр түрлі. Көптік ұғымның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші – көптік жалғау. Ал жекелік ұғымның оған қарама-қарсы грамматикалық арнайы формасы болмайды. Бірақ көптік ұғым тек көптік жалғау арқылы ғана беріліп қоймайды. Бір тектес заттардың жалпылама атауында, абстракт ұғымындағы сөздерде де, жеке-даралап санауға келмейтін немесе дерексіз зат атаулары сияқты сөздерде де көптік, жалпылық мән болады.

   Көптік ұғым аналитикалық тәсілмен де беріледі. Сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу екенін түсінеміз. Мысалы: талай жыл өтті, көп адам жиналды, мыңдаған машина жүк тасып жүр, мая-мая шөп үйген, тау-тау астық үйіп жатыр.

Көптік жалғаудың бірден-бір грамматикалық көрсеткіші -лар, -лер, -дар, -дер,-тар, -тер. Бұлар бөлек-бөлек жалғаулар емес, өзі жалғанатын сөздің соңғы дыбысы мен буынына байланысты түрленетін бір жалғаудың нұсқалары. Көптік жалғау қазақ тілінде заттың көптігін білдіргенде сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды.

Т ә у е л д і к к а т е г о р и я с ы

 

   Бір заттың екінші бір затқа меншікті, тәуелді, қатысты болуы – тілдегі ақиқат құбылыс. Бұндай заттар арасындағы меншіктілік-тәуелділік қатынас қандай тілде болса да бар. Қазақ тілінде бұл мән ( грамматикалық тәуелділік ұғым) тәуелдік жалғауы арқылы ( ілік септік пен тәуелдік жалғау тіркесінен) және меншіктелуші зат атауы мен буын үндестігіне бағынбайтын -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары арқылы беріледі. Осы арқылы яғни жақ түрлеріне байланысты тәуелділік грамматикалық мағыналар жиынтығы парадигмалық жүйе болып табылатын белгілі грамматикалық формалар негізінде берілуі арқылы қазақ тілінде тәуелділік категориясы болып қалыптасқан. Тәуелдеудің оңаша және ортақ тәуелдеу түрі тәуелденетін заттың бір я бірнеше затқа, адамға тән екенін білдірумен байланысты. Оңаша тәуелдеуде бір я бірнеше зат бір ғана затқа ( адамға) тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) біреу болады, сондықтан ол (ілік септіктегі сөз) тек жекеше тұлғада тұрады да, иеленетін ( тәуелденетін) зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін, сондықтан ол жекеше де, көпше де тұлғада тұра береді.

 

Оңаша тәуелдеу

 

Жекеше Көпше

 

Менің балам,үйім. Балаларым, үйлерім.

Сенің балаң, үйің. Балаларың, үйлерің.

 

Сіздің балаңыз, үйіңіз. Балаларыңыз, үйлеріңіз.

Оның баласы, үйі. Балалары, үйлері.

 

   Ортақ тәуелдеуде керісінше бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше затқа тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) көп болады, сондықтан ол тек көптік тұлғада мәнде тұрады да, иеленетін зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін. Сондықтан ол жекеше, көпше тұлғада тұра береді. Сөйтіп көп бірнеше адамға ортақ болады.

 

Ортақ тәуелдеу

Біздің баламыз, балаларымыз, үйлеріміз.

Сендердің балаларың, үйлерің.

Сіздердің балаларыңыз, үйлеріңіз.

Олардың балалары, үйлері.

 

С е п т і к к а т е г о р и я с ы

 

   Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі — септік жүйесі. Әдетте септік жалғау кейде тікелей өзі, кейде басқа тұлғалармен қабаттасып, зат пен қимыл, я зат пен зат арасындағы (субъект-предикаттық), тура және жанама объектілік, меншіктілік-қатынастық, мекендік-мезгілдік, көлемдік, амалдық- құралдық сияқты қатынастарды білдіреді.

   Септік жалғау түрлерінің басын біріктіріп, зат есімнің түрлену парадигмасының бір категориялық түрі етіп отырған — септік жалғауларының мағыналық ортақтығынан гөрі қызметтік (сөз бен сөзді байланыстыру), мағыналық-қызметтік тек зат есім сөздерге жалғануы немесе басқа сөз табына жалғанса, оны заттандырып тұру қасиеті. А.Ысқақов : «Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен жалғастырып, селбестіріп тұратын тұлға және сөздердің жалғауларды қабылдау өзгерту жүйесін сөздердің септелуі деп немесе септеу деп атаса», « септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады»- деп қазақ тілі грамматикасында анықталады(1967).Профессор С.Исаев: «Септік жалғауларына зат пен оның іс-әрекеті, я зат пен заттың арасындағы субъектілік, объектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік-мезгілдік,көлемдік, амалдық-құралдық, себеп-мақсаттық сияқты қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы деген анықтама беруге болады.Септік жалғау жүйесінің күрделігі осында»- деп көрсеткен.

Қазақ тілінде септіктің жеті түрі бар. Жай септеу және тәуелді септеу деген түрлері бар. Қазақ тілінде септік жалғаулар өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде тиісті қызмет атқарады.Септік жалғау түрлері осындай үш түрлі сипаты арқылы , бір жағынан, жеке-жеке грамматикалық тұлға ретінде танылады, екінші жағынан, бұлардың жиынтығы парадигмалық жүйе ретінде септік категориясын құрайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2. А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты». Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

 

 

Лекция №6

 

Сын есім

1. Сын есім, оның лексика-грамматикалық сипаты.

2. Сын есімнің мағыналық түрлері.

 

   Сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктері мен сөз тудыру, сөз өзгерту амалының жүйесі жағынан да, синтаксистік қызметі мен қолданылуы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі өзіне тән ерекшелігі бар сөз табының бірі.

   Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру болып табылады. Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән әр алуан белгі бар. Атап айтсақ: қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік, тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшалардың бірі сын есімге қосылса, онда ол заттанып, субстантивтеніп кетеді. Сын есімнің бұл ерекшелігі оны зат есімнен бөлек, дербес сөз табы екенін айқындайды.

Мысалы: Жақсыға асық бол, жаманнан қашық бол. Ақтар мен қызылдардың алысып жатқан кезі еді. Қызылға қонған қарғадай.

2. Қазақ тіліндегі сын есімнің өзіне тән ерекшелігінің бірі – олардың морфологиялық формаларының, шырай жұрнақтарының болуы. Бұл формалар тек сын есімнің жеке өз басына тән де, сын есімнің бұл ерекшелігін көптеген түркологтар оны дербес сөз табы ретінде тануға басты критерий етіп ұсынады.

Көкше көктен гөрі көгірек тау екен.

Бұл -рақ,- рек формасы негізінен сапалық сын есімдерге ғана жалғанады, басқа сөз таптарында қолданылмайды, сондықтан да ол сын есімнің жеке бір белгісі болып саналады.

Сын есімнің тағы бір ерекшелігі – түркі тілдерінде олардың қап-қара, сап-сары тәрізді күшейтпелі формаларының болуы. Бұл күшейткіш форма сөз таптарының ішінен тек сын есімге ғана тән. Сондықтан күшейтпелі үстеме буын сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын белгінің бірі боп есептеледі.

Жап-жас бала екен. Тастай қап-қатты.Сап-сары екен.

4.Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі – сын есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, өз мағынасын жоймайды.

Жақсы бала жақсы оқиды — деген бірінші жақсы бала деген зат есімнің сапасын анықтаса, екінші жақсы қимылдың сапасын білдіреді.

Осы екі жерде де жақсы өзінің негізгі мағынасын сақтап, сын есім болып тұр.

Күшейтпелі мағынаны білдіретін өте, тым, аса, тіпті, орасан, ерекше, қас, керемет тәрізді үстеу сөздер сын есімдермен тіркеседі.

Сосын барып: соңғы кезде тым тәтті, тым жеңіл жазудан арылып келесің деп маңдайынан сипады. Сол жылдары ауылға ең бірінші болып келген солдат осы Атшыбай еді.

Семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай қазақ тіліндегі сын есімді сапалық және қатыстық сын есімдер деп бөлеміз.

Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, түр-түсін білдіреді, шырай тұлғаларымен түрлене алады.

Сапалық сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді.Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты — шырай тұлғаларымен түрлене алуы.

 

Қазіргі қазақ тілінде қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады. Қатыстық сын есімдер көбіне-көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа қатысын білдіреді.

Мысалы : Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп(Абай).

Қатыстық сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды немесе күрделі сөздер болып келеді.

Мағыналық жағынан қатыстық сын есімдер заттың сынын білдіре отырып, белгілі бір сапалық заттың екінші бір затқа, я ұғымға қатысын немесе сондай сапаның жоқтығын, яғни заттың түрі мен түсіне, сыры мен сынына, я ішкі қасиетіне, сол сияқты мезгіл мен мекенге тағы басқа сол тәріздес белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Сөйтіп, қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан жасалған туынды сөздер болып келеді.Қатыстық сын есімдердің бір тобы бір сөзде заттық белгінің бар екенін көрсетсе, екінші бір тобы керісінше оның жоқ екенін, ал үшінші тобы бір затқа, құбылысқа бейімділікті, икемділікті, төртінші тобы қимыл, «с-әрекетке, амалға, мекенге, мезгілге қатыстылықты білдіреді. Бұл мағыналардың қай-қайсы болсын морфологиялық көрсеткіштер арқылы беріледі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана .2002.

2. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.-Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

Лекция №7

 

 

С ы н е с і м н і ң ш ы р а й к а т е г о р и я с ы

 

1. Лексика-грамматикалық категорияның бірі — шырай категориясы.

2. Шырайдың түрлері, ол жайындағы көзқарастар.

3. Жай шырай проблемасы.

Шырай категориясы – басқа сөз таптарында жоқ, тек сын есімге ғана тән категория. Бірақ, біріншіден сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есімнің сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы: жақсы- жақсырақ, жап-жақсы, тым жақсы. Үлкен-үлкендеу, үп-үлкен,аса үлкен. Ал таулы- таулырақ, не тап-таулы, кешкі –кешкілеу, кеп-кешкі деп шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы — қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Сонда шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі сапалық сын есімге ғана тән. Екіншіден, сын есім – қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы. Яғни сын есім өзінің семантикалық, қызметтік ерекшелігі – зат атаулының әр түрлі сапалық, сындық белгілерін, түр-түсін, бір сөзбен айтқанда, заттың әр түрлі белгісін білдіретін сөздер болғандықтан,сөйлеу процесінде осы мәнде негізінен зат есіммен тіркесіп қолданылады.

   Шырай категориясы затқа құбылысқа байланысты біртектес, бірыңғайлас сынның, сапалық, белгінің түр-түстің сапалық сипаттың артық я кемдігін немесе тым артық я кем екенін білдіретін, белгілі қосымшалар үстелу немесе басқа тәсілдердің жүйелі жолдары арқылы жасалатын сапалық сын есімнің парадигмалық түрі. Сондықтан шырай категориясы, біріншіден, жалпы сын есім атаулының емес, тек сапалық сын есімнің, екіншіден, таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы боп табылады. Өйткені шырай қосымшалары сапалық сын есімдердің семантикасына өзгеріс енгізіп, қосымша реңк үстейді, семантикалық жағынан үлкен мен үлкендеу, үп-үлкен, өте үлкен бірдей емес. Бұл семантикалық сын есімнің реңдік мәні немесе белгілі реңінің бір көрінісі боп табылады.

   Қазақ тіл білімінде шырай түрлері туралы да бірыңғай пікір жоқ. Профессор А.Ысқақовтың еңбегінде жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай көрсетілсе, 1967 жылғы «Қазақ тілі грамматикасында» салыстырмалы, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай деп төрт түрлі шырай түрі аталған. Профессор С.Исаев шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетеді : салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. -Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

 

Лекция №8

 

Сан есім

1. Сан есім, оның лексика-семантикалық сипаты.

2. Сан есімнің морфологиялық сипаты.

3. Сан есімнің мағыналық топтары.

4. Сан есімнің синтаксистік қызметі.

    Қазіргі қазақ тіліндегі сан есім – дербес сөз табы. Ол басқа сөз таптарынан лексика – семантикалық, грамматикалық жағынан ерекшеленеді.

Сан есімнің лексика – семантикалық сипаты

   Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер – заттың немесе заттық ұғымдар мен құбылыстардың санын, мөлшерін, бөлшегін, ретін білдіретін сөз табы.

Тек Мағашты үш күндей оңаша алып отырып, арманым есітті. Жеті атасын білген ұл, жетті жұрттың қамын жер. Он төрт – он бес жасында –ақ тамаша әншілігімен даңқы шыққан. Жетінші тілек тілеңіз.

Осы сөйлемдердегі үш, жеті, он төрт – он бес, жетінші сан есімдері есім сөздердің санын, ретін, мөлшерін білдіріп, сандық белгісін анықтап тұр. Қазақ тіліндегі барлық сан есімдер жиырма шақты сөздер арқылы жасалады. Оларды бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар деп бөлуге болады.

 

Бірлік   1,2,3,4,5,6,7,8,9

Ондық   10, 20, 30, 40, 50, 60, 70, 80, 90

Жүздік100, 200, 300, 400, 500, 600, 700, 800, 900   

Мыңдық1000, 2000, 3000, 4000, 5000, 6000, 7000, 8000, 9000

      

   Миллион, миллиард сөздері түркі тілдеріне орыс тілдері арқылы енген. Қазақ тілінде қолданылатын түмен сөзі моңғол тілінен енген сансыз көп деген мағынаны білдіреді.

   Морфологиялық құрамы жағынан сан есімдер дара және күрделі болып екіге бөлінеді.

   Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есімдер деп аталады. Екінші тілек тілеңіз.

   Күрделі сан есімдер дара сан есімдердің тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалады.

Екі қызыл әскер шаршап – шалдығып келіп, бір –екі сағат дем алды.

   Сан есімнің негізгі бір ерекшелігі – басқа сөз таптарынан жасалмауы. Барлық сан есімдер есептік сан есімдердің өзара тіркесуі, қосарлануы, әр түрлі жұрнақтардың жалғануы негізінде қалыптасқан. Сан есім зат есіммен, заттанған сөздермен тіркесе келіп, оларды сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауыш болады.

Қазіргі қазақ тілінде семантикалық жағынан сан есімге жақын біраз сөздер бар:

 

— Салмақ өлшемдерін білдіретін сөздер: қадақ, пұт, келі, батпан.

— Көлем мөлшерін білдіретін сөздер: бір шымшым, бір уыс, бір тілім, бір құшақ.

— Қалыңдық өлшемін білдіретін өздер: пышақ сырты, шынашақ, бармақ, екі елі.

Қашықтық өлшемін білдіретін сөздер: адым, таяқ тастам, шақырым, көш жер, ат шаптырым.

Ұзындық өлшемін білдіретін сөздер: тұтам, сынық сүйем, кере қарыс, кез, аршын, құлаш.

Сан есімнің тура мағынасындағы сөздер:

Жарты мағынасын білдіретін сөздер: жарты, жарым.

Бір мағынасын білдіретін сөздер: жеке, дара, жалғыз, жалқы;

екі мағынасын білдіретін сөздер: егіз, қос, пар;

төрттен бір мағынасында: ширек сөз;

Уақыт мөлшерін білдіретін сөздер: сүт пісірім уақыт, шай қайнатым, биенің бір сауымындай уақыт.

Бұл сөздер мөлшерлік мағынада қолданылғанымен, лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай басқы сөз таптарына жатады.

Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері

   Сан есім дербес лексика – семантикалық ерекшеліктері, өзіндік морфологиялық белгілері, синтаксистік атқаратын қызметі бар сөз табы. Сан есімнің басқа сөз таптарынан негізгі айырмашылығы – зат есіммен тіркесіп сандық жағынан анықтау және зат есімсіз қолданылып, сандық атауды білдіру.

   Сан есім басқа сөз таптарынан жасалмайды.

   Сан есім контексте қолданылуына қарай заттың нақты санын, ретін, мөлшерін, бөлшегін білдіреді, сандық мағынаны тұспалдап, болжап көрсетеді. Осымен байланысты сан есімдерге сөзтүрленім жұрнақтарының жалғануы да біркелкі емес. Сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі сан есім болып бөлінеді.

Сан есімнің мағыналық топтары

Есептік сан есім

   Сан есімдер мағыналық ерекшеліктеріне қарай есептік, реттік, жинақтық, топтау, болжалды, бөлшектік сан есімдер болып бөлінеді. Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіріп, қанша? неше?- деген сұрақтарға жауап береді. Есептік сан есімнің арнайы грамматикалық көрсеткіштері жоқ , олар түбірден тұрады. Есептік сан есімдер құрылысы мен дәрежесіне қарай бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар болып бөлінеді. Есептік сан есім септік, көптік, тәуелдік жалғауларын қабылдағанда, заттың мәнге ие болып, зат есімнің қызметін атқарады. Атау септікте тұрып, тәуелденіп,тәуелденбей бастауыш бола алмады. Мен істедім дегенше, мың істеді десейші, мың істеді дегенше, ер істеді десейші.    Ілік септік жалғауын қабылдап, матаса байланысып анықтауыш болады. Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге. Атау септік, ілік септіктен басқа септіктерде тұрып, толықтауыш қызметін атқарады. Мыңды алған, бірде беріп Ақтабанды. Баяндауыш қызметін атқарады. Олар жүз сексен, біз жүз жиырмамыз.

Сан есім жатыс септігінде тұрып баяндауыш болады. Мұраттың жасы жиырма алтыда.

   Осылармен бірге септік сан есімдері төмендегідей тұрақты тіркестерде келеді: Бір саны: бір жасап қалу, бір киер. Бір қайнары ішінде, бір қыдыру, бір сабақ жіп, бір сырлы, бір шөкім, бір қайнатым.

 

Екі саны: екі дүниеде, екі жеп биге жету, екі жүзді, екі иығынан дем алу, екі арада шыбын өлу,екі көзі төрт болу, екі ұшты, екі еткізбеу, екі қолға бір күрек.

Үш саны: үш қайнаса сорпасы қосылмау, үш ұйықтаса түсіне кірмеу.

Төрт саны: төрт орыстың баласы, төрт аяғы тең жорға, төрт түлік мал, төрт көзі түгел, төрт тағандау.

Бес саны: бесаспап адам, бес бересі алты аласы жоқ, бесенеден белгілі, бес саусақтай білу.

Алты саны: алты қырдың асты, алтыбақан.

Жеті саны: жеті қабат жер асты, жеті ата, жетісін беру, жеті қоян тапқандай.

Отыз саны отыз күн ойын, қырық күн тойын қылу,отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарар.

Қырық саны қырықтың бірі қызыр, қырқын беру, қырық күн.

   Есептік сан есім өзге сөз таптарынан жасалмайды. Тілдің тарихи даму процесінде есептік сан есімдер арқылы сөзжасамның әр түрлі тәсілдері арқылы жаңа сөздер жасалады.

Реттік сан есімдер

   Қазіргі қазақ тіліндегі реттік сан есімдер белгілі заттар мен құбылыстардың орын тәртібі реттік жүйесін белгілеу үшін қолданылады.

Ұрысқа кіргеннің екінші күні еді. Ералы сол полктің қарауында үшінші ротада солдат болып істепті.

   Реттік сан есімдер дара және күрделі есептік сан есімдерге -ыншы, -інші,-ншы, -нші қосымшасы қосылып айтылу арқылы жасалады. Сол себепті құрылысы жағынан дара және күрделі болып келе береді. Реттік сан есімдер заттар мен құбылыстардың орын тәртібін анықтау үшін қолданылатын сөздер болғанымен сөйлемде қолдану реттеріне қарай субстантивті мәнге ие болуына байланысты әр түрлі сөз түрлендіруші грамматикалық формулаларды қабылдайтын, яғни, көптік, реттік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын қабылдайтын реттері бар.

Екінші бәйге оп-оңай, онан соң үшіншісі – күш сынасу (Сейфуллин). Мен біріншіні бітірдім, ол төртіншіде оқиды.

Сол сияқты, реттік сандар сөйлемде қолданылу мақсаттарына қарай түбір тұлға немесе шығыс септік жалғауының көнеруі арқылы қыстырма сөздер дәрежесінде қолданылады.

Бірінші, сіз ірі байлардың бірісіз (Мүсірепов).

Екіншіден, бергі жердің де жай – жапсары суреттелгенін көреміз (Ғабдуллин).

Үшіншіден, оны іздеп үстіне барудың ешбір қажеті жоқ.

Жинақтық сан есімдер

Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есімдер белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін жинақтап көрсету үшін және жинақтық абстракты сан ұғымдарын білдіру үшін қолданылады.Жинақтық сан есім -ау,-еу жұрнақтары арқылы жасалады.

Аласыға алтау аз, бересіге бесеу көп.

Жинақтық сан есімдер субстантивтенгенде септеледі, тәуелденеді, жіктеледі.

Колхозшылар жиналып,бұл екеуін қоршап алған.Екеуінің үйі қалаға көшкен,Үшеуінікі далаға көшкен.

Жинақтық сан есімдерден лексика-семантикалық,морфологиялық,синтаксистік тәсілдер арқылы біраз жаңа сөздер жасалған.

Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жаңа сөз тудыру негізінде біреу сөзімен байланысты.Біреу жинақтық саны контексте қолдануда көбіне кісі,адам сияқты мағыналарды білдіру мақсатында есімдікке ауысқан.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,мал сұрап,біреуді алдап, біреуді арбап(Абай).

Жинақтық сан есімдерден -ла,-ле не -лап,-леп қосымшасы арқылы жаңа сөздер жасалады.

Біз үшеулеп жазғанбыз.Олар екеулеп оқыды.

 

Синтаксистік тәсіл арқылы жаңа сөздердің жинақтық сандардың қосарлануы арқылы жасалады.

Екеуден-екеу түнгі пароходтың тұмсығында ішіндегі сырларын ақтарысты(Жансүгіров).

Топтық сан есімдер

   Қазіргі қазақ тіліндегі топтық сан есімдер белгілі бір заттар мен құбылыстардың өз ара теңбе-тең сандық мөлшерін білдіру үшін қолданылады. Топтық сан есімдер дара не күрделі есептік сан есімдер мен болжалдық сандарға –дан,-ден,-тан,-тен,-нан,-нен қосымшасын қосып айту арқылы жасалады.Бұл қосымша грамматикалық сөз түрлендіруші форма ретінде шығыс септігінің жалғауы боп танылғанымен,қазіргі қазақ тілінің нормасында ондай негізгі септік жалғау мағынасынан алшақтап, топтық мәнді сан есімдер қатарына,яғни морфология-синтаксистік тәсіл арқылы сөз жасаушы қосымша қатарына ауысқан.

Оннан,жүзден қосақтап,Аямай-ақ қырады.Көпір астындағы жүз жиырма жігітті қырық-қырықтан үшке бөлдім(Момышұлы).

Болжалдық сан есімдер

   Объективті өмірде зат,құбылыс атаулының барлық уақытта саны, мөлшері анық бола бермейді,сөйлеушіге заттардың саны нақтылы болмағанда оның шама, мөлшерін болжалдап қана айту тілде кең орын алады.Осыған байланысты тілде болжалдық сан есімдер қалыптасқан. Негізінен болжалдық сан есімдер тілімізде өте жиі қолданылады,оның жасалу мүмкіндігі де мол.

   Қазақ тілінде сол сияқты басқа түркі тілдерінде болжалдық сан есім жасайтын өзіндік аффикс жоқ.Бірақ басқа сөз таптарының қосымшалары болжалдық сан есімде мүлде жоқ,жаңа мән алғаны сөзсіз.

«Қазақ тілі грамматикасында» болжалдық сан есімдердің морфологиялық және синтаксистік тәсіл арқылы жасалатыны көрсетілген(1967).Бұл еңбекте морфологиялық тәсіл арқылы болжалдық сандардың үш түрлі жолмен жасалатындығы көрсетіледі:

1)-ер жұрнағы арқылы жасалады.

Олар бірер күн аялдады.

2)-дай,-дей жұрнағы арқылы.

Іште қырық-елудей кітап,ішегі жоқ бір домбыра жатты.

3)-даған,-деген жұрнақ арқылы жасалады.

Ондаған мың қазақтар ата-мекендерінтастауға мәжбірболды.

Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған болжалдық сан есімдер есептік сандардың өзара қосарлануы арқылы пайда болады деп көрсетіледі.

Оқудың біткеніне екі-үш күн болған еді.Аурухана бұл жерденқырық-елу километр.

Болжалдық мағына тілімізде сан есімдер мен астам, жуық, қаралы, тарта, таяу, шақты, сөздерінің тіркесе қолдануы арқылы да беріледі.

Батырдың қырыққа таяу келген жасы,Денесі биік жота, таудай басы(Сейфуллин).

Бөлшектік сан есімдер

   Қазақ тіліндегі бөлшектік сан есімдер белгілі бір заттар мен құбылыстардың бөлшектік үлесін, бөлшегін білдіреді.

Шекарадан тек төрттің бірі ғана өтті.

   Бөлшектік сан есімдер, негізінде таза математикалық ұғымдарға байланысты пайда болады да, тіркестегі сан есімдердің алғы компоненттеріне шығыс септік жалғаулары мен ілік септік жалғауларының үстемеленуі және соңғы компоненттеріне үшінші жақ тәуелдік жалғауларының қосылып айтылуы арқылы да беріледі.

Онда жарты миллиондай халық тұрады. Ол айына ширек сом да таппайды.

Сан есімдердің синтаксистік қызметі

   Сан есімдер сөйлем ішінде анықтауыштың қызметін атқарады. Себебі : сан есімдер сан мөлшерін, сан ретін, сан шамасын білдіру сияқты өздеріне тән негізгі қызметті атқарғанда, үнемі анықтауыш болады да,анықтайтын сөзінің алдында тұрады. Сөйлемде сан есімдермен қабыса, жанаса байланысатын сөздер ылғи сан есімдерден кейін орналасады. Бұл заңдылыққа тек жинақтық сандар бағынбайды.Сан есімдер субстантивтенген жағдайда сөйлемнің барлық мүшелерінің қызметін атқарады.

Шолпан ол кезде төрт балалы әйел еді. Екеуі жүгіріп үйге кірді. Үшеуін үйіне Мария апай қонаққа шақырды. Қоймаға үш машина астық төгілді.

Бес жерде бес — жиырма бес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2. А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты » .Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы : Білім. 1967. 1 том.

5. Қазіргі қазақ тілі. Алматы.2005.

6. Н.Оралбаева.Қазақ тілінің морфологиясы.Алматы.2007.

 

Лекция № 9

 

Есімдік

1.Есімдік, оның лексика-семантикалық сипаты.

2.Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері.

3. Есімдіктің синтаксистік қызметі.

4. Есімдіктің мағыналық топтары.

   Сөздерді таптастырудың белгілі жүйеге түсіп қалыптасқан негізгі үш принципіне сай, қазақ тіліндегі есімдіктер де лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық ерекшеліктері және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы боп бөлінеді.
Лексика-семантикалық сипаты.

   Есімдіктерді дербес сөз табы деп тануда негізінен лексика-семантикалық принцип негізге алынады. Өйткені есімдіктердің мағыналары өзге сөз таптарының мағыналарына қарағанда көптеген өзіндік ерекшеліктермен оқшауланып, айрықша көзге түсіп тұратын мағыналар боп келеді.Есімдіктер мағыналары тым жалпы сөздер. Есімдік сөздер сөйлемнен тыс жеке-дара тұрғанда немесе сөйлем ішінде қолданылғанымен өзіне қатысты басқа сөздер және оқиғалардан бөлек алынғанда, мағыналары қашан да дәл нақтылы болып келмей, өте жалпылама қалыпта кездесіп отырады.

«Мен» деген есімдік түптеп келгенде «1 жақ сөйлеушіні», «сен» деген есімдік» 2жақ тыңдаушыны», «кім?, біреу — дегендер әйтеуір «адам»,» ештеңе — бір «зат» сияқты жалпылама берілетін ұғымдарды ғана көрсетеді. Бұлардың түп негізінде «сөйлеуші», «тыңдаушы», «адам», «зат» деген ұғымдар аңғарылғанмен, олар нақтылы түрде айқын, анық бола бермейді,өте жалпылама қалыпта ұғынылатын мағыналар есебінде беріледі.

   Есімдіктердің тым жалпы мағынада қолданылуын, әрине олардың реальдық нақтылықтан қаншалық алшақтап , қаншалықты абстракциялану дәрежесіне жету шегінің көрінісі деп ұғынған жөн. Есімдіктердің жалпылама мағыналары белгілі сөйлемдерде, контексте қолданылу ретіне қарай сөз тіркестері мен сөйлемдерде берілген ойдың жүйесіне қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие боп отырады.

Есімдік сөздердің мағыналық ерекшелігінің келесі бір өзіндік белгісі — олардың әрқашан субьектімен байланыста болуы. Есімдік сөздер әрқашан сөйлеуші немесе сөйлемдегі субстанцияларға, құбылыстарға,олардың сапалары мен қасиеттеріне қатынасын көрсетуші сөздер боп саналады. Бұл қатынастар есімдіктердің өз ішінде тікелей нұсқау, аралық қатынас, белгісіздік сияқты боп келеді.

 

Морфологиялық ерекшеліктері

   Есімдіктердің мағыналары тым жалпы болғанымен, олар түптеп келгенде зат және заттық белгі деген ұғымдармен ұштасып, жалпы зат не заттық белгі деген ұғымдарды білдіріп, сол ұғымдардың жалпы түрдегі атауы боп келеді. Сондықтан да олардың осы заттық және заттық белгісі деген ұғымдарды жалпылама болса да, бойына сақтау қасиетіне байланысты есімдіктер атауыш сөздер қатарына жатады. Есімдіктер түгел алғанда жалпы атауыш сөздер болып саналады да, ол атаулық қасиет ішінара күрделі екі жікке бөлінеді. Мен, сен, не,кім есімдіктері – заттық ұғымдығы сөздер зат атаулары, бұл, сол, қай есімдіктері заттың белгісі ұғымындағы сөздер – белгі атаулары боп шығады. Осы мағыналық жіктер өз тарапынан есімдік сөздерді біріншіден заттық ұғымдағы сөздер – субстантивтік есімдіктер, екіншіден заттың белгісі ұғымындағы сөздер — атрибутивтік есімдіктер деп екі салаға бөлінеді. Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздер тобына қосылады. Осы негізгі екі жік есімдіктердің түрлену жүйесінде негізгі жетекші роль атқарады. Мысалы субстантивтік есімдіктер қолданылу ретіне қарай зат есім сияқты көптеледі, тәуелденеді, септеледі, жіктеледі, ал атрибутивтік есімдіктер дәл өз мағынасында түрлену формасының ешқайсысын қабылдамайды. Түрлену формалары атрибутивтік есімдіктерге тек субстантивтенген жағдайда ғана яғни заттық ұғымға ие болғанда ғана қосыла алады.Есімдіктердің өзге сөз таптарынан бөліп, жекелеп тұратын морфологиялық ерекше белгі – есімдіктердің бәріне бірдей, бәріне ортақ заңдылық — бір формалар немесе өзгерту тәсілдерінің жоқтығы. Бұл олардың екі жікке бөлінуіне байланысты.

Синтаксистік қызметі

   Субстантивтенген есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесі бола алады, ал атрибутивтік есімдіктер анықтауыштық қызметке бейім тұрады. Сөйлемнің өзге мүшелерінің қызметін субстантивтенген жағдайда атқарады.

   Есімдік сөздердің жалпы синтаксистік бір ерекшелігі, есімдіктердің өзіне бағыныңқы сөздері болмайды. Яғни есімдіктер сөйлемде қолданылғанда, ешқашан өзіне тән анықтауыш немесе пысықтауыш мүшелерін қажет етпейді. Сонымен, қорыта айтқанда, есімдіктер – мағыналары тым жалпы, контексте қолданылу мақсатына қарай әр түрлі нақтылы мағыналарға ие болатын, субьективті-обьективтік нұсқаушы сөздер.

 

Есімдіктердің түрлері

Есімдіктер мағыналық ерекшеліктері жағынан жеті топқа бөлінеді.

1. Жіктеу есімдіктері.

2. Сілтеу есімдіктері.

3. Сұрау есімдіктері.

4. Өздік есімдіктері.

5. Жалпылау есімдіктері.

6. Белгісіздік есімдіктері.

7. Болымсыздық есімдіктері.

 

Жіктеу есімдіктері

   Жіктеу есімдіктері әрқашан белгілі бір жақты көрсету үшін қолданылатын сөздер боп саналады. Сол себепті олар үнемі адаммен байланысты, яғни сөйлеуші, тыңдаушы, бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты. Мысалы: мен — 1жақ сөйлеуші, сен – 2 жақ тыңдаушы, ол – 3 жақ бөгде кісі деген ұғымдарды ұғынамыз.

Мен — сөйлеушіні көрсетуші; Сен – тыңдаушыны көрсетуші ; ол – бөгде кісіні көрсетуші ; Біз – сөйлеушіге тән топты көрсетуші; Сендер – сөйлеушінің сөзі арналған топты көрсетуші ; Олар – бөгде топты көрсетуші.

   Жіктеу есімдіктері өздерінен басқа да сөздермен жалғастырып байланыстыратын әрқилы морфологиялық түрлендіруші формаларды қабылдай алады. Жіктеу есімдіктері өзінің негізгі жақтық мағынасында қолданылғанда, тәуелдік жалғауларының тек абстракциялы меншікті білдіретін түрі – нікі, — дікі қосымшаларын қабылдайды.

Менікі де кетті. Сенікі жөн. Оныкі емес.

Есімдік қай жақта тұрса, оған сол жақтың ғана жіктік жалғауы жалғанады.

Мысалы : менмін, сенсің, бізбіз.

Сөйлемде бастауыш жіктеу есімдіктерінің бірінен болса, баяндауышпен жақ жағынан қиысып тұрады.

Мен жылы сөзді осы күнгі Ахмет деген кісіден естідім.

Жіктеу есімдіктерінің бәрі де септік жалғауларын қабылдайды .

Атау септік : мен, біз;

Ілік септік : менің, біздің ;

Барыс септік : маған, бізге;

Табыс септік : мені, бізді ;

Жатыс септік : менде, бізде;

Шығыс септік : менен, бізден;

Көмектес септік : менімен, бізбен ;

Жіктеу есімдіктері сөйлемде бастауыш, баяндауыш, толықтауыш қызметін атқарады. Пысықтауыштық қызмет жіктеу есімдіктеріне тән қасиет болып саналмайды.

Сілтеу есімдіктері

   Сілтеу есімдіктеріне тән сөздердің негізгі лексикалық мағыналары аралық қатынастарды көрсету болып табылады. Сол себепті сілтеу есімдіктері әрқашан сөйлеушіге не сөйлемдегі субьектіге субстанциялар мен құбылыстардың әр алуан жақын не алыстық сияқты аралық қатынастарын білдіріп отырады.

Анау – қалмақтың иті, мынау – қасқыр тымақтың иті.

   Сілтеу есімдіктері аралық қатынастарды білдіру жағынан ішінара жақын-алысырақ, алыс-жақынырақ сияқты қарама-қарсы мағыналарда қолданылатын сөздер болып бірнеше жікке бөлінеді. Сілтеу есімдіктері кез келген бірыңғай немесе әр қилы субстанциялар мен құбылыстардың ішінен белгілі біреуін даралап бөліп алып, соған тыңдаушының көңілін аудару мақсатында қолданылады.

Үндемей жүріп мына Әбіш бәрінен озды. Ана бір Ахметжан, Құлтас деген қулар бар, бәрі қосылып қыздың басына ерік қағазын алыпты.

Осы мысалдардағы мына, ана сөздері кісі біткеннің ішінен белгілі бір кісіге ғана, тыңдаушының көңілін аударып тұрғаны айқын көрінеді.

Сұрау есімдіктері

   Сұрау есімдіктері заттар мен құбылыстардың атын, санын, сапасын, мекенін, мезгілін, амалын білу мақсатында айтылатын сөздер. Сұрау есімдіктеріне кім, не, қай, қандай, қалай, қайда,қайдан, қашан, қанша, неше, нешінші, қаншасы сөздері жатады. Демек, сұрау есімдіктерінің мағыналары тым жалпы түрде берілетіндіктен кім?, не? сияқты субстантивтік және қай?, қайсы? деген атрибутивтік сөздерден тұрады.

Сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей тән өзіндік ерекшелік деп айтарлықтай бірыңғай морфологиялық түрленуі не синтаксистік қызметі жоқ. Олар қай сөз табына байланысты сұрала айтылса, сол сөз табының орнына қолданылады. Сондықтан олардың грамматикалық формалары мен синтаксистік қызметтері сол жауап боларлық сөздерінің қасиеттеріне байланысты ғана белгіленеді. Мысалы : кім?, не? сөздері зат есімше түрленіп, солардың қызметін атқарса, қай?, қандай? сөздері — сын есім, қалай?, қайда?, қайдан?, қашан? Сөздері – үстеулер, қанша?, неше?, нешінші? Сөздері – сан есімдер сияқты түрлену формаларын қабылдап, синтаксистік қызметтері де сол сөз таптарымен бірдей боп келеді. Демек, сұрау есімдіктердің өзге есімдік сөздерден бөліп алатындай іштей грамматикалық бірлігі болмайды. Белгілі бір формалар не қызметтер арқылы бастары бірікпейтін сөздер боп саналады. Сұрау есімдіктерінің басын қосып, біріктіріп тұратын негізгі белгі – олардың сұраулық мәнде қолдануы. Сөйлемнің жалпы мағыналық ерекшелігіне және қолданылу өзгешелігіне қарай сұрау есімдіктері кейде өзінің негізгі сұраулық мағынасын бермейтін кездері байқалады. Яғни заттар мен құбылыстар амал, мекен, мезгіл ұғымдар дәрежесінде қолданылады. Ондайда бұл есімдіктерге жауап болатын сөздер қажет етілмейді, ол жауап сұрау есімдігінің өз бойынан жалпылама түрде сезілетін заттық және белгілік, мекендік, мезгілдік, экспрессивтік мағыналар арқылы беріледі.

Не дерімді білмедім. Тұратын үйлері қандай!

Тәуелдік жалғаулары сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей жалғанбайды. Мәселен : қай?, қашан?, неше?, қалай? деген сұрау есімдіктері мүлде тәуелденбейді. Кім?, не?, нешеу? сөздері тәуелденеді.

Жіктік жалғаулары сұрау есімдіктерінің ішінен тек кім?, қандай?,қалай?, қайсы? сөздеріне ғана жалғанады.

Септік жалғаулары да сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей жалғана бермейді. Қандай?, қалай? Есімдіктері мүлде септелмейді. Неше?,қанша? сөздері барыс, жатыс, шығыс, қашан? барыс, шығыс, қай? жатыс, шығыс жалғауларын ғана қабылдай алады.

Сұрау есімдіктерінен кім, не, қайсы, нешеу сөздері септеледі.

Көптік жалғауы кім, не, қайсы, неше сөздеріне ғана жалғанады. Сұрау есімдіктері сөйлем мүшелерінің бәрінің де қызметін атқара алады. Кім, не және тәуелденген сұрау есімдіктері бастауыш болады, қай сөзі ешқашан баяндауыш қызметін атқармайды. Қашан, қалай есімдіктері тек пысықтауыш болып келеді.

Өздік есімдіктері

Өздік есімдіктері – сөйлеушіні не сөйлемдегі субъектіні өзге субстанциялар мен құбылыстардан бөліп алып көрсетуші сөздер.

Түркістанға ертең жүретінімді естігенімде, барамын деп келіскеніме өзім өкіндім. Я құдайым аққа жақ,өзіңе аян, мен нақақ. Өзі қайда бара жатқанын білмеген адамның естігенінен ұстаушылар қайдан жол табады.

Бұл сөйлемдерде : өзім есімдігі — сөйлеушіні, өзіңе есімдігі – тыңдаушыны, өзі есімдігі – бөгде кісіні сөйлемдегі өзге субстанциялар мен құбылыстардан бөліп алып, көрсетіп тұр.

Өздік есімдіктеріне тәуелдік жалғаусыз қолданылмайтын өз түбірінен тараған өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өзіміз, өздеріміз, өздеріңіз, өздері деген сөздер жатады.

   Өздік есімдігінің бұл тәуелдік жалғаулары кейде түсіп қалып, кейде толық сақталған күйде қолданылады. Мәселен, ілік септігіндегі өздік есімдіктері зат есімдердің алдында қолданылғанда көбіне ілік жалғаулары мен тәуелдік жалғаусыз айтылады.

Өз ойымды айтып қоя берем. Өз басыңа түскен іске қара. Жамал өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды.

Осы сөйлемдерде өзімнің, өзіңнің, өзінің деген толық түріндегі сөздерден қысқарған тұлғалар. Кейде бұл формалардың толық түрі сақталып қолданады.

Өзінің шешесі Шолпаннан басқа ешкім көрінбейді. Өзіңнің костюмің бар ма?.

   Өздік есімдіктерінің ілік септік формаларының толық сақталып қолданылуы кейде олардың екінші сыңарларының тәуелдік жалғаулары түсіріліп айтылуының әсерінен де болып отырады.

Өзіміздің өкімет орнады. Өзіміздің үй екен. Пристап өзіміздің кісі екен.

Осы сөйлемдердегі өздік есімдіктерінің толық формада айтылуы «өкіметіміз», «үйіміз», «кісіміз» сөздерінің қысқарған түрде қолданылуының әсерінен болып тұрған заңдылық.

Форманың толық сақталуы кейде сөйлеушінің меншіктілікке баса көңіл аудару мақсатында қолданылған өздік есімдіктерінде кездеседі.

Өзгенің қуанышына қуана білу өзіңнің қуанышыңды ұмыту емес қой. Көкетай, бір ашуыңды берші. Өзіңнің інің ғой.

   Өздік есімдіктері әрқилы морфологиялық сөз түрлендіруші формаларды қабылдайды. Ол формалар әрқашан өздік есімдігіне қосылып айтылатын тәуелдік жалғауларының үстіне үстемеленіп отырады.

Өздік есімдігіне тәуелдік жалғауларының –нікі, -дікі, -тікі формасы жалғанып қолданылады. Пышақ өзімдікі. Өзімдікін айтсайшы.

 

Өздік есімдіктеріне жіктік жалғаулары жалғанады. Өз есімдігі тәуелденіп барып жіктеледі. Мысалы : өзіммін, өзімсің, өзімізсіз, өзім.

Кейде жіктеу есімдіктері өздік есімдіктерімен тіркесіп қатар жұмсалады. Ондай кезде, өздік есімдік тәуелдіктің қай жағында тұрса, тіркесетін жіктеу есімдігі де сол жақта қолданылады.

Мен өзім елге бармағаныма төрт-бес жыл болды. Сен өзің ақымақ екенсің ғой?. Я біз өзіміз де солай деп ойлаймыз.

Өздік есімдіктеріне септік жалғаулары тәуелденген зат есімдердің септелу ізімен жалғанады. Мысалы: өзімнің, өзіме.

Өздік есімдіктері сөйлемде пысықтауыштан басқа мүшелердің бәрінің қызметін атқара алады.

Жалпылау есімдіктері

   Жалпылау есімдіктері деп белгілі бір заттар мен құбылыстардың жиынтығына немесе толық қамтылуына нұсқай айтылатын жинақты –жалпылау мағынадағы сөздерді айтамыз. Олар кем дегенде екі заттың немесе толып жатқан біркелкі не әрқилы заттар мен құбылыстардың жиынтығын жалпылай көрсете алатын сөздер болып келеді.

Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа –сайман, арба – шана, киім – кешек, ыдыс – аяқ бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Уақыт ханның да, қайыршының да, баршаның әміршісі ғой.

Жалпылау есімдіктерінің ішінен «бәрі» сөзі атау формада субстанциялық ұғымды білдіреді де, басқалары өзінің негізгі формасында қолданылғанда атрибуттық ұғымды білдіреді.

Қазақтың бар мұңы сиязда тұрған жоқ. Бұл кеше жалғыз қазақтарға ғана емес, барша келген адамдарға, бір түрлі көңілді көрінген.

Тәуелдік жалғауларының үстемеленуі арқылы жасалынған кейбір жалпылау есімдіктері субстантивтік мәнде қолданылады.

Бір пулемет,қанша ат-арба, қанша киім,қанша ақша – баршаларын олжа қылған.

Ал, бүкіл, бүтін, күллі,тамам жалпылау есімдіктері тек атрибутивтік қалыпта қолданылады.

Бүкіл жұрттың істеп жүрген істерінің бәрі дұрыс бола бермейді. Тамам қазақ малын есеп қылса, бір шаңыраққа 20 ат есебі мал қазынасы келеді.

   Жалпылау есімдіктері сөйлемде қолданылу ретіне қарай сөз түрлендіруші грамматикалық формаларды қабылдайды. Бірақ ол заңдылықтар жалпылау есімдіктерінің барлығына тән қасиет емес. Мәселен : жалпылау есімдіктерінің бар, барлық, барша, бәрі түрлеріне ортақ тәуелдеу түрінде болмаса, жекеше түрінде жалғанбайды.

Мынау қымбатшылық баршамызға мағлұм. Бәрің де ойнауға келдіңдер ғой! Қыздың әке-шешесі, туысқандары, бәрі шұбырып келді.

Ал атрибутивтік мәндегі бүкіл, күллі, тамам есімдіктері тәуелденбейді. Жіктік жалғаулары жалпылау есімдіктеріне мүлде жалғанбайды. Жалпылау есімдіктерінің ішінде тек субстантивтенген түрлері ғана тәуелденіп барып септеледі. Ол септелудің жүйесі тәуелдеулі зат есім сөздер жүйесімен бірдей боп келеді.

Жалпылау есімдіктерінің сөйлемде негізінен анықтауыш қызметінде жұмсалады. Ал субстантивтік мәнде қолданғанда бастауыш, толықтауыш қызметтерін атқарады. Бірақ жалпылау есімдіктері ешқашан пысықтауыш қызметін атқармайды.

Б е л г і с і з д і к е с і м д і к те р і

   Заттар мен құбылыстарды және олардың сан, сапа белгілерін, мекен, амал тағы басқаларын анық етіп ашып айтпай, тұспалдап қана көрсететін, яғни мағыналарды нақтылы түрде берілмей, белгісіз мәнде айтылатын есімдіктің түрі – белгісіздік есімдіктері деп аталады.

 

Біреу желіп, біреу шоқытып келеді. Ол бірдеңе десе, Шолпан айтар еді. Кейбір қомағайлар шашалып қалса керек.

Белгісіздік есімдіктері шығу төркіні, жасалу жолы жағынан күрделі екі салаға бөлінеді.

1) Кейбір сөздердің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтай келе белгісіз мағыналарға ие болып, сол негізде белгісіз есімдіктері қатарына ауысуы жолымен пайда болған сөздер, яғни лексикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер. Бұған сан есімдерден ауысқан бір, біреу сөздері және кей сөзі, сонымен қатар араб тілінен ауысқан әр, әлде, пәлен сөздері жатады.

2) Белгілі бір сөздердің өзара бірігіп қолданылуы арқылы жасалған, яғни синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сөздер.

Бұған негізінде лексикалық жолмен жасалған бір, біреу, кей, әр, әлде есімдіктеріне сұрау есімдіктері мен кейбір белгісіздік есімдіктерінің өзара бірігіп айтылуы арқылы жасалынған бірдеңе, бірнеше, бірнәрсе, кейбір, кейбіреу, әлдекім, әлдене,әлденеше,әлденеме,әлдеқайда, әлдеқашан, әлдеқалай,әлдебір, әлдебіреу,әркім,әрне, әрнәрсе, әрқайсы,әрбір сөздері жатады. Белгісіздік есімдіктерінің бәріне бірдей тән өзіндік ерекшелік деп айтарлықтай морфологиялық түрлену формасы не синтаксистік қызметтері де жоқ. Олар әрқайсы мағыналық тегі жағынан қандай сөздер екеніне және қай сөзбен біріге қолданылуына байланысты әр түрлі сөз таптарына бейім келеді. Сол себепті олардың грамматикалық өзгеру формалары мен синтаксистік қызметтері соларға үйлес кеп отырады.

1-ден : бір,кей, әр, пәлен, әлдеқайда есімдіктері сын есімше қызмет атқарады.

Әр ауылдың, әр күйдің бір қазан бұзары, бір биі болады ғой. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адам болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмады.

Бұл сөйлемдерде белгісіздік есімдіктері қай? –сұрағына жауап беріп, анықтауыш қызметін атқарған.

2-ден : біреу, әлдене, әлдекім, кейбіреу,әркім, әрнәрсе, әрнеңе есімдіктері зат есімше түрленеді. Сөйлемде бастауыш, толықтауыш, анықтауыш қызметтерін атқарады.

Біреу есікті қақты. Әркімнің бетіне қарай құбылып, өз пікірін әсте сездірмеуші еді.

3-ден: бірнеше, әлденеше есімдіктері сан есімдердің орнына жұмсалып, анықтауыш қызметінде қолданылады.

Бірнеше жоба көрсетілді. Әлденеше әндер орындалды.

4-ден : әлдеқайда, әлдеқашан,әлдеқалай есімдіктері үстеу сөздерге бейім болып келеді.

Ойы бөлініп, қиялы әлдеқайда отыр еді. Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар барын айырған,әр дыбысқа белгілеп таңба айырған. Әлдеқайда алыста бұлдырлап келе жатқан кәрілік.

Бұл сөйлемдерде белгісіздік есімдіктері пысықтауыш қызметін атқарған.

Бұған қарағанда, белгісіздік есімдіктерінің басын қосып, оларды біріктіріп топтай алатын негізгі белгі – олардың әрқашан белгісіз мағынада қолданылуы боп саналады.

Белгісіздік есімдіктері қолданылу мақсатына қарай әр түрлі сөз түрлендіруші грамматикалық формаларды қабылдайды. Бірақ олар белгісіздік есімдіктерінің бәріне біркелкі жалғана бермей, олардың атрибутивтік не субстантивтік қалыпта қолдануына байланысты жалғанады.

1) Тәуелдік жалғаулары белгісіздік есімдіктерінің әлде, әр, пәлен, әлдекім, әлдеқашан,әлдеқалай, әркім сияқты түрлеріне жалғанбайды. Бірнеше, бір, біреу, кей, кейбір сияқты түрлері тек ортақ тәуелдеу түрінде ғана тәуелдік жалғауларын қабылдайды. Белгісіздік есімдіктерінің өзге түрлері жеке және ортақ тәуелдік жалғауларын қабылдай алады.

Алдағылардың бірі омақаса жер қауіп еді. Жігіттердің бірсыпырасы жалт берді, кейбірі аттың жалын құшты, кейбірі түсе қалды. Машинаның бірдеңесі сынды да қалды

2) Белгісіздік есімдіктері жіктік жалғауларын қабылдамайды.

 

3) Көптік жалғаулары тек бірдеңе, бірнәрсе, біреу, әлдекім , әлдене, әркім, әрнеңе, кейбіреу сияқты түрлеріне жалғанады.

Қараңғыда бірдеңелер елестейді. Біреулер хат жазып, біреулер дойбы ойнап отыр. Қартқожаның ойына әлденелер келді.

4 ) Септік жалғаулары белгісіздік есімдіктеріне біркелкі жалғанбайды. Атрибутивтік қалыпта қолданылатын әлде, әр, пәлен, әлдеқалай есімдіктері ешқашан септік жалғауларын қабылдамаса, әлдеқашан, әлдеқай есімдіктері әлдеқашаннан, әлдеқайдан, әлдеқайда түрлерінде қолданылады.

Аққу әлдеқайда алыста алтын сәуле көреді. Оның өлетінін мен әлдеқашаннан білетін едім. Бір кезде маған әлдеқайдан жаңа ой сап ете түсті.

Ал бір, бірнеше, кей, кейбір, кейбіреу, әлденеше, әрбір есімдіктері тәуелденіп барып, септік жалғауын қабылдайды.

Кейбірінің ерні қыбырлады, кейбірі иек көтерді. Сендердің біріңді ала, біріңді құла көреді дейсің бе? Бірінің астында семізден қатқан қара аты бар, бірінікі – тор байтал. Кейбірінде бытыра, шиті.

Белгісіздік есімдіктері сөйлемнің барлық мүшелерінің қызметін атқарады. Бірақ соның өзінде олардың іштей субстантивтік және атрибутивтік сөздер болып келуіне байланысты кейбір сөздердің қызметтерінде ерекшеліктер кездеседі.

 

Б о л ы м с ы з д ы қ е с і м д і к т е рі

   Болымсыздық есімдіктері жалы болымды мағыналарға қарама-қарсы болымсыздық мағыналарда қолданылады. Есімдіктердің бұл түріне еш, ешкім, ештеңе, ешнәрсе, ешбір, ешқайсы, ешқандай, ешқашан, бір де, бірде бір, дәнеңе, түк, дым деген сөздер жатады.

Болымсыздық есімдіктері үш түрлі тәсілмен жасалады:

1) лексикалық

2) морфологиялық

3) синтаксистік

   Лексикалық тәсіл өзінің негізгі лексикалық мағыналарынан алшақтау нәтижесінде болымсыздық есімдіктер қатарына ауысқан сөздерді қамтиды. Бұл тәсілмен жасалған болымсыздық есімдіктер – түркі тілдерінің төл сөзі түк, дым есімдіктері және парсы тілінің еш сөзі.

Түк білмейміз, соқырмыз. Ақсақалдар дым бітіре алмады. Жол іздеген адам еш орнынан таба алмайды.

Синтакистік тәсіл есімдіктердің басқа түрлеріне болымсыз мағынадағы еш сөзінің бірігуі арқылы жасалады. Бұған ешкім, ештеңе, ешнәрсе, ешқашан, дәнеңе болымсыздық есімдіктері жатады.

Бұл әнді Әмірқандай ешкім сала алмайды. Ұялсам да ештеңе дей алмадым. Ыстық сорпадан басқа ештеңе татып алмайды.

Болымсыздық есімдіктерінің түрлену жүйесі әрқилы. Болымсыздық есімдіктері жіктік жалғауларын және көптік жалғауларын тікелей қабылдамайды. Көптік жалғаулары тек тәуелдік жалғаулармен бірге жүріп қана қосылады. Онда да ештеме, ешнәрсе, ешқайсысы,дәнеңе,түк есімдіктеріне жалғанады. Бұның өзінде де болымсыздық есімдіктерінің жекеше түріне түгел жалғана бермейді.

Оның дәнемесі жоқ .Менен басқа ешкімі жоқ.

Субстантивтік ешкім, ештеңе, ешнәрсе, дәнеңе, түк есімдіктері септеледі. Атривутивтік ешбір,ешқандай, бір де бір есімдіктері жай түрінде жекеше, көпше болып та септелмейді. Ал тәуелденген кезде жекеше түрінде ғана 2-3 жақтарда септеледі.

Болымсыздық есімдіктері әр уақытта болымсыз сөйлемдерде қолданылады.

1) Сөйлемнің баяндауыштары -ма,-ме болымсыз жұрнақтармен қамтамасыз етіледі.

Күнекей күйеуінің келуіне түк айтпады.Өзіңізден басқа ешкім болмады ма?

 

2) Болымсыздық есімдіктері сөйлемнің баяндауышы «жоқ» сөзімен қамтамасыз етілуін қажет етеді.

Дәнеңе жоқ. Ешқандай үн жоқ. Осы үйде дым жоқ.

3) Болымсыздық есімдіктері сөйлемнің баяндауыштары «емес» құрамды болуын қажет етеді.

Ол ештеңе емес.Бірақ ойымда ешқашан арамдық болып көрген емес.

Болымсыздық есімдіктері сөйлемде барлық сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2. А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты » . -Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

5. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.2005.

6. Н.Оралбаева.Қазақ тілінің морфологиясы.- Алматы.2007.

 

Лекция № 10

 

Етістік туралы жалпы түсінік

1. Етістік, оның лексика-семантикалық ерекшелігі.

2. Етістіктің семантикалық топтары, оны ғалымдардың топтау жүйесі.

3. Етістіктің морфологиялық сипаты.

 

Қазіргі қазақ тілінде етістік – ең күрделі сөз табының бірі. Бұл оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасынан және оған үстелетін грамматикалық формаларының қат — қабаттылығынан және олардың арақатынасынан, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен, лексико-грамматикалық қасиеттерінен байқалады.

   «Заттың қимылын, күйін, белгінің, көңіл-күйдің, қарым-қатынастың қимыл түрінде өзгеру процессін білдіретін сөздер етістік деп аталады» — деп анықтайды Ы.Маманов.

Қазақ тілінде етістіктің құрылымын жақсы түсіну үшін оның көптеген сөз тудырушы және форма тудырушы аффикстерін, олардың түрлі грамматикалық қызметтерін — функцияларын осы тілдің өз тұрғысынан, аглютинативтік ерекшелігін ескере отырып айыру керек. Етістіктің түбір сөздерге әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жасалуын синтетикалық тәсіл деп көрсетсек, сөздердің тіркесуі арқылы яғни аналитикалық тәсілмен жаңа мағыналы қимылдық ұғым тудыратын сөздер де жасалатындығын есте сақтаған жөн. Етістіктің лексика-семантикалық мағынасы мен формаларының байлығы оның өзіне тән әр алуан лексика-семантикалық,лексика-грамматикалық және грамматикалық категорияларынан тіпті айқын көрінеді. Мәселен, етістіктің өзіне лайық сөз тудыру жүйесі, ол жүйенің неше қилы формаларымен қатар, өзіне ғана тән сөз түрлендіретін де формалары бар. Ал шақ, рай, етіс, амалдың жүзеге асу сипаты сияқты категориялары – етістіктің семантикасы жағынан ең бай формалары, сондай-ақ етістіктің өзге семантикалық және морфологиялық формаларынан мазмұндары да, тұрпат түрлері де өзгеше есімше, көсемше деп аталатын категориялары бар. Бұлар бір жағынан етістікті басқа сөз таптарынан ерекшелендіретін формалар болса, екіншіден, солармен ұштастыратын айрықша функциялары бар категориялар. ( Кей ғалымдар есімше мен көсемшені етістіктің айрықша түрлері деп қарастырады). Сонымен қатар болымдылық және болымсыздық, сабақтылық және салттылық категориялары да бар.

Етістіктің лексика-семантикалық сипаты.

Тілімізде қанша сөзді етістік деп танысақ, солардың әрқайсының өзіне тән лексикалық мағынасы болады. Сөйте тұра олардың лексикалық мағынасы қаншалықты өзгеше болғанымен, сол етістіктердің бәрі де ең алдымен өздерінің бір ортақ сипаттарына байланысты бір сөз тобына телінеді.

Ы.Маманов етістіктерді мағынасына қарай топтастырып, сегіз топқа бөледі:

 

1) Іс-әрекеттік қимылды білдіретін етістіктер: жазу, сызу, көру, жұлу.

2)Қозғалыс-қимылын білдіретін етістіктер: жүгіру, еңбектеу, домалау, жорғалау.

3) Қалып-күй процесстерін білдіретін етістіктер: ауру, ұйықтау, тұру, отыру, жату, тынығу.

4) Көңіл –күйді білдіретін етістіктер: қайғыру, мұңаю, қуану, ренжу.

5) Сапалық белгінің өзгерісін білдіретін: ұзару, қысқару,сарғаю,ағару, азаю,көбею.

6) Еліктеу-бейнелеу етістіктері : жылмыңдау,қылмыңдау, пысылдау, ыңқылдау.

7) Туу, өсу қимылын білдіретін етістіктер : балалау, құлындау, қоздау, боталау.

8) Субъективтік реңді етістіктер : азсыну, кісімсу, көпсіну.

А.Хасенова етістіктерді алты семантикалық топқа бөледі :

1) Объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер : іш, же, майла, боя, ұр, соқ, жүр, көр, оқы.

2) Субъектінің қозғалысының беталыс бағытын білдіретін етістіктер: кел,кет,түс, шық, ұш, самға, жинал, тара.

3) Субъектінің қалпының сапасының өзгеру процессімен байланысты айтылатын етістіктер : ұйықта , оян, азай, көбей, ұзар, қысқар, өл, ауыр, бат.

4) Бейнелеу етістіктері: адырай, бақырай, маңыра, мөңіре, жалтылда, үлпілде.

5) Ішкі объектілі салт етістіктері: қозда, бұзаула, гүлде, жапырақта.

6) Көмекші етістіктер : е, еді, деп, шығар.

   Ф.П.Филин: «Лексика-семантикалық топ деп екі не бірнеше сөздердің лексикалық мағынасына қарай бірігуін айтамыз»- деп анықтама берген.

   Ю.Н.Караулов орыс тіліндегі лексика-семантикалық топтарға тоқталып, бұл мәселенің дұрыс шешілуі үшін екі мәселенің басын дұрыс ашып алу керек дейді. Біріншісі, сөздердің жеке өз алдына дербестігі, басқа сөздерден бөлініп тұратындығы, екіншісі, контекстің қызметіне қандай роль беріледі.Айтылған пікірлерді жинақтайтын болсақ, сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топқа бөлу үшін мына шарттарды есепке алу керек болады.

Бір лексика-семантикалық топтың құрамына енетін сөздер өзара бір мағыналық сыңар (семалар) арқылы байланысып жатуы керек.

Бір лексика-семантикалық топтың компоненті болып саналатын сөздер өз дербестігін сақтау керек.

Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бірі екіншісін мағыналық жағынан толықтырып, ұштасып жатуы керек.

Антонимдік, синонимдік сыңарлар да белгілі лексика-семантикалық топтың аясында болады.

Лексика-семантикалық топтар іштей семантикалық топтарға бөлініп, сатылай байланысып жатады.

Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір сөз табынан болу керек.

 

Осы шарттардың негізінде М.Оразов қазақ тіліндегі етістіктерді 11лексика- семантикалық топқа бөледі.

1. Амал-әрекет етістіктері.

1) Қоректенуді білдіретін амал-әрекет етістіктері . Мысалы : ішу, жеу, ұрттау, қарпу, жұту, сораптау, жалмау, сору, асау.

2) Жасау, құру етістіктері .Мысалы: құру, жасау, жарату, соғу, тұрғызу, өру, өндіру, салу, тігу, қалпына келтіру.

3) Қырып-жою етістіктері. Мысалы: сындыру, қирату, бұзу, құлату, жермен жексен ету, күлін көкке ұшыру, күл талқан ету, жырту. Осы мағынаға жуық шабу, сою, бауыздау, асу, шабақтау, мойнын бұрау, қабырғасын қирату, басын алу, мұрнын бұзу, пышақтау, балталау.

4) Өзгеру етістіктері. Мысалы : бояу, майлау, ақтау, жану, әшекейлеу, өрнектеу, қырлау, тазалау, сабындау, оюлау, бұйралау, өңдеу.

5) Объектіні қозғалысқа түсіретін амал-әрекет етістіктері. Мысалы : сүйреу, итеру, шашу, жүру, беру, алу, көтеру, лақтыру, ыршу, түсіру, құлату, тарту.

6) Объектіні толық қамтымайтын амал-әрекет етістіктері. Мысалы : керту, шабу, найзалау, сұғу, қамшылау, сипау, түрту, шымшу, шаншу.

7) Объектінің қалпын өзгертетін етістіктер. Мысалы: төңкеру, аудару, құлату, бүктеу, жазу.

8) Даралау және бөлшектеу етістіктері. Мысалы: боршалау, жіліктеу, бөлу, ажырату.

2. Қозғалу етістіктері. 1) Бағыт-бағдарды білдірместен жалпы қозғалыстарды білдіретін етістіктер. Мысалы : жүру, шабу, секіру, сүңгу. Бұл топтағы етістіктер де өз жолымен кіші семантикалық топтарға бөлінеді:

а) Жерде болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: жүру, шабу, еңбектеу, сырғу, жорту, желу.

ә) Суда болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: жүзу, сүңгу, малту,қалқу.

б) Ауада болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: ұшу, самғау, қалықтау, құлау, құлдилау.

2) Қимылдың объектіге жақындығын білдіретін қозғалу етістіктері: кел, жақында, жанас, маңайла .

3) Қимылдың объектіден алыстауын білдіретін қозғалу етістіктері: кет, жөнел, зыт, қаш, табаныңды жалтырат, ұзақтау, алыстау, жоғалу, жөнелу.

4) Қимылдың жоғарыдан төмен қарай бағытталғандығын білдіретін етістіктер: түсу, құлдилау, төмендеу, төгілу, құлау.

5) Қимылдың төменнен жоғары қарай бағытталғандығын білдіретін етістіктер: шығу, өрмелеу, өрлеу.

6) Белгілі бір межемен кедергімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: кіру, шығу, өту, асу, аттау, секіру.

7) Қимылдың тездігімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: шабу, желу, жүгіру, зырлау, табаны жерге тимеу.

8) Қимылдың орындалу тәсілдерімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: жорғалау, аяғының ұшымен басу, ентелеу, балпаңдау, талтаңдау, аяғын майда басу.

9) Сұйық заттардың қозғалуымен байланысты қолданылатын етістіктер: ағу, тамшылау, сорғалау, атқылау, құйылу , жосылу, төгілу, саулау.

3. Сөйлеу етістіктері.

1) Хабарлау етістіктері. Мысалы : айту, сөйлеу, хабарлау, жеткізу, дерек беру, хабар беру, аузынан шығып кету, арыз айту, тілге келді, сөзге араласты.

2) Сөйлесу етістіктері. Мысалы: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу, келісу, тартысу.

3) Сұрақ-жауап мәнді сөйлесу етістіктері: сұрау, сұрастыру, хабар салу, іздеу, тергеу, жауап беру,.

4) Көңіл –күйге байланысты қолданылатын сөйлеу етістіктері: мысқылдау, келекелеу, мазақ қылу, мазақтау, қарғау, балағаттау, сөгу, мақтау, жамандау, мадақтау, жер мен көкке сиғызбау.

5)Индивидуал қарым-қатынасты білдіретін сөйлесу етістіктері: жалыну, жалбарыну, сұрану, тілеу, тілек білдіру, мінәжат ету, бұйыру, өкім ету, әмір қылу, насихат ету.

6) Бейнелік мәнді сөйлесу етістіктері : оттау, міңгірлеу, аузынан ақ ит кіріп қара ит шығу, көбік ауыздану, былшылдау, бөсу, шіңкілдеу, сыпсыңдау.

4. Қалып –сапа етістіктері.

   Бұл етістіктерді ғалымдарымыз қалып-сапа не қалып-күй етістіктері деп атап жүр. Егер семаларының ара-қатынасын салыстырып өз іштерінен топқа бөлінеді.

1) Қалып-сапа етістіктері. Бұл етістіктер көбіне иелік зат есімдерге не сын есімдерге байланысты қалып-сапаны білдіреді де, сол сапаның біртіндеп өзгеруін не тұрақтылығын анық көрсетеді. Мысалы: ұзару, азаю, көгеру, көбею, ағару, қалыңдау,сөну, жану, шіру.

2) Адамның не жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, тозу, семіру, жантаю, қисаю, ұйықтау, ауру, өлу, ісу, жүдеу, шаршау, арықтау.

3) Таза қалыптық мәнді білдіретін етістіктер: отыр, жатыр,жүр, тұр.

5. Сезіну етістіктері.

1) Көру етістіктері. Бұл топқа енетін етістіктер көздің қызметімен байланысты болады. Мысалы: көру, қарау, тігілу, көз қырын салу, телміру, сығалау, көз салу, көзін алмау, көзден өткізу.

2) Есту етістіктері. Мысалы: тыңдау, есту, құлақ салу, құлаққа жету,, құлақ түру.

3) Иіске байланысты етістіктер: сасу, мүңк ету, аңқу, бұзылу, иістену, мұрынды жару.

4) Теріге байланысты етістіктер: жаурау, қышу, ауру, сыздау, тоңу, ұю, сыну, жану.

6. Ойлау етістіктері.

   Бұл лексика-семантикалық топтағы етістіктер ойлану процесімен тікелей байланысты болады. Мысалы: ойла, ойға түсіру, ойға шому, ойдан өткізу, ойдан шығару, түсіну, аңдау, ескеру, есіне салу, қабырғаңмен кеңесу, ой таразысынан өткізу, ой талқысына салу, басы қату, басы айналу, шамалау, мәнісін аңду.

Көңіл-күй етістіктері .

1) Таза психологиялық процестермен байланысты етістіктер. Мысалы : ұялу, қысылу, тартыну, бетінен оты шығу, абыржу, сескену, қорқу, қуану, көңілі толу.

2) Адамдардың эмоциясымен, көңіл – күйімен байланысты етістіктер. Мысалы: ұнату, жақтыру, еркелеу, ардақтау, әлпештеу, ғашық болу, қапалану, ашулану, жылау, долдану, мейірі түсу, мұңаю, жадырау ренжу, таңдану, аузын ашып қалу, күлу.

8. Дыбыс-сес және бейнелеу етістіктері .

1) Адамның және жан-жануардың дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: мөңіреу, маңырау, үру, әупілдеу, күркілдеу, сырылдау, ұлу, ырсылдау, кісінеу, боздау, сыңсу.

2) Табиғат дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер : шытырлау, гүрілдеу, сарқырау, сыңғырлау, тарсылдау, тықылдау.

3) Адамның бет құбылысына , сыртқы көрінісіне байланысты қолданатын бейнелеу етістіктері: бадыраю, адыраю, аңқаю, көзі алақандай болу.

4) Табиғаттың көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: жарқылдау, жайнау, құлпыру, шайқалу, толқу.

5) Қимыл-әрекеттің орындалу тәсілімен байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: теңселу, қайқаңдау, елбектеу, далбаңдау, ербеңдеу, көлбеңдеу,жалпылдау, ойқастау, жалп-жалп ету.

9. Өсіп-өну етістіктері.

1)Тірі организмдердің туып-өсуімен байланысты етістіктер : балалау, боталау, қоздау, күшіктеу, жұмыртқалау, бұзаулау, төлдеу, босану, бала көру, немере көру, балапан ашу.

2) Табиғаттың өсуімен, көркеюімен байланысты қолданылатын етістіктер: өсу, жапырақ шығару, жапырақтау, бүртік жару, гүлдеу, түйіндеу, гүл жару.

3) Пісіп-жетілуге байланысты етістіктер: пісу, торлау, жетілу, ер жету, бой жету, қартаю.

10. Табиғаттың түрлі құбылыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: түнеру, бұлттану, күн шығу, күн бату, ай туу, борандату, желдету, қас-қараю.

11. Субъектив реңді білдіретін етістіктер: азсыну, менсінбеу, бойын аулақ салу, білгішсіну, масаттану, мұрнын көтеру.

 

   А.Ысқақов морфологиялық құрылымына қарай етістіктерді жалаң етістіктер және күрделі етістіктер деп екі салаға бөлген. Сонымен қатар тілімізде аналитикалық етістіктер де қалыптасқан деп ескерткен. Жалаң етістіктердің өзін түбір етістіктер және туынды етістіктер деп екі топқа жіктеген.

   Ы.Маманов етістіктерді негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп бөледі. Осының ішіндегі негізгі етістіктерді лексика-грамматикалық мағыналарына қарай түбір етістіктер және модификациялық етістіктер деп бөледі.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. М.Оразов. Қазақ тілінің семантикасы.Алматы. 1991.

2. М.Оразов. Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктер. Алматы.1980.

3. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

4. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі. 1991

5. Ы.Маманов.Қазіргі қазақ тілі.(Етістік)Алматы.1966.

Лекция №11

 

Аналитикалық формалы етістіктер

 

1. Аналитикалық формалы етістіктің қазақ тіл білімінде зерттелуі.

2. Аналитикалық формалы етістік.Аналитикалық форманттар. Оның ұқсас құбылыстардан ерекшелігі.

3. Сыпат категориясы немесе қимылдың фазалары.

 

Қазақ тіл білімінде аналитикалық формаларға арналған жеке еңбек 1970 жылдарға дейін болған жоқ. Бірақ бұл аналитикалық формаларға байланысты тіл фактілері мүлдем зерттелмегендіктен деген ұғымды бермейді.

   Қазақ тіл білімінде алғаш рет көмекші етістіктерді, олар арқылы жасалатын күрделі етістіктерді арнайы зерттеген профессор Қ.Жұбанов екені айтылған болатын. Ғалым отыр, жатыр, тұр, жүр көмекші етістіктерінің ерекшеліктерін көрсете отырып, олардың күрделі форма жасаудағы қызметін ашып көрсетеді. Сол кездегі бүкіл түркологияда бұл көмекші етістіктің осы шақтың күрделі формаларын жасайтынын бірінші болып дәлелдеді. Профессор Қ.Жұбанов қазақ тілінде күрделі көмекші етістік барын атап, оған мысал ретінде көбейіп келе жатыр, күшейіп бара жатыр – дегендегі келе жатыр, бара жатыр деген бірліктердің күрделі көмекші етістік екенін айтқан болатын.

   Қазақ тіліндегі етістіктерді зерттеумен көп шұғылданған ғалым, профессор Н.Сауранбаев өз еңбектерінде етістіктің кейбір аналитикалық формаларын атаған. «Современный казахский язык» деген еңбегінде етістіктің нақ осы шақ жасайтын аналитикалық формаларға: — п отыр, — п тұр, — п жатыр, — п жүр; өткен шақ формаларына: — ған еді, — ған емес, — е жатыр еді, — ушы еді, — бақшы еді, -ғай еді сияқты бірліктерді көрсетеді.

   Ә.Әбілқаев « Де етістігінің мағыналары мен қызметі» — не арналған еңбегінде – де көмекші етістігі арқылы жасалған біраз күрделі формаларды көрсетеді. Мысалы : — йын/ йін деп тұр, — йын/ йін деп отыр, — йын / йін деп жатыр,- йын / йін деп жүр, — йын деп келеді, — йын деді, — йын депті (1958).

   1967 жылы шыққан « Қазақ тілі грамматикасында» сөздің аналитикалық формасы жөнінен бұрынғы қалыптасқан көзқарас сақталған. Дегенмен бұл оқулықта күрделі етістіктерді 3 топқа бөледі. 1)Есімдер мен еліктеуіштердің көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалатын тіркесті түбір етістіктер.2) Еді көмекші етістіктерінің тіркесуі арқылы жасалатын күрделі формалар. Оларды күрделі өткен шақ формасы деп атайды.3) Көсемшелерге көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалған формалар. Жалпы бұлардың өзара айырмасы болғандықтан үшке бөлген. Үшінші түрі формалар делінгенмен олар қандай формалар, неге оны форма деп атағаны белгісіз боп қалған.

 

Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттар етістіктің грамматикалық көрсеткіші болып қызмет атқарады. Олар арқылы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де етістіктің грамматикалық категориясының тарамына еніп, оның бір мүшесі болып саналады. Сондықтан аналитикалық формалы сөздер морфологияның объектісі болып табылады.

Етістіктің аналитикалық формаларын түркологияда бірінші боп зерттеген ғалым – А.А.Юлдашев. Ғалымның « Аналитические формы глагола в тюркских языках» атты еңбегі бар (1965).

   1971 жылы профессор Н.Оралбаева«Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары» атты докторлық диссертациясында аталынған құбылыстың қазақ тілінің грамматикалық құрылысына жат еместігін, аналитикалық формалардың қазақ тілінде де бар екенін, қазақ тілі аналитикалық формаларға бай екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, анықтап берді. Н.Оралбаева қазақ тілінде 70 шақты аналитикалық формант бар деп көрсетті.

Категорияның аналитикалық формаларын қабылдап, оның мағынасын білдіріп, көрсетіп тұрған етістікті (негізгі етістік пен көмекші етістікті) аналитикалық формалы етістік деп атаймыз.

Етістіктің аналитикалық форманты деп белгілі бір грамматикалық категорияның мағынасын білдіретін, қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын морфологиялық көрсеткішті атайды.

Мысалы : Райымбек еш мәнісін болжай алмай, бас шайқады (Ж.Тұрлыбаев). Анау йығындағы кетпенін анадайда ағып жатқан арықтың ішіне тастай салды да, өзі бастап үйге кірді (О.Сәрсенбаев).

Мұнда болжай алмай, ағып жатқан, тастай салды деген аналитикалық формалы етістіктер қолданылған.Олар жетекші етістік ( болжай, ағып, тастай) және көмекші етістіктен(алмай, жатқан,салды)тұрады. Осы екеуі бір тіркесте қолданылғанда ғана ол аналитикалық формалы етістік болады. Бірінші сөйлемдегі аналитикалық формалы етістік болжай алмады. — й алма – аналитикалық формант.

Сонда, аналитикалық формалар жетекші сөз бен аналитикалық форманттардың тіркесіп айтылуы арқылы жасалады. Ондай жасалымда аналитикалық форманы жасаушы аналитикалық форманттар етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіші ретінде жұмсалады.

Аналитикалық форманттардың құрамы қосымша және көмекші етістіктен тұрады. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрамында белгілі қосымшалар ғана қолданылады. Олар : көсемше, есімше, шартты райдың,тілекті және ерікті қалау райдың, мақсатты келер шақ, тұйық етістіктің жұрнақтары. Жалпы аналитикалық формант құрамында көп қолданылатын қосымшалар – көсемше, қалғандары бірлі жарым жағдайда ғана кездеседі. Аналитикалық форманттар сөйлемде қолданылу мақсаттарына қарай әр түрлі мән – мағыналар мен қосалқы түрде ұғынылатын әр қилы реңктерге ие болады.

Атап айтсақ :

1. — п ал форманты жетекші етістікке жалғанғанда, субъект өзге істі қоя тұрып, я басқа іске көшпей тұрып, әрекетті әуелі өзі үшін, өз мүддесі үшін жүзеге асырып алуды қалайтын мән үстейді.

Бұл киноны Марат көріп алған. Өлеңді касетаға жазып алды.Мәтінді көшіріп алды.

— й ал форманты жетекші етістікке тіркескенде, оған сол амалды жүзеге асыру я орындау мүмкіндігін білдірерліктей реңк жамайды.

Бүгін мақаланы жазып бітіре аласың ба? Кездесуге келе аласың ба?

— а алма форманты жетекші етістікке тіркескенде, оған сол амалды жүзеге асыру я орындау мүмкіндігінің болмайтындығын білдіретін реңк үстейді. Сондықтан профессор Н.Оралбаева оны « намүмкіндік» форманты деп атайды.

 

Берілген сұраққа жауап айта алмады. Көкейіндегі сұрағын ағайға қоя алмады.

2. — п бар форманты жетекші етістікке амалдың бірте – бірте я үдеуін (дамуын, өнуін), я бәсеңдеуін білдіретіндей реңк үстейді.

Толы шәйнек тасып барады.Кеш батып барады. Жылдан -жылға көл тартылып барады.

3. — п бер форманты жетекші етістікке амалды бөгде адам үшін істелетіндей реңк үстейді.

Сабақты айтып бер. Хат жазып бер. Тақырыпты түсіндіріп бер.

— й бер форманты жетекші етістікке амалды тоқтаусыз жүзеге асыра беруді нұсқайтындай реңк жамайды.

Ойыңдағыны жаза бер. Мына кітапты көре бер.Айтқанын тыңдай бер.

4. — п кел форманты жетекші етістікке амалдың бірте-бірте я дамуын, я бәсеңдеуін білдіретіндей реңк жамайды.Баласы өсіп келеді. Қала көркейіп келеді.

— й кел форманты жетекші етістікке амалды аяқтау және одан кейін жүзеге асырылмақшы әрекетті бастау қарасында болатын кідірісті аңғартатын реңк жамайды.

Ойын қорыта келе, тақырыптың әлі ашылмаған қырлары көп екен, — деді.Жағдайды баяндай келе, шұғыл іске кірісу қажеттігі мақсат етілді.

5. — п қал форманты жетекші етістікке амалдың бірден басқа күйге көшкенін білдіретін реңк қосады.Бала ұйықтап қалды. Болат кетіп қалды.Ойындағысын бірден айтып қалды.

— й қал форманты аяқ астынан болған қимылды білдіретін реңк жамайды.Баласы төсекке жата қалды.Кешкілікте үйге Самат келе қалды.

6. — п сал форманты жетекші етістікке амалдың бірден именбей – жасқанбай істелетінін білдіретін реңк үстейді.Ойындағысын айтып салды.Үйіне шығарып салды.

— й сал форманты жетекші етістікке амалдың нәтижесін күтпей – ақ бірден тез немесе жүрдім – бардым жүзеге асуын білдіретіндей реңк қосады.Сыйлықты сен ала сал. Хатты жаза сал. Шайды іше сал.

7. — п кет форманты жетекші етістікке амалдың бірден я кенеттен басқа күйге немесе қалыпқа көшкенін білдіретіндей реңк үстейді.

Әжесі қалғып кетті. Аязда қолы үсіп кетті. Қалың қар үйдің маңын басып кетті.

— й кет форманты жетекші етістікке амалдың кенеттен, лажсыздан, ырықсыздан басқа қалыпқа я күйге көшкенін білдіретіндей реңк қосады.

Бұрышқа жантая кетті. Төсекке құлай кетті.

8. — п көр форманты жетекші етістікке амалды жүзеге асырып байқау я жүзеге асырып көру мағынасын көрсететін реңк қосады.

Баланың әңгімесін тыңдап көр. Дәмін татып көр.

— й көр форманты жетекші етістікке амалды орындауды я жүзеге асыруды өтіну, тілеу, сұрау реңкін жамайды.

Сәлемін айта көр. Қалаға бара көр. Жағдайын біле көр.

9. — п қой форманты жетекші етістікке амалды жүзеге асыруды аңғартатындай реңк қосады.

Халдерін біле қой. Жәшікті апара қой.

10. — п таста форманты жетекші етістікке амалды құлшына, жігерлене мүдірмей тез істеуді білдіретіндей реңк жамайды.

Мақаланы жазып таста. Шамды өшіріп таста. Суретті аяқтап таста.

11. — п шық форманты жетекші етістікке амалды ақырына дейін аяқтау, тындыру мәнін үстейді.Болған жайды басынан аяғына дейін айтып шықты. Бұл кітапты бір күнде оқып шықты.

12. -п түс форманты жетекші етістікке амалды шұғыл орындау реңкін жамайды. Орнынан ыршып түсті.

-й түс форманты жетекші етістікке амалдың бөгелмей тағы да я жалғастыра,күшейте, я бәсеңдете, я солғындата істеу реңкін жамайды.

Ол жайында айта түссе екен. Газеттен көп жаңалықты біле түсті.

 

13. — й баста форманты жетекші етістікке амалдың басталуын білдіретін мағына жамайды.Халық жинала бастады. Күн жылына бастады. Қар ери бастады.

14. -й біл форманты жетекші етістікке амалды жүзеге асыра алу қабілетіне ие болуын аңғартатындай мағына қосады. Жиналыста өз – өзіңді ұстай біл.Қатесін айта біл.

15. — п бақ форманты жетекші етістікке амалды шын ықыласпен, тыңғылықты ниетпен тынбай істеу мағынасын үстейді.

Бар ақылын қызына айтып бақты. Әңгіменің соңын естіп бақты.

16. — п жібер форманты етістікке амалды бірден кенет тез орындау я жүзеге асыру реңкін жамайды. Қайырмасын айтып жіберші. Бала жылап жіберді. Майра күліп жіберді.

Сыпат категориясы

 

Қимылдың ішкі өту шегін, ағымын білдіретін етістіктің формасын сыпат категориясы деп атайды. Сыпат екіге бөлінеді:1.созылыңқы сыпат. 2. аяқталған сыпат.

Қимылдың ағымы процесс түрінде өтетіндігін білдіретін етістік формасы созылыңқы сыпатқа жатады. Созылыңқы сыпат көсемше формаларының отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалады.

Созылыңқы сыпатта қимылдың созылыңқылық дәрежесі көмекші етістіктердің түріне қарай, әр түрлі болып келеді.

Жәміш әрқашан кітап оқып отырады. Жел есіп, гүлдерді шайқаған кезде , қоңыраулар шылдырлап тұрады. Жел соғып тұр.

Сол сияқты қозғалыс қимылын білдіретін кету, ұшу, жүзу, шығу, кіру,озу, қуу сияқты етістіктер бара жатыр, келе жатыр етістіктерімен тіркесіп, созылыңқы сыпатты білдіреді. Бала кетіп бара жатыр. Кеме жүзіп келе жатыр.

Аяқталған сыпат.

Аяқталған сыпат — қимылдың, іс-әрекеттің ағымы мен өту шегінің аяқталғанын көрсететін етістіктің бір түрі. Аяқталған сыпат көсемше формаларының қал, қой, таста, шық, сал, жібер, кет, бол, біт, ал, бер етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалады. Аяқталған сыпат негізгі етістіктің қандай көсемше формасында келуіне және көмекші етістіктің түріне қарай, қимылдың аяқталу шегін, қимылдың нәтижесін немесе қимылдың батыл түрде бірден болғандығын білдіреді.

Бекболат офицерді атып тастады.

Мұнда таста көмекші етістігі ату ісінің нәтижесін білдіріп тұр.

   Қазақ тілінде түбір етістіктер дара күйінде қимылдың аяқталған не созылыңқы сыпатын білдіре алмайды. Түбір етістікке көсемше жұрнақтары жалғанып, арнайы көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы сыпат категориясы пайда болады деп тұжырымдайды Ы.Маманов.
Әрбір қимылдың үш кезеңі, сатысы(фазасы)бар деп санайды Н.Оралбаева: қимылдың басталу кезеңі, қимылдың процесс үстіндегі кезеңі, қимылдың аяқталу кезеңі. Қазақ тілінде қимыл осы үш этаптың бірінде көрсетіледі:

1. Қимылдың 1 фазасын білдіретін аналитикалық форманттар. Қимылдың басталуын жай ғана хабарлау.Қимылдың басталуын ғана баяндау түркі туыстас тілдерде — а баста аналитикалық форманттары арқылы беріледі, ол салт, сабақты етістіктерге тіркеседі. — а баста қимылдың тек басталғандығын ғана атайды.Кез- келгенді тексере бастады. Жаңбыр жауа бастады.

Қазақ тілінде қимылдың қалай басталғанын сипаттайтын бірнеше аналитикалық формант бар. Олар: -п қоя бер, — п сала бер, — п жүре бер. Бұл аналитикалық форманттар қимылдың баяу, жайлап басталуы, я тез басталуы сияқты қимылдың басталғандағы түрлі ерекшеліктерін көрсетеді. Менің жүрегімде жүрген әдемі бейне ыдырап сала берді. Машина гүрілдеп қоя берді. Біз құрғақтан суға тастаған балықтай жанданып қоя бердік.

 

Мұндай аналитикалық форманттар арқылы қимылдың біреуі баяу, біреуі тез басталғандығын көруге болады. Қимылдың қалай басталғандығын суреттейтін аналитикалық форманттар бәрі -а баста форманттармен мағыналас.

2. Қимылдың 2 фазасы ( жасалу үстіндегі қимыл).

Бұл кезең қимылдың жасалу үстінде екенін білдіреді. Қандай да қимылдың жасалып жатқан кезеңі қимылдың екінші фазасы боп саналады.

Қимылдың екінші фазасын білдіретін аналитикалық форманттарға — п келе жат, — п бара жат, — п отыр, — п жүр, — п тұр, — п жатыр, — п бар, -п кел секілді аналитикалық форманттар жатады.

3. Қимылдың үшінші фазасы. Әр қимылдың аяқталу кезеңі болу шарт. Қимылдың 3 фазасы қимылдың жасалуының ең соңғы сатысына жеткенін білдіреді.

Күн батып, қара көлеңке қоюланып қалыпты. Ол жүдеп бітті.

Қимылдың 3 фазасын білдіретін қазақ тілінде бірнеше аналитикалық формант бар : — п бол,-п біт, — п шық, — п қой, -п кет, -п қал, — п болып қал, — п өт.

Қабағы түйіліп кеткен. Туғандарының көрсеткен жақсылығын көріп болды. Балықшылар ауылына келін боп түскелі құсаланып бітті. Баяндаманы жазып болып қалды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.

2. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .

3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты». Алматы : Рауан , 1998.

4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.

5. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.2005.

6. Н.Оралбаева. Қазақ тілінің морфологиясы.Алматы.2007.

7. Н.Оралбаева. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. Алматы.1975.

 

Лекция№12

 

Етістіктің грамматикалық категориялары

 

1. Етістіктің грамматикалық категориялары.

2. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары.

а ) Салт-сабақты етістік категориясы.

ә) Болымды-болымсыз етістік категориясы.

б ) Етіс категориясы.

в ) Күшейтпелі етістік.

г ) Амалдың өту сипаты категориясы.

    Қазақ тілінде сөз таптарының бірі болып табылатын етістік өзіне тән белгілі бір мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады.

Тілімізде етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір-таластар көп. Мәселен: А.Ысқақов етістіктің грамматикалық категорияларына:1) қимыл атау категориясы, 2) салттылық және сабақты категория,3)етіс категориясы,4)болымдылық және болымсыздық категория, 5) амалдың өту сипаты категориясы, 6) есімшелер категориясы, 7) көсемшелер категориясы, 8) рай категориясы, 9) шақ категориясы, 10) жіктік, көптік жалғауының шаққа қатынасы ( Қ.Қ.Т. 286-287б).

 

Педучилищеге арналған оқулықта Ғ.Әбуханов етістікті лексика –семантикалық категориялар (көсемше,есімше, болымды және болымсыз етістік, сабақты және салт етістіктер) және грамматикалық категориялар (рай, шақ) деп екіге бөлген(Қ.Т. 175-181 б). Ы.Маманов етістік атаулыны негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөлген. Одан кейін негізгі етістікті түбір етістіктер және модификациялы етістіктер деп бөліп, модификациялық етістікке етістіктің салт және сабақты, етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік, сыпат, болымсыздық етістік категорияларын енгізген. Сонымен қатар ғалым етістіктің берілу тәртібін көрсетеді : бірінші орында түбір етістіктер,екінші орында модификациялы етістіктер, үшінші орында функциялы етістіктер, төртінші орында рай, шақ категориялары (И.М. Қ.Қ.Т. 3-5 б).

Етістіктің грамматикалық категорияларының жіктелуінде елеулі ерекшеліктер бар : 1-ден, ол –етістік түбірінің бір жағынан грамматикалық сипатын өзгертпей, екінші жағынан түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс енгізіп, басқаша грамматикалық мағына немесе жаңа мән үстейтін тұлғалар. Олар етістіктің басқа тұлғаларынан түбірге бұрын жалғанады. Ы Мамановтың оларды модификациялы етістік деп ерекше бөлуі тегін емес. Етістіктің бұл түрлеріне лексика-семантикалық, грамматикалық сипат та тән. Оларға салт-сабақты етістік категориясы, етіс категориясы, күшейтпелі етістік категориясы жатады.

Бұл категорияның бұл түрінде тұрған етістік тұлғасының түбір етістіктен грамматикалық сипаты жағынан өзгешелігі, айырмашылығы болмайды.

1) Бұйрық райдың 2 жақ анайы түрімен сәйкес, ұқсас келеді, яғни омоформалық сипатта болады.

2) Сол күйінде қолданылмайды, яғни басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түсе алмайды

3) Тікелей жіктелмейді, тек рай,шақ тұлғаларын үстеп барып қана жіктеледі.

   Сөйтіп, етістіктің грамматикалық категорияларын лексика –грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік немесе көрініс, болымсыз етістік) категориялары және таза грамматикалық ( рай, шақ, жақ) категориялары деп қарау керек дейді профессор С.Исаев. Бірақ бұлардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбеген. С.Исаев бұларды етістіктің ерекше бір түрлері деп қарастырады. Ал басқа еңбектерде бұларды категориялар деп қарастырады.

Етістіктің сабақты-салттылық категориялары

Сөйлеу тілінде табыс септікті сөзді, тура толықтауышты керек ететін семантикасы бар етістіктер сабақты етістік деп аталады. Етістіктердің ішінде кімді?, нені?- деген сұрақтарға жауап күтпейтін, табыс септіктегі сөзге сабақталмай-ақ жұмсала беретін етістіктер салт етістіктер деп аталады.

Салт –сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болу қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий етіп ұсынады.

«Салт және сабақты етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема болса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады» — деп санаған Ы.Маманов.

С.Исаев етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды деп тұжырымдайды.

Етістіктің болымды – болымсыздық категориясы

 

 

Етістік түбір күйінде де, әр түрлі грамматикалық тұлғаларында қимылдың , іс-әрекеттің болуын білдіреді. Сонымен бірге қимылдың, іс-әрекеттің болуы өмірде болатын құбылыс. Қимыл, іс-әрекеттің іске аспауы, болмауы арнайы грамматикалық амал-тәсілдер арқылы беріледі. Сөйтіп, етістік білдіретін қимыл, іс-әрекеттің қарама-қайшы мәні, ол мағынаның болмауы етістік түбірлеріне етістіктің лексика-грамматикалық категориялары (етіс, күшейтпелі етістік) тұлғаларына — ма, -ме,-ба,-бе,-па,-пе қосымшасы қосылу арқылы жасалады, тек етістіктің болымсыз түрін жасап қоймайды, болымдылық мәнге қарама-қайшы етістіктің болымсыздық категориясын жасайды.

Болымсыздық категория етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады.

Күшейтпелі етістік

 

Күшейтпелі етістік етістік түбіріне -ыңқыра,-іңкіре жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Мысалы : алыңқыра, жүріңкіре, жуыныңқыра.

Күшейтпелі етістік өзіне ұйытқы болған етістіктердің лексикалық мағынасы өзгермейді, тек соларға күшейту, дамыту түрінде грамматикалық мағына үстейді.

Мысалы : Нұрғали Ділдәні көріп, біраз кідіріңкіреп қалды.

Күшейтпелі етістік формасы жағынан туынды түбір етістіктер сияқты болғанмен, өзінің грамматикалық қасиеті жағынан олардан басқа. Өйткені күшейтпелі етістік, біріншіден, өзіне ұйытқы болған етістікке тек грамматикалық мағына үстейді, 2-ден, бұл барлық түбір етістіктерге жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды да, сол түбір етістіктермен жарыса, қатар өмір сүреді. Ал туынды түбір етістіктерде мұндай қасиет жоқ.

Амалдың өту сипаты категориясы

Әдетте, амал-әрекет ешқашан біркелкі орындалмайды. Қимыл-әрекеттің шапшаң не баяу, шұғыл не созылыңқы,тыңғылықты не босаң, біркелкі не немесе үздік-создық түрлері де кездеседі. Сондықтан тіліміздегі етістіктер өз-өзінен тұрып мұндай мән-мағынаны бере алмайды. Ондай әрекет-қозғалысты етістіктің грамматикалық формалары ғана аңғарта алады. Негізінен бұған аналитикалық формалар ғана қызмет етеді. Себебі аналитикалық формалардың бойында амалдың жүзеге асуын сипаттайтын грамматикалық мағыналар болады. Мысалы: айта бастады, айта жөнелді, айта салды, айта қойды, айта тұр, айта бер дегенде түрлі форманттар жалғанып, айту қимылының сан түрлі өту сипатын байқатып тұр.

 

Етіс категориясы

    Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл , іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.

   Қазақ тілінде жазылған еңбектердің ішінде етіс туралы алғаш пікірді А.Байтұрсыновтың « Тіл – құрал» оқулығынан кездестіреміз. А.Байтұрсынов етіске ереже бермей, бірден етістің он түрін көрсетеді : сабақты етіс, салт етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, өздік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс( А.Б.Тіл тағылымы .А.1992.231).

    Ы.Мамановтың пікірінше: « Етіс категориясы –түбір етістіктен туатын грамматикалық форма. Яғни етіс формалары — өзі жасалған түбір етістікпен коррелятивті түрде өмір сүретін және екеуінің лексикалық мағынасы бір болып келетін етістіктер» (М.Ы.ҚҚТ.36).

   Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі ол етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді:

1) сырттай бұйрық райдың 2 жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді,

2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ( жалғануға негіз болады,

3) Сөйлемде тек етіс тұлғасында етістік қолданылмайды.

   Етіс қосымшалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары негізінде етістіктің лексика грамматикалық категориясы болып табылады.

   Етістің түрлері жайында да талас пікірлер аз емес. Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалған бұл категория біраз зерттеулерде беске бөлінеді.

   1967 жылғы Академиялық грамматикада: «Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де:негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс деп беске бөлуге болады. Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффикстермен түрленеді, ал біреуі негізгі етіс өзінің ондай аффиксі болмағандықтан тұлғасынан ерекшеленеді. Сондықтан да етіс аффикстерімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, өз алдына жеке бөліп негізгі етіс деп атаймыз. Бұл жағдайда субъекті мен объектінің іс-әрекетке деген қарым-қатынасы етістіктің бастапқы семантикалық мәніне қарай анықталады » деп көрсетіледі ( ҚТГ.169).

   Бұл пікірді А.Ысқақов та айтады : « Етістер жұрнақтарының түрлеріне , мағыналары мен қызметтеріне қарай 1)негізгі, 2) ортақ етіс, 3) өзгелік етіс,4)ырықсыз етіс,5) өздік етіс болып бөлінеді. Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердің де күрделі етістіктердің де негіздері жатады.

Негізгі етіс деп өзге етіс формаларына таяныш негіз болатын, солардың түрлерін, мағыналарын, қызметтерін салыстыра айқындайтын формасы» (А.Ы.ҚҚТ283).

Осыдан байқағанымыз: негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғыммен не семантикалық жағынан, не формалық жағынан еш айырмасы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория негіз болатын тұлға яғни негізгі етіс, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді. Сол категорияның берілуіне негізгі түбір, туынды түбір негіз болады. Сол себепті де Ы.Маманов етіс категориясының өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс деген түрлерін ғана көрсетеді.

Өздік етіс

Өздік етіс формасымен берілетін қимыл-әрекеттің иесі әдетте адам немесе басқа жанды зат болып келеді. Кейде қимыл иесі жанды зат болмай, табиғат атаулары болуы да мүмкін.

Кез келген етістік өздік етіс мағынасында жұмсалмайды, өздік етіс мағынасын бере алмайды. Мысалы . баянда, оқы, үз, апар деген етістіктерден өздік етіс жұмсалмайды. Себебі адам өзін-өзі баяндауы, оқуы, үзуі, апаруы мүмкін емес.Сондықтан қимыл иесінің өзіне бағыттауға, өзіне қарата жұмсауға мүмкін болатын қимылдарды білдіретін етістіктер ғана өздік етіс бола алады. Мысалы: қимыл иесі өзін-өзі жуады, сүртеді, тарайды. Сонымен өздік етіс қимыл іс-әрекеттің орындаушысына субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін,-н,-ыл,-іл,-л қосымшаларының қосылуы арқылы жасалады.

Ырықсыз етіс

Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып,тек сабақты етістіктерден -ыл,-іл,-л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын,-ін,-н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтады.

Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі айтылмайды, яғни ол сөйлемде қимыл иесінің кім екендігі белгісіз болады.

Мысалы : Үміт кір жуды. Кір жуылды.

Ырықсыз етіс өздік етіспен ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы : 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп бір –бірімен омоформа жасайды. Мысалы: Ол дәрігерге көрінді. Алыстан қара көрінді.

2)екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады.

 

Айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект –грамматикалық субъект ( бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.

Өзгелік етіс

Сабақты етістіктің тура және ауыспалы түріне өзгелік етістің –ыт,-іт,-т,-қыз,-кіз,-ғыз,-гіз,-дыр,-дір,-тыр,-тір жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Өзгелік етіс – субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы. Қимыл иесі бір істі өзі істемей, екінші біреуге істететіндігін көрсетеді.

Қалижан хатты әрқашан көршісі Қабышқа оқытатын.

Бұл сөйлемде істі орындатушы – Қалижан, атау септігінде, бастауыш қызметінде, істі тікелей орындаушы – Қабыш, барыс септігінде, жанама толықтауыш қызметінде тұр. Сөйтіп өзгелік етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі екеу болады. Біріншісі – орындатушы, екіншісі – тікелей орындаушы ( агенс).

Ортақ етіс

Ортақ етіс қимыл іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъект арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс,-іс,-с қосымшасы арқылы жасалады.

Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес болуы да мүмкін.

Екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғана береді.

Мысалы : хат жазысты, қонақтар жайғасып отырысты.

Ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық – салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде ерекшеленеді.

Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен.Мысалы : соғыс, айтыс, байланыс.

Ортақ етіс пен өзгелік етістің семантикасында бір ұқсастық бар: екеуі де қимылдың, іс-әрекеттің бір субъекті емес, бірнеше субъект арқылы орындалатынын білдіреді, бірақ өзгелік тек сабақты етістіктен жасалып, онда екінші субъект – агенс міндетті түрде болады, ал ортақ етісте бұлар жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.А.Байтұрсынұлы.Тіл тағылымы .А.1992.

2. Ы.Маманов. Қазіргі қазақ тілі.А.1996.

3. Қазақ тілі грамматикасы. А.1967. 1 том.

4. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.1991.

5. С.Исаев. Қазіргі қазақ тілі. А.2007.

6. Н.Оралбаева. қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А.2007.

 

Лекция №13

 

Етістіктің таза грамматикалық категориялары

 

1. Етістіктің таза грамматикалық категориялары.

А) Рай категориясы.

Ә) Шақ категориясы.

Б) Жақ категориясы.

2. Функциялық етістіктер.

А) Есімше.

Ә) Көсемше.

Б) Тұйық етістік.

 

3.Рай категориясы

Рай категориясы: а) ашық рай; ә) шартты рай; б) бұйрық рай; в) қалау рай;

Сөйлеушінің қимыл, іс – әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс – әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы деп аталады. Белгілі қимыл, іс – әрекеттің белгілі субъекті тарапынан іске асуы – аспауы, қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмауына сөйлеушінің көзқарасы, пікірі, бағасы, анықтығы, ақиқаттығы, күдіктілігі, күмәнділігі, болжалдылығы, жорамалдығы, орындалу ниеттілігі, шарттылығы, тілек, қалау, бұйрық мәндері қатар көрініп отырады. Рай категориясы етістіктің модальдылық мәнінің бірден-бір грамматикалық категориялық көрсеткіші бола тұрса да, етістіктің барша модальдылық мәнін толық қамти алмайды. Сондықтан кейде модальдылықты екі түрге бөліп, рай арқылы модальдылықтың берілуі обьективтік модальдылық, арнаулы жеке сөздер арқылы берілуі субьективтік модальдылық деп көрсетіліп жүр. Негізінен алғанда рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі көрсетіледі.

   Ашық рай – қимыл іс-әрекет үш жақтың (осы шақ, өткен шақ, келер шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасайтын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Мысалы: Күндер осылай жылжып өтіп бара жатқанда кенет заман өзгерді. Жаз шыға егін, шөпке қатысады. Бозарып таң атып келеді. Ұлпан тым құрыса шай құйып беретін болар.

   Бұйрық рай – сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы

бөгде біреуге (3 жаққа) қаратылып, бұйрық, сұрай айтылатын өзіне (1 жаққа) байланысты қимылға, іс – әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық райдың басты мәні – бұйрықтық мағына. Бұйрықтық мағына негізінен алғанда 2-ші жаққа байланысты болып отырады. Мысалы: Тыңда дала Жамбылды (Жамбыл). Ғылым таппай мақтанба (Абай).

Бұйрық райдың құрамында бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәнді білдіретін бірінші және үшінші жақ пен олардың көрсеткіштері болуы бұйрық райдың түрлену парадигмасына, тұлғалық жүйесіне байланысты. Мағыналарында бұйрықты білдіруде өзгешелік болса да, бұйрық райдың жіктелу жүйесі, яғни 1-2-3 жақта және жекеше – көпше түрлену бір парадигмалық жүйенің көрсеткіші болып табылады.

Жіктеме үлгісі:

І.Мен барайын Біз барайық ІІ.Сен бар Сендер барыңдар Сіз барыңыз Сіздер барыңыздар ІІІ. Ол барсын Олар барсын Шартты рай – қимыл, іс – әрекеттің болу, болмау, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіріп, етістік түбіріне, лексика – грамматикалық категориялар тұлғасына –са,-се қосымшасы жалғану арқылы жасалады. Шартты райлы етістік ықшамдалған тұлғада жедел өткен шақ тұлғасы сияқты жіктеледі, сөйлемде негізінен алғанда тиянақсыз тұлға болып қолданылады, сондықтан көбіне – көп шартты бағыныңқылы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады. Мен айтсам Біз айтсақ Сен айтсаң Сендер айтсаңдар Сіз айтсаңыз Сіздер айтсаңыздар Ол айтса Олар айтса Қазақ тілінде шартты рай тұлғасындағы етістік әр уақытта шарттылық мәнде қолданыла бермейді. Кейде шартты рай тұлғалы етістік мезгіл бағыныңқы сөйлемнің немесе -да-де шылауымен тіркесіп, қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады. Көзімді ашып, алдыңғы жаққа қарасам, екі адам қарауытып тұр екен (Мұстафин).

   Қалау рай — сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетті орындауға я орындамауға қалау, тілек, ниет, ынтасын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын рай категориясының бір түрі. Қалау рай бірнеше жолмен жасалады. Негізгі етістіктерге -ғы;-гі;-қы-кі; қосымшалары жалғанып, тәуелденіп барып, тәуелдік жалғау арқылы жіктеліп, яғни жақтық, жекешелік – көптік мән үстеп, оған кел, келді, келеді көмекші етістігімен тіркесу арқылы.

(Ерікті қалау рай).

Менің оқығым келеді Біздің оқығымыз келеді

Сенің оқығың келеді Сендердің оқығыларың келеді

Сіздің оқығыңыз келеді Сіздердің оқығыларыңыз келеді

Оның оқығысы келеді Олардың оқығылары келеді . Сөйтіп, бұл тұлғалы қалау рай етістік синтаксистік сипаты жағынан жақсыз сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Етістік түбіріне –ғай-гей; қай-кей қосымшасының үстелуі арқылы және осы тұлғаға еді көмекші етістігі тіркесуі арқылы немесе шартты рай тұлғалы етістікке игі, екен, сөздерінің тіркесуі арқылы да тілек мәнді қалау рай жасалады. (тілекті қалау рай).

Мен барғаймын, барғай едім, барсам игі еді, көрсем екен.

Сен барғайсың, барғай едің, барсаң игі еді, көрсең екен.

Сіз барғайсыз, барғай едіңіз, барсаңыз игі еді, көрсеңіз екен.

Ол барғай, барғай еді, барса игі еді, көрсе екен.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы 1991 жыл.

2. Ы. Маманов. Қазіргі қазақ тілі. — Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы 1967 жыл

4. С. Өшербеков.Қалау рай және оның кейбір түрлері жөнінде.// Қазақ ССР ҒА-ның Хабарлары, филология және өнертану сериясы. 1960 жыл №1 \14\ шығуы. 5. Н. Оралбаева «Бұйрық райдың синтетикалық және аналитикалық формасы». «Қазақстан мектебі» 1971 жыл №4 89 – 92 бет

Шақ категориясы

   Қимыл іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады.

Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың мезгілі, шақтық мағынасы:

1) үнемі қайталанып, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрған кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет;

2) сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет;

3) сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін болуға тиісті қимыл-іс-әрекеттерді білдіреді.

Мысалы: Өнер, білім бар жұрттар

тастан сарай салғызды(Алтынсарин).

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі(Абай).

Енді бүгін қарасам,

Айналам бақыт кең жатыр.

Бір-бірімен туысқан,

Қол ұстасқан ел жатыр(Жамбыл).

Бұл сөйлемдердегі қалмайды, құлпырар, жатыр етістіктері мезгіл мағынасын білдіруі жағынан бірдей емес. Салғызды деген салғызу қимылының сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенін білдірсе, қалмайды, құлпырар етістіктері қалмау, құлпыру қимылдарының әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін болатынын, ал жатыр етістігі бұл қимылдың сөйлеп тұрған сәтте болып отырғанын білдіріп тұр.

Мерзімдік мәнді білдіретін сөздердің бәрі бірдей шақтық мәнін білдіре бермейді. Мысалы: Ертеңгі елдің қамын ойлайтын азаматтарымыз азып-тозғанын көрген қария қатты күрсініп, үлкен ойға кетті(«Ана тілі») деген сөйлемде ертеңгі сөзі мезгілдік мәнді білдірсе де, оларда шақтық қасиет жоқ.Бұл сөзде шақтық мағынаны білдіріп тұрған грамматикалық тұлға жоқ. Демек, шақтық мағына сөздің жалпы мағынасынан ғана көрінбейді, ол мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық тұлға болу керек.

Сонымен, сөйлеп тұрған сәтпен байланысты, қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Соған сәйкес етістіктің шақ түрі де – үшеу. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты, яғни сол сәтте болып жатқан қимылды осы шақ, әлі болмаған, бірақ кейін болатын қимылды келер шақ, сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып өткен қимылды өткен шақ білдіреді. Шақтық мағынаны білдіретін етістік көбінесе жіктеліп келеді де, сол арқылы жақтық мағына беріледі. Жіктік жалғау шақ көрсеткіштерінен (есімше, көсемше және арнайы шақ жұрнақтарынан)кейін жалғанады.

Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып үшке бөлінеді.

Өткен шақ

Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіретін етістіктің грамматикалық формасы.

Базаралы жағынан жамандық күткен кісінің бірі осы Әзімбай болған(Әуезов).

Қазіргі қазақ тіліндегі өткен шақ грамматикалық формасы мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып үшке бөлінеді.

А) Жедел өткен шақ.

Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады.Мысалы: Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман(Абай).

Жедел өткен шақ жұрнақтары етістіктің тұлғаларына тікелей жалғанады. Жедел өткен шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма,-ме,-ба,бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады.Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім(Абай).

Ә) Бұрынғы өткен шақ. Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда , әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді. Жортар осы ортаның қолбасы, батыры болған. Тыныштықты білмеген, барымта соғыс десе қолды –аяққа тұрмайтын қызулы жас болатын(Әуезов).

Бұрынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады:

а) Бұрынғы өткен шақ –қан,-кен,-ған,-ген тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады.

Ту ұстап, тұлпар мініп, ел қорғауға, Азамат азамат па аттанбаған(Тоқмағанбетов).

ә ) Бұрынғы өткен шақ етістікке көсемшенің –ып,-іп,-п жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Баяғыда Мысыр елінің әрі ақылды, әрі әділ кедей-кепшікке қамқоршы бір сұлтанды дәурен кешіпті(«Мың бір түн»).

Бұрынғы өткен шақтың күрделі түрі -ған,-ген тұлғалы есімшеге немесе –ып,-іп тұлғалы көсемшеге еді көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Жиреншенің қайда кеткенін Ұлжан білмеп еді(Әуезов).

Ескерту: Бұрынғы өткен шақтың есімшеден болған және еді көмекші етістігімен құралған күрделі түрі тұжырымды, айғақ мәнді білдіреді. Сондықтан шақ категориясын зерттеген ғалым Т.Қордабаев бұндай қолданысты айғақты өткен шақ деп атаған. Әңгіменің желісі осы оқиғаға байланысты құрылған.

 

Ал көсемшеден болған (біліпсің) және екен көмекші етістігінен құралған күрделі түрі айғақсыз мәнді білдіреді, сөйлеушінің көзі толық жетпейтіндігін байқатады.Т.Қордабаев бұндай қолданысты айғақсыз өткен шақ деп атаған. Сондықтан да бұрынғы өткен шақтың бұл түрі ертегілерде жиі кездеседі. Өткен заманда саудагер атаулының ішінде бір мықтысы болыпты(«Мың бір түн»).

Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі –ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе қосымшалары арқылы және жоқ, емес сөздері арқылы беріледі.

б) Ауыспалы өткен шақ. Ауыспалы өткен шақ есімшенің –атын,-етін,-йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақты, бірде келер білдіріп қолданады. Бұл өңірдің балықшылары бір тайпа ел болатын(Нұршайықов).

Ауыспалы өткен шақ жіктеліп те, еді көмекші етістігімен тіркесіп те жұмсалады. Ауыспалы өткен шақтың болымсыз түрі етістікке –ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе жұрнақтары арқылы жасалады. Ал ауыспалы келер шақ тікелей жіктелмейді, тек еді көмекші етістігімен тіркесіп қолданады. Құдалыққа бүгін кешке баратын едік(«Ана тілі»).

Осы шақ

Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді.

Қыр басынан етекке қарай болат арқан тартып, он шақты жұмысшы жүр(Мұстафин).

Осы шақ болатын етістіктердің мағыналық белгілері:

1. Сөйлеп тұрған кездегі іс-әрекетті білдіреді. Жұрт ойынмен болып жатыр (Майлин).

2. Әрдайым қайталанып тұратын дағдылы іс-әрекетті көрсетеді.

Арсыздық — ашыққаннан, ақсыздық — асыққаннан, пәмсіздік – масыққаннан шығады(«Аяз би»).

   Басқа шақ түрлеріне қарағанда осы шақтың жасалуында кейбір ерекшелік бар. Ол қалып етістіктерінің отыр. Тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде немесе немесе негізгі етістіктің көсемше (-а,-е,-й,-ып,-іп,-п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуын да, бұл грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі. Осыдан анық көрінетіндей, осы шақтың бұл түрі қазіргі кезде арнайы грамматикалық тұлғалар арқылы жасалмай, қалып етістіктерінің негізінде немесе көмекші етістік мәнінде жіктеліп келуінен жасалады. Шақтық мән отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің өз семантикасында бар. Көне кезде отыр –олтұрұр, тұр – тұрұр, жүр-жүрүр,жат-жатыр. Сөз соңындағы –ұр,-үр қосымшасы процессуальдық мәнді, болып тұрған қимылды білдірген. Сөйтіп қосымша түсіп қалса да, қосымша білдіретін мағына түбірге ауысқан қалып етістіктері(отыр, тұр, жатыр, жүр) осы күйінде шақ көрсеткіші болып қалыптасқан. Сондықтан да қалып етістіктері тіліміздегі барлық етістіктерден өзгеше болып көрінеді.Әрі түбір етістіктер сияқты бұйрық райдың екінші жақ анайы жекеше түрімен сәйкес келеді: сен отыр, сен тұр және тікелей жіктеліп, сөйлемде жеке қолданыла береді.Сөйтіп, қазіргі тұрғыдан нақ осы шақ арнайы грамматикалық тұлғаларынсыз-ақ қалып етістіктерінен жасалады да, ал тарихи тұрғыдан грамматикалық тұлғалары болған деген тұжырым жасауға болады.

Осы шақтың түрлері. Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді.

1) Нақ осы шақ. Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып бөлінеді.

а) нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жүр, жатыр етістіктерінің жіктелуі арқылы жасалады. Көрінгенді қарғап, ауылға бүйідей тиіп бәйбіше жүр(Майлин).

ә ) нақ осы шақтың күрделі түрі етістіктің –а,-е,-й,-ып,-іп,-п тұлғалы көсемше түрі мен отыр, тұр, жүр, жатыр деген қалып етістіктерінің тіркесуінен жасалады. Ол шыдай алмай, қатты қиналып жатыр(Майлин).

2. Ауыспалы осы шақ. Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. Ауыспалы осы шақ –а,-е,-й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады. Құстар ұшады. Студенттер дәріс тыңдайды, сабақ айтады.

Сонымен бірге процессуалдық мәнді білдіретін, әсіресе баспасөз тілінде III жақта жиі қолданып жүрген –уда,-уде тұлғасы да осы шақтың грамматикалық көрсеткіші деп беріліп жүр.Бүгінде 50-ге таяу елшіліктер жұмыс істеуде.

Келер шақ

Келер шақ қимыл, іс-әрекеттің әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін іске асатынын білдіреді.

Келер шақтың түрлері:

1) болжалды келер шақ

2) мақсатты келер шақ

3) ауыспалы келер шақ

1) Болжалды келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді.Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің –ар,-ер,- р , болымсыз түріне етістіктен кейін –с жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауының үстелуі арқылы жасалады(Т.Қордабаев сенімсіз келер шақ деп атаған) . Бірақ оның ойлағанының бәрі бола бермес(Әуезов).

2) Мақсатты келер шақ. Мақсатты келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне –мақ,-мек,-бақ,-бек,-пақ,-пек жұрнақтарының жалғанып, одан кейін жіктелуі арқылы жасалады(Т.Қордабаев сенімді келер шақ деп атаған). Ол ертең өз еліне қайтпақ.

Кейде –мақ,-мек жұрнақтарының үстіне –шы, -ші жұрнағы жалғанып,, жіктелуі арқылы да мақсатты келер шақ жасалады.Кейінгі жұмыс өзінен-өзі шешіле бермекші.

Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі –мақ тұлғалы етістікке және –шы тұлғалы етістікке емес деген көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады.Мынау көріністен Абай безбек емес(Абай).

3) Ауыспалы келер шақ. Ауыспалы келер шақ та ауыспалы осы шақ сияқты –а,-е,-й жұрнақты көсемшенің жіктеліп келуі арқылы жасалады.Тілегімді орындамасаң, ақ шашымды жаямын.

Ауыспалы келер шақтың ауыспалы осы шақтан айырмашылығы сөйлемде мезгіл мәнді басқа сөздермен де байқатып отырады. Бүгінге місе тұтпай, ертеңге көз жібереміз(Мәуленов). Қазір біз жақын жолмен жүріп келеміз(Момышұлы).

Жақ категориясы

   Морфологиялық көрсеткіш ретіндегі жіктік жалғау үш жақтың әр жағында бөлек-бөлек болып түрленіп, сол арқылы, бір жағынан, тұтас біртектес грамматикалық мағынаны білдіріп, екінші жағынан, әр жақты, әр түрлі грамматикалық формалар арқылы бір-біріне қайшы грамматикалық мағына білдіріп, морфологиялық түрлену жүйесінің жиынтығын құрау арқылы грамматикалық категория болып танылады.

Сөздің жіктелу жүйесі, бір жағынан, морфологиялық түрлену тұлғаларының жүйесі, екінші жағынан, сол арқылы берілетін грамматикалық мағыналар жиынтығы арқылы грамматикалық категория болып танылады. Сонымен бірге осыған негіз болып отырған жіктік жалғаулардың синтаксистік қызметі мен сөйлем құраудағы сипаты ерекше екенін естен шығаруға болмайды. Жіктік жалғаудың сонымен бірге осыған негіз болып отырған жіктік жалғаулардың синтаксистік қызметі мен сөйлем құрауға, сөйлемді тиянақтап, ой білдіруге тікелей қатысы бар, өйткені сөйлемнің діңгегі, ойдың көрінісі, негізі болып есептелетін сөйлемнің баяндауышы жіктік жалғау арқылы, бір жағынан, ойдың қазығы, қимыл, іс-әрекеттің иесі бастауышпен қиыса байланысып тұрса, екінші жағынан, ойды тұжырымдап, тиянақтап, сөйлемді аяқтап тұрады. Сондықтан да түркологияда жіктік жалғауын баяндауыш қосымшасы немесе баяндауыш категориясының тұлғасы деп атайды.

 

Қазақ тіл білімінде жіктелуді, жіктік жалғауды бірде тек жақтық мағынамен байланысты қарап, оны жақтық мағынаны, предикативті мәнмен барабар деп түсінушілік бар. Ы.Мамановтың « Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде : «Жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына үстейді, яғни предикативтік реңк береді» — деп пайымдалған.

Жіктік жалғауы есім сөз таптарынан гөрі етістікке тән десек те, оның өзіндік ерекшеліктері бар.

Біріншіден, етістік түбір тұлғада тікелей жіктелмейді, ал есім сөздер тікелей түбір күйінде жіктеледі және 1-2 жақтарында тек адамға байланысты есімдер ғана жіктеледі.

Екіншіден, етістіктің жіктелетін тұлғаларын өзі бірдей, біркелкі жүйемен жіктелмейді. Атап айтқанда, қазақ тілінде етістік 5 түрлі жіктеледі, 4 түрлі жіктік жалғауы жалғанады.

 

1) Етістіктің есімше тұлғалы түрі (-ған,-ген,-атын,-етін,-ар,-ер,-с,-мақ, -мек) және отыр, жатыр, тұр, жүр деген 4 қалып етістігі,-уда,-уде тұлғалы тұйық етістік есім сөздердей жіктеледі. Онда жіктік жалғаудың үшінші жағы болмайды, нольдік формада тұрады.

Мен оқығанмын. Біз оқығанбыз.

Сен оқығансың. Сендер оқығансыңдар.

Сіз оқығансыз. Сіздер оқығансыздар.

Ол оқыған. Олар оқыған.

2) Етістіктің көсемше тұлғалы түрі (-а,-е,-й,-ып,-іп,-п ) жіктеледі.

Мен келіппін. Біз келіппіз.

Сен келіпсің. Сендер келіпсіңдер.

Сіз келіпсіз. Сіздер келіпсіздер.

Ол келіпті. Олар келіпті.

Көсемше жіктелгенде 3-жақта арнайы -ды,-ді,-ты,-ті көрсеткіші болады, жіктелудің нәтижесінде көсемшенің осы тиянақсыз тұлғасы тиянақтылық сипатқа, аяқталғандық мәнге иеленеді.

3) Етістіктің шартты райы мен жедел өткен шақ түрлері шағындалған қосымшалар жалғану арқылы жіктеледі.

Мен айтсам, айттым. Біз айтсақ, айттық.

Сен айтсаң,айттың. Сендер айтсаңдар, айттыңдар.

Сіз айтсаңыз,айттыңыз. Сіздер айтсаңыздар, айттыңыздар.

Ол айтса, айтты. Олар айтса, айтты.

Етістіктің бұл тұлғалары жіктелгенде 3-жақта арнайы көрсеткіш болмайды.

4) Етістіктің бұйрық рай тұлғасы ерекше жіктеледі. Ол ерекшелік, біріншіден, бұйрық райда жіктік жалғаудың бүтіндей өзгеше болуында болса, екіншіден, етістіктің түбір тұлғасы мен бұйрық рай тұлғаларының сырттай ұқсас, бірақ екеуі бір емес екендігінде, яғни түбір сөз формаларына негіз болатын сөздің статикалық күйіндегі тұлғасы да, бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы тұлғасы – түбірден бөлек сөз формасы, грамматикалық түрлену парадигмасының бір көрінісі боп табылады.Сондықтан да етістіктің түбірі мен бұйрық райдың 2- жақ жекеше анайы түрі омоним формалар болады.

Мен барайын. Біз барайық.

Сен бар. Сендер барыңдар.

Сіз барыңыз. Сіздер барыңыздар.

Ол барсын. Олар барсын.

   Бұйрық райдың 2 жақ анайы жекеше түрінде бір кезде арнайы тұлға болса керек. Бір жағынан басқа түркі тілдерімен, екінші жағынан 2 жақтық басқа түрлерімен салыстырсақ, бұйрық райдың екінші жағында -ың,-ің,-ң қосымшасы болғандығы байқалады. Кейін ол түсіп қалып, етістіктің түбір тұлғасымен сәйкес болып қалыптасқан. Бұлай болуға етістіктің түбір тұлғасының тікелей жіктеле алмайтыны және сөйлемде етістік түбірдің сол күйінде қолданылмайтыны себеп болуы мүмкін. Қазіргі кейбір түркі тілдерінде бұл форма кейде сақталып жұмсалады : сен алың, келиң.

Қазақ тілінде 2-жақ сыпайы тұлғасында және көпше тұлғалары –ыңыз, -ыңдар бұйрық райдың 2 жағының жалғауы – ың,-ің сақталған, демек, сыпайлықты және көптікті білдіріп тұрған – қосымшаның – ыз,-із және көптікті білдіріп тұрған – қосымшаның – ыз, -із және –дар, -дер бөлшектері ғана. Бұйрық рай – етістіктің грамматикалық категориясының бір түрі ретінде өзіндік жіктелу парадигмасы бар тілдік құбылыс.

Бұйрық райдың басты мағынасы қимылдың, іс-әрекеттің, орындалуы-орындалмауында біреуге бұйыру, тілек ету, түрткі болу сияқты мәндермен байланысты болса, бұйыру мәні 2 жақта айқын болады, 3- жақта бұйыру — өтіну мәні басым болады, ал 1-жақта бұйрықтан гөрі ниет — өтініш мәні басым болады.

4) Етістіктің ерекше жіктелетін түрі қалау рай тұлғасы. Қалау рай тұлғасы (-ғы,-гі) тәуелдік жалғау арқылы жаққа жіктеледі, қимыл, іс-әрекет иесі,жақ иесі ( жіктеу есімдігі ) атау тұлғада емес, ілік септігінде тұрады.

Менің айтқым келеді. Сенің айтқың келеді.

Сондай –ақ –у тұлғалы тұйық етістікке тәуелдік жалғауы үстеліп, керек, қажет, мүмкін, тиіс сияқты модаль сөздердің тіркесуінен жасалған баяндауыштарда осы тәріздес жіктеледі.

Менің баруым қажет. Сенің баруың қажет. Оның баруы қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Ысқақов:«Қазіргі қазақ тілі». Алматы 1991 жыл.

2. Ы.Маманов:«Қазіргі қазақ тілі». Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы 1967 жыл.1 том.

4. Қазақ грамматикасы.Астана.2002.

5. Т.Қордабаев.Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің шақ категориясы.Алматы.1953.

Лекция №14

 

ҮСТЕУ

 

   Қазіргі қазақ тілінде үстеу лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан ерекшеленген дербес сөз табы болып табылады.

Үстеудің лексика-семантикалық сипаты

Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, жүзеге асу амал-тәсілін, мекенін, себебін, мезгілін, жай-күйін білдіретін және грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер.

Биыл Абай он үшке толған еді (М.Әуезов). Кейін баспай, ілгері бас (Шәкәрім). Болады осындай қыз, некен-саяқ… Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста (Абай). Берілген мысалдардағы биыл, кейін, ілгері, некен-саяқ, бірдей сөздері мағынасы мен тұлғалық ерекшеліктеріне қарай үстеу болып табылады. Мұндағы биыл толу етістігінің жүзеге асу мезгілін білдіріп, қашан? деген сұраққа жауап беріп тұр. Кейін, ілгері сөздері басу қимылының мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? деген сұраққа жауап береді. Некен-саяқ сөзі болу іс-әрекетінің мөлшерін білдіріп, қашан? деген сұраққа жауап беріп тұр. Бірдей үстеуі ұстау қимылының жүзеге асу амалын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп тұр.

Жоғарыдағы көрсетілген мысалдардағы талданған сөздер етістіктермен тіркесіп, олардың әр түрлі белгісін, қасиетін (мекенін, мезгілін, амалын, мөлшерін т.б.) білдіреді.

Қазақ тілінде осы тәрізді қимылдың әр түрлі сипаттарын білдіретін кейбір есім сөздер мен етістіктің көсемше тұлғалары да бар, бірақ олар үстеу орнына қолданылғанымен, яғни қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, мекенін, амалын, мезгілін т.б. білдіргенімен сөз табы жағынан үстеу болып танылмайды.

Жалғанда болмас жұбаныш (Абай). Құздарында бал бұлағың (Ә.Сәрсенбаев). Бозторғай шырылдайсың жерге түспей (К.Әзірбаев). Аспандап алыс кеткен не бір мықты (Қ.Аманжолов). Жоқ-барды ертегіні термек үшін (Абай). Осы сөйлемдердегі жалғанда, құздарында, жерге сөздері қимылдың орнын, мекенін білдіріп, қайда? деген сұраққа жауап беріп тұрса, аспандап сөзі іс-әрекеттің амалын білдіріп, қалай? деген сұраққа, ал термек үшін амалдың мақсатын білдіріп, не үшін? деген сұраққа жауап беріп тұр.

Сөйте тұрса да бұлар үстеу емес, пысықтауыш қызметінде жұмсалып тұрған есімдер мен көсемше тұлғалы етістіктер болып табылады.

Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер етістікпен тіркесіп, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Кейбір үстеулер морфологиялық өзгеріске түсіп, субстантивтенеді, яғни көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Мысалы: Бүгініміз – беймаза, өткеніміз өкініш пе? («Ег.Қаз.»). Бүгіндері тек ыммен түсініседі (Ә.Тарази).

Үстеудің қүрамдық түрлері

    Үстеудің негізгі грамматикалық белгісі – оның арнайы түрлену жүйесінің және грамматикалық категорияларының жоқтығы. Сөйтіп, үстеу қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы болып саналады.Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер құрамы жағынан түбір үстеулер, туынды үстеулер және күрделі түбір үстеулер болып үшке бөлінеді.Негізгі үстеулер. Құрамы жағынан түбір және қосымшаға бөлшектеуге келмейтін сөздер негізгі үстеулер деп аталады. Біраз, кеше, енді үстеулері морфемаларға бөлшектеуге келмейтін түбірден құралған сөздер.Негізгі үстеулерге мына сөздер тобы жатады: жылдам, әрең, әдейі, жорта, әзір, әлі, бұрын, қасақана, ұдайы, ақырын, ерте, кеш, жоғары, төмен, қазір, дереу, жаңа, енді, шапшаң, бағана, ілгері, әрі, бері, мана, ылғи, әзір, бекер, дереу, кері, әрмен, бермен, нақ, нағыз, дәл, өте, тым, аса, ерекше, мүлде, оқыс, түгел т.б.

   Ескерту: Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі үстеулер болып табылатын ары, бері, кері көне түркі тілінде морфемаларға бөлшектеніп, -ры, -рі, -ру бағыттық барыс септігінің функцияларында жұмсалатын тұлғалардың түбірге сіңісіп, кірігіп кетуі арқылы қалыптасқан. Ғалымдардың көпшілігі бұл тұлғаны көне барыс септіктің жалғауы деп таныса, кейбір зерттеушілер жалғау емес, бағыттық мағына тудыратын қосымша деп қарайды. Көне түркі ескерткіштер тіліндегі –ры, -рі, -ру, -рү түбір сөздердің құрамында өлі формант ретінде сақталған. Сонымен бірге негізгі түбір үстеу тобына жататын жоғары, ілгері сөздерінің түбірі жо, іл есім сөздер болған. Жо – жоқ, йок – биік мағынасын, іл – ілкіде, баста мағынасында қолданылған. Тарихи тұрғыдан жо, іл сөздеріне –ға, -ру, -геру, -қару, -керу формаларының жалғануы арқылы үстеулер жасалған.Негізгі үстеулердің көпшілігіне сын есімнің шырай жұрнақтары жалғанады. Атап айтқанда, мына мезгіл үстеулері: бұрынырақ, ертерек, кешірек т.б. Мысалы: Бұрынырақ кезде бұндайда асын тастап, кісіге қарап жалтақтап шығып кететін (М.Әуезов). Ертерек келмедің деп несіне ескертпейін, ештен кеш жақсы (Ғ.Мүсірепов). Мекен үстеулеріне жалғанады: төменірек, әрірек, жоғарырақ, төмендеу, берірек т.б. Сын қимыл үстеулеріне жалғанады: тезірек, жайырақ, жылдамдау, оңайырақ т.б.

   Үстеудің кейбір мағыналық топтары шырай жұрнақтарын мүлдем қабылдай алмайды. Жоғарыда аталған кейбір үстеулерге сын есімнің шырай жұрнақтарының жалғануы таихи жағынан үстеудің сын есіммен жақын, төркіндес екендігін көрсетеді. Осымен байланысты шырай жұрнақтарын қабылдайтын да – негізгі түбір үстеулер мен қимылдың сапалық белгісін білдіретін үстеулер.

   Туынды түбір үстеулер. Басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының көнеленуі, яғни түбірге сіңісіп кетуі арқылы жасалған сөздер туынды үстеулер деп аталады. Қатарлай тіккен киіз үйлер (М.Әуезов). Сейтенге қазақша ғана айтты, қазақ екен (Ғ.Мүсірепов). Түнде ақсақалдарды жинап, солардың қолына бірсыпыра мал сақтауға бермекші болыпты (Б.Майлин). Осы сөйлемдердегі қатарлай, қазақша үстеулері зат есімдерге –лай (-ла+й), -ша жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалса, түнде үстеуі жатыс септігінің де жалғауының көнеленуі негізінде үстеуге айналған.

Көлемдік септік жалғаулар арқылы жасалған туынды үстеулер

Тілімізде көлемдік септік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары арқылы жасалған, адвербиалданып үстеуге көшкен сөздер бар. Олар:

 

1. Барыс септігінің көнеленуі негізінде жасалған үстеулер: босқа, жатқа, артқа, текке, бекерге, кешке, әзірге. Мезгілдік мәндегі бұндай үстеулер кейде дейін, шейін, жақын тәрізді септеулік шылаулармен де тіркесіп жұмсалады: кешке жақын, түнге дейін т.б.

2. Жатыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған үстеулер: түнде, мұнда, күнде, баяғыда, қапыда, лезде т.б

3. Шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған үстеулер: шетінен, төтеден, шалқасынан, етпетінен, қырынан, кенеттен, өз-өзінен т.б. Мезгілдік мәндегі бұндай үстеулер кейде бері, кейін сияқты септеулік шылаулармен де тіркесіп жұмсалады: түннен бері, таңнан кейін т.б.

Күрделі түбір үстеулер. Бірнеше түбірдің кірігуі, бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, тұрақтануы арқылы жасалған сөздер күрделі түбір үстеулер деп аталады. Мысалы, екіталай (біріккен), ертеңді-кеш, жан-жағы (қосарланған), күні бойы (тіркесіп тұрақтанған) – күрделі түбір үстеулер.

Күрделі түбір үстеулер мына жолдар арқылы жасалады:

1. Басқа сөз таптарының бірігуі, кірігуі нәтижесінде пайда болған үстеулер: бүгін (бұл күн), биыл (бұл жыл), жаздыгүні (жаздың күні), қыстыгүні (қыстың күні), ендігәрі (ендігіден әрі) т.б.

2. Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған үстеулер: бірте-бірте, бет-бетімен, бостан-босқа, қолма-қол, оқта-текте, анда-санда, жата-жастана, жапа-тармағай, аз-аздап, күні-түні.

3. Сөздердің тіркесуі мен идиомаланған тіркестер: алдын ала, ала жаздай, күні кеше, күні бүгін, ертеден қара кешке, томаға тұйық, күн ұзаққа, әлі күнге, күн ілгері.

Үстеудің семантикалық топтары

Үстеудің сөз табы ретінде басты белгісі – оның семантикалық сипаты болып табылады. Соған сәйкес сөйлемде белгілі қызмет атқарады, ол – пысықтауыш және етістікпен тіркесіп жұмсалады, ал морфологиялық жағынан түрленбейді. Ол қимыл, іс-әрекетті әр түрлі мекендік, мөлшерлік, сындық сипаттары мен мақсат, себептерін білдіреді. Осындай мағыналық ерекшеліктерімен байланысты, олар мына семантикалық топтарға бөлінеді: мезгіл үстеулері, мөлшер үстеулері, мекен үстеулері, сын-қимыл (бейне) үстеулері, күшейтпелі үстеулер, мақсат үстеулері, себеп-салдар және топтау үстеулері.

Мезгіл үстеулері

    Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жүзеге асу уақытын, мезгіл, мерзімін білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеулері мыналар: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, енді, ертең, таңертең, кешке, күндіз, қыстыгүні, әуел-баста, қыстай, жаздай, кеш, әлі т.б. Енді бұлардың бар күшін салып жатқаны (Ғ.Мүсірепов). Әлі де желісі үзілмей, ой соңында келе жатқан (М.Әуезов) тәрізді сөйлемдердегі енді, әлі қимылдың мезгілін білдіріп тұрған үстеулер. Мезгіл үстеулері құрамына қарай негізгі, туынды және күрделі түбір болып бөлінеді.

Негізгі түбір үстеулер морфемаларға бөлшектеуге келмейтін сөздерден тұрады. Олар: қазір, бұрын, ертең, жаңа, кеш, енді, кеше т.б.

Туынды түбір үстеулер басқа сөз таптарынан сөз тудыратын жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мезгіл үстеулердің жасалу жолдары:

1. —ша/ше: бүгінше, биылша, әзірше. Мысалы: Биылша біз бұл құрылысты тоқтата тұруды жөн көрдік («Ана тілі» газ.). Уақыт қана емдейтін, ұзап барып айығатын әзірше үзілмес шер (М.Әуезов).

2. Көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мезгіл үстеулері: әуел баста, жазда, қыста, баяғыда, күнде, түнде, басында, лезде, ілуде, бағанадан, бүгіннен, түннен, бұрыннан, баяғыдан, әуелден, ертемен, таңертеңмен.

3.Күрделі түбір мезгіл үстеулері бірнеше сөздердің бірігіп, қосарланып, тіркесіп тұрақтануы арқылы жасалады. Олар: бүгін, биыл, таңертең, жаздыгүні, қыстыгүні, жазғытұрым, кешқұрым, әуел баста, апақ-сапақта, бүгін-ертең, енді-енді, бұрын-соңды, ала жаздай, күні-бүгін, таң сәріде, жаз бойы. Мезгіл үстеулері қимылдың мезгілін білдіріп, естістікпен тіркесіп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемнің мезгіл пысықтауышы қызметін атқарады.

Мекен үстеулері

   Қазіргі қазақ тіліндегі мекен үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдардың мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулерге мына сөздер жатады: төмен, жоғары, ілгері, әрі, бері, әрмен, алға, артқа, артта, тысқары, осында, мұнда, кері, алды-арты, әрі-бері, жолшыбай, жол-жөнекей т.б. Мекен үстеулері құрамы жағынан негізгі, туынды, күрделі түбір үстеулер болып бөлінеді.

1. Негізгі мекен үстеулері жеке дара сөздерден тұрып, морфемдік жағынан бөлшектеуге келмейді. Олар: жоғары, төмен, әрі, бері, кері т.б.

2. Туынды түбір мекен үстеулер сөз тудыратын жұрнақтар арқылы және көлемдік септіктердің консервациялануы жасалады.

Мекен үстеуінің жасалу жолдары:

а) –қары (-кері), -ғары (-гері) жұрнақтарының жалғануымен жасалады: ілгері, тысқары, сыртқары, ішкері. Бұлдардың кейбірі түбірмен кірігіп, қазіргі кезде туынды түбір болып есептелмейді де.

ә) Көлемдік (барыс, жатыс) септіктерінің көнеленуі жолымен жасалады: алға, артқа, төменде, жоғарыда, артта, осында, мұнда, ілгеріде.

3. Күрделі түбір мекен үстеулер. Бұлар сөздердің қосарлануы арқылы жасалады. Қосарлану арқылы жасалған мекен үстеулер: алды-арты, жол-жөнекей, әрі-бері т.б. мекен үстеулері негізінен тістікпен тіркесе келіп, оның орнын, мекенін, бағытын білдіріп, сөйлемнің мекен пысықтауыш мүшесі болады. Базаралы басын шайқады да кейін қозғалды (М.Әуезов).

Мөлшер үстеулері

   Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіріп қанша? қаншалық? қаншама? қаншалап? кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулеріне төмендегі сөздер жатады: сонша, осыншама, мұнша, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, онша, едәуір, бірталай, бірқыдыру, біраз т.б. Кейде мөлшер үстеулері есім сөздермен тіркесіп те жұмсалады: бірталай уақыт өтті, сонша жүкті көтеріп, сондайлық сыпайы т.б.

   Морфологиялық құрамы жағынан мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды, себебі тілдегі барлық мөлшер үстеулері басқа сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалған.

Мөлшер үстеулердің жасалу жолары:

1) Туынды түбір мөлшер үстеуі мына қосымшалар арқылы жасалған:

-ша (-ше): сонша, мұнша, онша т.б.

-шама: соншама, мұншама, осыншама, біршама т.б.

-шалық: мұншалық, соншалық, осыншалық.

-дайлық: мұндайлық, ондайлық, сондайлық, бұндайлық т.б.

2) Күрделі түбір мөлшер үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.

а) бірігу тәсілімен жасалған мөлшер үстеулері: анағұрлым, бірсыпыра, бірқыдыру, недәуір, неғұрлым, бірталай т.б.

ә) қосарлану тәсілі арқылы жасалған мөлшер үстеулері: бірен-саран, бірлі-жарымды, азды-көпті, некен-саяқ т.б.

Мөлшер үстеулері бірде етістіктермен тіркесіп, іс-әрекет, қимыл, амалдың мөлшерін білдірсе, бірде зат есім, сын есімдермен тіркесте қолданылып оның мөлшерін білдіреді. Мысалы, соншама өкпеледі, недәуір ер жетті, анағұрлым өсіпті деген мысалдардағы соншама, недәуір, анағұрлым мөлшерлік үстеулері өкпеледі, ер жетті, өсіпті етістіктерімен тіркесте қолданылып, қалай? қанша? деген сұрақтарға жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін көрсетеді. Мысалы, соншама үлкен үй, недәуір терең, анағұрлым төмен т.б. мөлшер үстеуі етістікпен тіркесе келіп, сөйлемнің мөлшер пысықтауышы қызметін атқарады. Сонымен бірге зат есім, сын есімдердің алдында келіп, оны анықтап, сөйлемнің қабыса байланысатын анықтауышы болады. Мысалы: Осынша өнер тауып асқан адам (Шәкәрім). Бірен-саран жатақтар көше жөнелуге әзірленіп қалды (Ғ.Мүсірепов).

Сын-қимыл (бейне) үстеулері

    Қазіргі қазақ тіліндегі сын-қимыл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалу амал-тәсілін, сынын, бейнесін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл үстеулерге мына сөздер тобы жатады: ақырын, тез, шалқасынан, әзер, оқыс, дереу, өзінше, зорға, қапыда, лезде, үнемі, бостан-бос, емін-еркін, ерекше, өзгеше, көйлекшең, тікелей, ретімен, жүресінен, кезекпен, жайымен, астыртын, жасырын, үстіртін, бірден, біржола, шала-пұла, зым-зия, бетпе-бет, қолма-қол т.б.

Сын-қимыл үстеулері құрамы жағынан негізгі түбір, туынды түбір, күрделі түбір сын-қимыл үстеулері болып бөлінеді.

Негізгі түбір үстеулер мағыналық бөлшектерге бөлінбейтін жеке дара сөздерден тұрады. Олар: тез, әзер, оқыс, дереу, үнемі, еркін, ерекше.

Туынды түбір сын-қимыл үстеулері басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарынын жалғануы, көлемдік септіктерінің көнеленуі арқылы жасалады. Атап айтқанда, туынды үстеулердің жасалу жолдары мынандай:

а) –ша (-ше) жұрнағының әр түрлі сөз таптарына жалғануы арқылы көптеген сын-қимыл үстеулері жасалған. Олар: адамша, балаша, құсша, қазақша, ауызша, жазбаша, ескіше, керісінше, қысқаша, өзінше т.б.

ә) –шаң (-шең) жұрнақтары зат есімдерге жалғану арқылы жасалады. Олар: көйлекшең, етікшең, байпақшаң т.б.

б) –лай (-лей), -дай (-дей) жұрнақтарын қосу арқылы. Олар: жартылай, осылай, былай, бірдей, ойлай, тікелей, шикілей, өлердей т.б.

Көлемдік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің көнеленуі арқылы жасалған сын-қимыл үстеулері төмендегідей.

а) Барыс септігі жалғауы арқылы: бірге, босқа, зорға үстеулері.

ә) Жатыс септігі жалғауы арқылы: қапыда, оқыста, лезде, қапелімде, аңдаусызда.

б) Шығыс септігі жалғауы арқылы: өздігінен, шалқасынан, кенеттен, төтесінен.

в) Көмектес септігінің жалғауы арқылы: жайымен, ретімен, кезекпен, өздігімен, шынымен т.б. үстеулер.

Күрделі түбір түріндегі сын-қимыл үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.

а) Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: біржола, біржолата, жайбарақат, ауызекі.

ә) Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: бостан-босқа, емін-еркін, шала-пұла, зым-зия, бетпе-бет, қолма-қол, жападан-жалғыз т.б.

Сын-қимыл бейне үстеулері негізінен етістікпен тіркесіп келіп, қимылдың сынын білдіріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметін атқарады.

Күшейтпелі үстеулер

Қазіргі қазақ тіліндегі күшейткіш үстеулер заттың сындық қасиетін және қимыл, іс-әрекеттің белгі, сапасын, мөлшер, көлемін күшейтіп не солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулерге мына сөздер тобы жатады: ең, тым, өте, аса, орасан, нағыз, әбден, мүлде, кілең, өңкей, дәл, керемет, орасан, өрен т.б.

Күшейткіш үстеулер негізінен сапалық сын есіммен тіркесіп қолданылып, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасайды. Ақылды ой, алғыр сөз адамның ең жоғары қасиеті (Ғ.Мүсірепов).

Күшейткіш үстеулердің көбі етістік алдына келіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп қимылдың сапасын күшейтеді немесе солғындатып көрсетеді. Шешесі әбден таниды екен (М.Әуезов).

 

Морфологиялық құрылысы жағынан күшейткіш үстеу тек негізгі түбір болып келеді. Ол басқа сөз таптарына жұрнақтар жалғану арқылы немесе бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалмайды. Мысалы, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр (Абай) деген мысалдағы өңкей үстеуі морфемдік бөлшектеуге келмейтін сөз.

Мақсат үстеулері

Қазіргі қазақ тіліндегі мақсат үстеулері қимыл, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіріп, не мақсатпен? деген сұраққа жауап береді. Мақсат үстеуге жататын сөздер көп емес. Олар: әдейі, қасақана, жорта, әдейілеп. Мақсат үстеулері құрамы жағынан тек негізгі түбір болып келеді. Сөйлемде етістікпен тіркесіп, мақсат пысықтауыш қызметін атқарады. Құнанбай бағанадан әзіл салған да, әдейі соған шұқшиған (М.Әуезов) деген сөйлемде не мақсатпен? деген сұраққа жауап беріп пысықтауыш қызметінде тұрған үстеу — әдейі сөзі.

Себеп-салдар үстеулері

Қазіргі қазақ тіліндегі себеп-салдар үстеулер қимыл, іс-әрекет, амалдың болу, болмау себебін немесе салдарын (нәтижесін) білдіріп, не себепті? неге? деген сұраққа жауап береді. Себеп-салдар үстеулерге жататын сөздер мыналар: босқа, амалсыздан, бекерге, текке, лажсыздан, құр босқа, шарасыздан, жоққа т.б.

Құрамы жағынан себеп-салдар үстеулер туынды түбір болып келеді. Олар көлемдік (барыс, шығыс) септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалады. Олар: бекерге, босқа, текке, жоққа, шарасыздан, амалсыздан, лажсыздан.

Себеп-салдар үстеулер сөйлемде қимылдың жүзеге асу себеп-салдарын білдіріп, сөйлемнің себеп-салдар пысықтауышы қызметінде жұмсалады. Жандыкең лажсыздан өзінің артықтау кеткенін түсінді ме (Айымбетов).

Топтау үстеулері

    Қазіргі қазақ тіліндегі топтау үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалуының топтық сипатын білдіреді де, нешеден? қаншалап? деген сұрақтарға жауап береді. Топтау үстеулеріне жататын сөздер төмендегідей: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп т.б. морфологиялық құрамы жағынан топтау үстеулері туынды түбір күйінде және қосарланған, яғни күрделі туынды түбір күйінде кездеседі. Топтау үстеулерінің жасалу жолдары:

1) –лап (-леп), -дап (-деп), -тап (-теп) жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Олар: екеулеп, мыңдап, көптеп, аздап, қостап, жекелеп т.б.

2) Қосарлану арқылы жасалаған күрделі туынды түбір топтау үстеулері: қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп, бес-ондап т.б.

Топтау үстеулері сөйлемде қалай? деген сұраққа жауап беріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Жұмыскерлер жер барактарынан бір-бірлеп шығып айналаға тітіркене қарайды (Ғ.Мүсірепов).

Үстеудің сөйлемдегі қызметі

Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен, көбіне, етістікпен қарым-қатынасқа түсіп, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқарады. Ол негізінен пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

1.Үстеу семантикалық сипатына сәйкес қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі сын-сипаты, белгісін білдіреді. Осымен байланысты мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын-қимыл, мақсат, себеп пысықтауыш бола алады. Жайнағаның қараңғы түнде құлындай шыңғырған дауысы естілді (С.Мұқанов). Тұра қаштым жалма-жан (Абай). Ерекше бір азап дүниесінен келгендей (М.Әуезов). Боранды күні ығып келе жатқан қойға араласып, бет-бетімен бөліп-бөліп әкетіп, талай қойды қырып шықты (Сонда). Оразбай жалғыз көзін төмен салып… (Сонда). Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен (Сонда) деген мысалдардағы түнде үстеуі қашан? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың өту мезгілін білдіріп, мезгіл пысықтауыш қызметінде, жалма-жан, ерекше сөздері қалай? сұрағына жауап беріп, іс-әрекеттің амалын білдіріп, қимыл-сын пысықтауыш болса, төмен үстеуі қимылдың орнын білдіріп, қайда? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемнің мекен пысықтауыш мүшесі қызметінде, ал талай үстеуі қанша? деген сұраққа жауап беріп, мөлшер пысықтауыш қызметін атқарып тұр.

 

2. Кейбір үстеу сөйлем аяғында жіктеліп, баяндауыш болады. Іркітің де сонда, өлген малдың тері-терсегі де сонда (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемдегі сонда үстеуі ІІІ жақ жіктік жалғауының нөлдік тұлғасында тұрып баяндауыш қызметін атқарып тұр.

3. Кейбірі атау септігінде тұрып, субстантивтеніп, бастауыш болады. Еріншектің ертеңі бітпес (Мақал). Біразы – уылжыған жас, бірқатары – сақалдары күректей мұжықтар (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемдердегі ертеңі, біразы, бірқатары атау септігінде тұрып, бастауыш қызметінде жұмсалып тұр.

4. Зат есіммен, сын есіммен тіркесіп келіп, кейде анықтауыш қызметін атқарады: бірталай уақыт өтті, бірен-саран адам көрінеді, осынша өнерді қалай игердің?

5. Сөйлемде септеліп, заттанып толықтауыш та болады. Бірталайымен қол алысып амандасты (Ғ.Мүсірепов). Талайды осы күні-ақ жүрмін көріп (С.Торайғыров) сөйлемдеріндегі бірталайымен, талайды үстеулері көмектес септігі мен табыс септігінде тұрып толықтауыш қызметін атқарып тұр.

 

ЕЛІКТЕУІШ СӨЗДЕР

 

Еліктеуіш сөздер туралы түсінік

   Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, грамматикалық сыр-сипаты жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуын сөздер еліктеуіш сөздер (мимема) деп аталады.

Еліктеуіш сөздер семантикалық жағынан алғанда, біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан туатын, сондай-ақ, неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын, әр түрлі әрекет қимылдарынан туатын, әрқилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе, екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың және неше түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-әрекеттерінің де қилы-қилы көріністерінен пайда болатын түсініктерді білдіреді. Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, тырс, ырс, барқ, борт, күрт, кірт, морт, сарт, шырт, дүңк, күңк, қыңқ, мыңқ, маңқ, саңқ, шаңқ, шіңк, сыңқ, таңқ, тыңқ, ыңқ, болп, былп, жалп, желп, қолп, ірк, ырқ, сарт-сұрт, қалт-құлт, шаңқ-шаңқ, арбаң-арбаң, бүгжең-бүгжең, арсалаң-арсалаң, ербелең-ербелең, батыр-бұтыр, далаң-далаң, тарбаң-тарбаң, қызараң-қызараң, қаңғыр-күңгір, митың-митың, салаң-сұлаң, ыржың-ыржың т.б.

   Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын ір алуан дыбыстармен байланысты болса, екінші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әрқилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді, бір тобы еліктеуіш (еліктеме) сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер деп аталады.Бұл сөздер семантикалық жағынан ғана емес, фонетика-грамматикалық сыр-сипаттары жақтарынан да (мысалы: буын құрылымы, морфологиялық тұлғалары, синтаксистік қызметтері) бір-бірімен ұқсас, орайлас болып келеді.

Еліктеуіш сөздердің семантикалық сипаты

Еліктеуіш сөздер(дыбыстық)

    Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу мен соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы: Мылтық тарс етті; қарға қарқ етті деген сөйлемдерді алсақ, ондағы тарс деген сөз мылтықтың атылуынан туған дыбыстың атын білдірсе, қарқ деген сөз қарғаның дыбыстау мүшесінен (қарқылдауынан) шыққан дыбыстың атын білдіреді. Демек, бұл екі сөздің екеуіне де жансыз және жанды заттардан шыққан дыбыстар негіз болған. Бірақ бұл дыбыстардың қайсысы болса да, әрине, сол дыбыстардың дауыстарын дәлме-дәл етіп айтуға тырысудан туған әрі дыбыстық бейне, әрі сол бейненің атауы ретінде қалыптасқан дыбыстар. Заттың құрылымдық бөлшектерінің ерекшеліктеріне қарай, жерге түскендегі дыбыс я дүңк, я тыңқ, я тоқ, я тық… етіп естілуін тілмен дәлме-дәл айтып жеткізу қиын-ақ. Дегенмен, осы дыбыстар дыбыстық бейне ретінде де, сол бейнелердің атаулары ретінде де қалыптасқандықтан, оларды біз сөздер есебінде қабылдаймыз. Оның бер жағында, бұл дыбыстар, қайсысы болса да, жалаң дыбыстар емес, күрделі дыбыстар. ал осы күрделі дыбыстар белгілі-белгілі табиғат дыбыстарының таңбалары есебінде қабылданып, тиісті сөздерге айналған. Мысалы: Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті (М.Әуезов). Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала, ырр етіп барып бас салды (Сонда). Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды (Сонда). Осы сөйлемдердегі топ, ырр, дар-дар, сырт-сырт, қорқ-қорқ сөздері де тиісті дыбыстарды есітуден пайда болған түсініктерді білдіреді. Сондықтан бұлар да, әрине, еліктеуіш сөздерге жатады.

Осындағы дар-дар, сырт-сырт, қорқ-қорқ деген еліктеуіш сөздер бастапқы түбірлердің екі рет қайталануынан жасалған. Егер сол сөйлемдердің құрамдарына да, құрылыстарына да ешқандай өзгеріс енгізбей, тек осы еліктеуіш сөздерді қосарланған түрде емес, жалаң түрде ғана қолдансақ (мысалы, сырт етіп жас сүйек сынды), өзге сөздер сияқты, еліктеуіш сөздердің не жалаң түрі мен қосарланған түрі болатыны, олардың мағыналарында тиісті айырмашылық барлығы аңғарылады. Демек, еліктеуіш сөздің жалаң түрі амал-әрекеттің бір ғана рет жасалатынын білдірсе, қайталанған түрі сол амал-әрекеттің үсті-үстіне әлденеше рет қайталанып жасалатынын білдіреді. Мысалы: дар айрылды және дар-дар айрылды; сырт етіп және сырт-сырт етіп; қорқ етіп және қорқ-қорқ етіп дегендердегі мағына жағынан салыстыруға болады.

Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің екінші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады. Мысалы: Біреу есікті тарс-тарс ұрды және біреу есікті тарс-тұрс ұрды деген сөйлемдердің құрылысы мен құрамдарында айырмашылық болмаса да, мағыналарында (сәл болса да) айырмашылық бар; тарс-тарс ұрды дегенде, адам есікті әрі қатты, әрі бірнеше рет ұрғанымен бірқалыпты ұрғаны аңғарылады, ал тарс-тұрс ұрды дегеннен есіктің қатты ұрылуы бірқалыпты емес, бірде қатты, бірде онан да қаттырақ, я солғын болып алмасып отырғаны аңғарылады. Бірақ бұл екі форманың қызметінде тарс-тарс (сарт-сарт) дегенде де, тарс-тұрс (сарт-сұрт) ешқандай өзгешелік болмайды. Олар біреуінің орнына біреуі тұра алады. Морфологиялық жағынан да бұл үш форма (тарс, тарс-тарс, тарс-тұрс) өзгермейтін сөздер ретінде қала береді.

Басқа сөздер сияқты, мағына жағынан бір-біріне жақын, синонимдес, екі түрлі еліктеуіш сөз қосарлана береді, мысалы: сатыр-күтір, салдыр-күлдір, бұрқ-сарқ т.б. Бұл ерекшелік те – еліктеуіш сөздердің қосарлануына тән қалыпты, заңды құбылыс. Әдетте, су бұрқ-бұрқ қайнап жатыр деп те, су сарқ-сарқ қайнап жатыр деп те айтыла береді. Бұл сөйлемдердің де құрылыстары мен құрамдарында ешқандай айырмашылық жоқ, арасында азды-көпті мағыналық айырмашылық бар: бұрқ-бұрқ қайнауға қарағанда, сарқ-сарқ қайнау әлдеқайда күшті. Солай болса, сол екі дыбысты (сөзді) есіткеннен кейінгі алынатын әсер де бірдей емес. Ендеше, бұл екеуінің мағыналары да бір-біріне қарайлас та, жақын да. Егер бұл екі сөздің бір-бір сыңарларын бөліп алып, оларды қосарлап: Су бұрқ-сарқ қайнап жатыр десек, оған бұрқ және сарқ деген екі сөздің де беретін мағынасы бірдей кіреді, демек, су я бірыңғай бұрқылдап та; я бірыңғай сарқылдап та қайнамай, жоғарыда айтқан сияқты (тарс-тұрс) сияқты, бірде (я бір жері) бұрқылдап, бірде (я бір жері) сарқылдап қайнаудың дыбыстық та, бейнелік те көрінісі білінеді. Салдыр-күлдір, сатыр-күтір сияқтанған сөздердің де құрылыстары мен мағыналарынан осыны байқауға болады.

 

Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстың не ашық, не қысаң болуы да сол сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы, есік сарт етіп жабылды және есік сырт етіп жабылды деген сөйлемдерде құрылыс жағынан ешқандай айырма жоқ бола тұрса да, мағына жағынан бір-бірінен, сәл де болса, ерекшеленіп тұр. Ол ерекшелік: сарт және сырт деген сөздердің дауысты дыбыстарына ғана байланысты, демек, сарт етіп жабылғаннан есіктің қатты жабылғаны, яғни құлаққа естілетін дыбыстың қатты шыққаны, ал сырт етіп жабылғаннан есіктің дыбысы ақырын шыққаны аңғарылады. Ал есіктің қатты я ақырын жабылғандығын (соған сәйкес дыбысын да ажыратып дифференциялау) білдіріп тұрған нәрселер түбірлердің дауысты дыбыстарының я ашық, я қысаң болуына ғана байланысты. Екінші сөзбен айтқанда, еліктеу сөздің түбіріндегі дауысты дыбыс ашық болса, құлаққа келетін табиғат дыбысы да қатты естіледі, қысаң болса, ақырын естіледі. Осыған сәйкес сол сөздің мағынасы да ажырайды (дифференцияланады). Ондай сөздердің мағыналарындағы айырмашылықты білу үшін, қосымша, мысалы, тарс және тырс, шақ-шақ және шық-шық, шаңқ-шаңқ және шыңқ-шыңқ, қарш-қарш және қырш-қырш, борт-борт және бырт-бырт деген сөздерді салыстыруға болады.

   Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстардың я жуан, я жіңішке болуы да сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы: шыңқ-шыңқ етеді, шіңк-шіңк етеді дегендердің мағыналарында айырмашылықтар бар. Шіңк-шіңк дегендегі дауысты дыбыстың жіңішке болуынан еліктеуіш сөздің мағынасы сәл өзгешерек болып тұр, демек, одан дыбыс әлсіз болатыны, соған сәйкес, лажсыздықтан ащы келетіні байқалады. «Тоғыз тоңқылдақ және бір шіңкілдек» деген ертегіде зорлықшыл, қара күш иесі тоғыз жігіттің тоңқылдақ делініп аталуы, күші аз, әлсіз, бірақ тәсілшіл бір жігіттің шіңкілдек делініп аталуы кездейсоқ нәрсе емес. Мұндағы тоңқылдақ деген зат есім бастапқы тоңқ деген еліктеуіш сөзден, шіңкілдек деген зат есім бастапқы шіңк деген еліктеуіш сөзден шыққан. Солай болса, еліктеуіш сөздерден жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздердің де семантикалық мағыналары, жоғарыда айтқандай, олардың түбірлеріндегі дауысты дыбыстарға байланысты болады.

   Ауызекі тілде адамның көңіл-күйіне, эмоциялық жағдайына байланысты еліктеуіш сөздердің кейбір дыбыстарының айтылуында ерекшеліктер болады. Ашық дауысты еліктеуіш сөздердің дауысты дыбыстары созылып айтылады, мысалы: сарт ете түсті дегенді саарт ете түсті деп, тарс ете түсті дегенді таарс ете түсті деп түбірдегі а дыбысын созып, ал қысаң болса, соңғы дауыссыз дыбыс созылып айтылады, мысалы: тыз ете түсті, тырс ете түсті, шыж ете түсті, шыр ете түсті, шың ете түсті деген сияқтыларды ауыз сөзде соңғы з, с, ж, р, ң дыбыстарын созып, мысалы, тызз, тырсс, шыжж, шырр, шыңң деп айтуға болады.

   Еліктеуіш сөздер ауызекі тілде, ауыз әдебиетінде, көркем әдебиетте өте жиі қолданылады, мысалы: Социалистік индустрияның дөңгелегі зыр жүгірді (Ғ.Мұстафин); Күн көрістің ескі тәсілдері, ескі салт-сана, әдет-ғұрып шірік шүберектей дыр-дыр жыртылып жатты (Сонда); Колхоздың қара сабалары күмп-күмп пісілді (Сонда); Кешікпей тағы да мылтық даусы гүрс-гүрс шықты (Ғ.Сланов); Боз, күрең, жирен, ала, шұбар, Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап (Жамбыл).

   Сөйтіп, еліктеуіш сөздер дегеніміз — өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты (формалық структурасы) бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын (түрленбейтін), сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы туынды есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.

Бейнелеуіш сөздер

    Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді.

 

Мысалы: Ырғалып қарға қарқ етті; ірімшік аузынан салп етті деген сөйлемдерді алайық. Мұндағы қарқ деген сөз – қарғаның дауыстауынан естілген дыбыстың атын аңғартатыны, соған сәйкес, еліктеуіш сөз сол түсініктің атауы болатыны жоғарыда айтылды. Ал осы салалас сөйлемнің екінші жартысындағы салп деген сөз дыбысты емес, қарғаның аузынан ірімшіктің жерге қарай түсіп бара жатқан я түскен кезіндегі көрініс елесін, сол көріністің бейнесін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, салп деген сөз ірімшіктің жерге тез түсіп бара жатқан кезінде көзбен көру қабілеті арқылы қабылданған көріністің, оның бейнесінің атауы есебінде қызмет етеді.

Екінші бір мысал алайық: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С.Мұқанов) дегендегі кілт және жалт деген сөздер де қалай тоқтағандықтың және қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді.

Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің тек сыртқы бейне-көрінісін ғана емес, әрі шапшаң (аса тез) болатынын да білдіреді. Бұл сөздерге де белгілі-белгілі көріністің, қимылдың бейнесі негіз болады. Мысалы: бірдеме елең етті; ол жалт етті; жапалақ жалп етті дегендердегі елең, жалт, жалп деген сөздер белгілі көріністің бейнесін де, олардың тез болу ерекшелігін де білдіреді.Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстардың бірнеше рет қайталанатынын білдіреді. Мысалы: елең-елең, жалп-жалп, жалт-жалт, жылт-жылт, қылт-қылт, лап-лап т.б.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де қайталанған екінші сыңарының ашық дауысты дыбысы қысаң дауысты еріндікке айналып, іс-қимылдың бейнесінің бірде олай, бірде бұлай болып алмасып отыратынын білдіреді, мысалы: жалт-жұлт, жалп-жұлп, қалт-құлт т.б.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің еребейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстардың қысаң болуы әрекет-қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы: арбаң-арбаң, талтаң-талтаң, тарбаң-тарбаң, одыраң-одыраң деген сөздердің мағыналарын сол реті бойынша ербең-ербең, тылтың-тылтың, тырбың-тырбың, едірең-едірең деген сөздердің мағыналарымен салыстырып байқауға болады. Алдыңғы топ пен соңғы топтың мағыналарында, әрине, айырмашылық бар. Өйткені Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді екен (С.Мұқанов) деген мен Нұрқожа тылтың-тылтың басып келеді екен дегендердегі талтаң-талтаң мен тылтың-тылтың дегендердің мағыналары тең емес.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың жуан я жіңішке болуы олардың мағынасында айырмашылық болатынын аңдатады, мысалы: жалп-жалп етеді деген мен желп-желп етеді дегеннің, осыдан туған жалпылдайды және желпілдейді деген сөздердің мағыналары тең емес. Алғашқы көріністен күшті, дөрекі, епсіз бейне байқалса, соңғыда әрі нәзік әрі майда бейне елестейді.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де бастапқы дара түбіріне де, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын (көптік, септік, тәуелдік, жіктік) жалғаулар тікелей қосылмайды. Демек, еліктеуіш сөздер тәрізді, бұлар да – түрленбейтін сөздер. Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де ешбір өзгеріссіз тікелей етістіктермен тіркесіп, я дара мүше (жалт қарады, жалт-жалт қарады) болады, я күрделі мүшенің құрамына енеді (жалт етті, жалт-жалт етті). Бұлар да, еліктеуіш сөздер сияқты, дербес мүше болса, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады. Мысалы, төмендегі сөйлемдердегі бейнелеуіш сөздер кілең пысықтауыш болып тұр: Ыңырсып колхозының төрт түлігі Ауылдан маң-маң басып өріске өрді (Жамбыл); Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М.Әуезов).

Сөйтіп, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.

 

ЕЛІКТЕУІШ СӨЗДЕРДІҢ ФОНЕТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктерін сөз еткенде, үш түрлі мәселе ескерілуге тиіс: 1) дыбыстық құрамы; 2) буын жігі; 3) айтылу ырғағы.

Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамында, демек, олардың дыбыстарының тіркесуінде белгілі бір ізге түсіп қалыптасқан әрі орнықты, әрі жүйелі заң бар деуге болады. Оған еліктеу сөздердің мысалы, мынадай үлгілері айғақ:

1. Арс, барс, гүрс, дүрс, мырс, тарс, тырс т.б.

2. Борт, бырт, күрт, кірт, морт, сарт, сырт, шарт, шырт т.б.

3. Жап, жып, лап, лып, сап, сып, тап, топ, тып, шап т.б.

4. Барқ, бырқ, жарқ, зырқ, зірк, күрк, қорқ, ірк т.б.

5. Аңқ, еңк, дөңк, дүңк, діңк, күңк, қаңқ, қоңқ, саңқ, сұңқ, шаңқ, шіңк, ыңқ т.б.

6. Былқ, кілк, қолқ, кілк, солқ, селк т.б.

7. Балп, болп, былп, елп, жалп, желп, жылп, салп, сылп, шалп, шылп, шолп, үлп т.б.

8. Жамп, күмп, қомп, томп, тымп, сымп т.б.

9. Даң, дұң, тың, қаң, құң, маң, шаң, шұң, шың т.б.

10. Ар, дыр, быр, дар, дір, күр, қор, қыр, сыр, шар т.б.

11. Баж, быж, бұж, гүж, күж, қыж, шаж, шыж т.б.

12. Ақ, бақ, бық, қақ, қық, сақ, тық, шақ, шық т.б.

13. Жалт, жылт, кілт, қылт, мылт, сылт, талт, тылт т.б.

14. Гу, ду, зу, лау, сау, су т.б.

15. Барп, борп, қорп, сарп, тарп, тырп т.б.

Бұл үлгілерде көрсетілген еліктеу сөздер, әрине, негізгі түбір формалар. Бұлардан басқа да формалар бар. Мысалы: алш, былш, қалш; ыз, тыз, ыс; кіс, пыс, тыс тәрізді сан жағынан аз болғанымен де, көптеген туынды сөздердің жасалуына негіз болған (мысалы: алшы, алшаң, ызың, ызыл; ысқыр, пысына, кісіне т.б.), сондай-ақ, әуелгі түбірлері туынды сөздермен біте қайнасып ажырамайтын болып кеткен формалар да көп. Мысалы: салдыр-гүлдір, балдыр-былдыр, жымың-жымың, сопақ, тырбаң, ыржаң сияқтанған сөздердің түбірлері қазіргі тілде жеке қолданылмайды.

Еліктеуіш сөздердің морфологиялық сипаты

Еліктеуіш сөздер, сыртқы морфологиялық құрылысына қарай, жалаң да, күрделі де болады.

Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді.

Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мұндай негізгі еліктеу сөздер, практикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі кезде тиісті морфологиялық бөлшектерге сараланбайтын бір тұтас тұлға сияқтанып келеді. Оларға жоғарыда көрсетілген 15 түрлі үлгіге тән формалар және олардан өзге де бір алуан формалар жатады. Мысалы: ар, ыр, ырс, борс, бырс, бұлт, былқ, дүрс, дік, дүңк, күрс, күмп, кірп, елп, жалп, жарқ, жалт, жарқ, зырқ, қалт, кілт, лып, лап, морт, мырс, мүлт, мыңқ, салп, саңқ, сыңқ, селк, солқ, сарт, сырт, саңқ, таңқ, тыңқ, шалп, шылп, шаңқ, шыж, ырс, ыңқ т.б.

Туынды еліктеу сөздер деп негізгі (түбір) еліктеу сөздерден де және басқа атауыш (атаушы) сөздерден де тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы: алшаң, арбаң, арсалаң, ағараң, балпаң, болпаң, дікең, елпең, жалпаң, жортаң, жалтаң, жылман, ирелең, көлбең, кірбең, қалтаң, қолбаң, қоржаң, қызараң, қылмаң, қылтаң, салбаң, сылтаң, тарбаң, тарбалаң, ырсаң, ыржаң т.б.

 

Сөйтіп, туынды еліктеу сөздер түбір (негізгі) еліктеу сөздерден де (мысалы: жалт-аң, арс-алаң, балп-аң, болп-аң, елп-ең, жылт-ың, қалт-аң, сылт-ың, ырс-алаң т.б.), өзге атауыш сөздерден де жасалады (мысалы: ағар-аң, қызар-аң, иір-елең, бұр-алаң, соз-алаң т.б.).

Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар мыналар:

1. –ң, -ың, -ің, -аң, -ең жұрнағы. Бұл жұрнақ арқылы туынды еліктеу сөздер жасауға мынадай формалар негіз болады:

а) Негізгі (түбір) еліктеу сөздер. Бұлардан жасалған туынды формаларға мынадай еліктеуіш сөздер жатады: арс-аң, ырс-ың, борс-ың, борт-аң, бырт-ың, барп-аң, болп-аң, елп-ең, жалт-аң, томп-аң, кілт-ің, мырс-ың, қалт-аң, тарс-аң т.б.

ә) Кейбір атауыш сөздер (есімдер мен етістіктер). Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздер жатады: ала-ң, ағар-аң, былға-ң, дал-аң, домала-ң, жайна-ң, иір-ең, сыла-ң, көлбе-ң, қара-ң, тербе-ң, қызар-аң т.б.

б) Кейбір жеке-дара қолданылмайтын формалар. Ондай формалар бейнелеу етістіктеріне де және басқа есімдерге де негіз болған. Ол формалар қазіргі кезде жеке-дара түбір есебінде қолданылмайды, бірақ бастапқы кездерде еліктеу (бейнелеуіш) сөздердің түбір формалары болған деп жорамалдауға болады. Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздердің түбірлері жатады: арб-аң (арбай), ерб-ең (ерби), жарб-аң (жарби), кірб-ең (кірби), қорб-аң (қорби), адыр-аң (адырай, адырақ), ажыра-ң (ажырай), бадыра-ң (бадырай, бадырақ), бажыра-ң (бажырай), майм-аң (майми, маймақ), кірж-ің (кіржи, кіржік), қайқ-аң (қайқай, қайқи, қайқы, қайқақ), қиқ-аң (қиқаң, қиқи, қиқақ), күрж-ің (күржи, күржік), қылм-ың (қылми, қылымсы), соп-аң (сопай, сопи, сопақ), сид-аң (сиди, сида), шош-аң (шошақ, шоштиған) т.б.

2. –лаң, -лең, -алаң, -елең жұрнақтары кейбір етістіктерге жалғанып, туынды еліктеу сөздер жасайды. Мысалы: бұр-алаң, иір-елең, соз-алаң, шұба-лаң, ора-лаң т.б.

Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, я туынды формаларының не қайталануы, не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз.

Күрделі еліктеу сөздер компоненттерінің формаларына қарай оларды мынадай негізгі төрт топқа бөлуге болады:

1) арс-арс, борт-борт, быж-быж, гүр-гүр, дүр-дүр, дір-дір, жарқ-жарқ, жалт-жалт, елп-елп, зыр-зыр, зырқ-зырқ, лап-лап, лып-лып, маң-маң, күмп,-күмп, күрс-күрс, селк-селк, тарп-тарп т.б.

2) арс-ұрс, баж-бұж, жарқ-жұрқ, шап-шұп, шалп-шұлп т.б.

3) арбаң-арбаң, алшаң-алшаң, ағараң-ағараң, далаң-далаң, елең-елең, елбең-елбең, ербең-ербең, балпаң-балпаң, бортаң-бортаң, бүрсең-бүрсең, жалаң-жалаң, жалбаң-жалбаң, жалтаң-жалтаң, қызараң-қызараң, көлбең-көлбең, қожаң-қожаң, қоқаң-қоқаң т.б.

4) арбаң-ербең, арбаң-тарбаң, адыраң-едірең, қиқаң-қиқаң, олпаң-солпаң т.б.

Еліктеу сөздерден өзге сөз таптарына тән басқа да жаңа сөздер жасалады. Мысалы: тарсыл, дүрсіл, күрсіл, тырсыл, быжыл, шыжыл сияқты зат есімдер –ыл (-іл) жұрнағы арқылы тарс, күрс, тырс, быж, шыж деген еліктеуіш сөздерден жасалған. Сондай-ақ, жалтақ, бұлтақ, шыжық, бұрқақ сияқты есімдер де жалт, бұлт, шыж, бұрқ деген еліктеу сөздерден –ақ (-ық) жұрнағы арқылы туған. Еліктеу сөздерден басқа сөз таптарына тән осындай туынды сөздер жасайтын басты-басты жұрнақтар мыналар:

1. –ыл, -іл (ырыл, быжыл, дарыл, гүріл, күрсіл, тырсыл, қорсыл, сыртыл, күжіл, шыжыл, ыңқыл, сұңқыл, шүңкіл, шіңкіл, дүңкіл, сырыл, пысыл, зуыл, суыл, бақыл, гуіл, шарыл т.б.).

2. —ыр, -ір (жалтыр, жылтыр, былбыр, сылбыр, тақыр, тықыр, шықыр, сытыр т.б.).

3. —ақ, -ек, -ық, -к (адырақ, елбек, бүлкек, бұлтақ, жалтақ, қалтақ, салпақ, бұрқақ, ыржақ, қылжақ, тарбақ, балпақ, жалпақ, қалпақ, қоқақ, тықақ т.б.).

4. –ғыр, -гір (даңғыр, дыңғыр, дүңгір, қаңғыр, мыңғыр, сыңғыр, шіңгір т.б.).

5. –қыр, -кір (бақыр, кекір, шақыр, жекір, өкір, түшкір, пысқыр, осқыр, ысқыр т.б.).

 

6. –ыра, -іре (балбыра, былбыра, елбіре, желбіре, салбыра, сылбыра, жылбыра, үлбіре, солбыра, қолбыра, бұрқыра, жарқыра, күркіре, дүркіре, зырқыра, сырқыра, маңыра, мөңіре, еңіре т.б.).

7. –ырай, -ірей (бақырай, бақшырай, шақырай, тұқырай, кекірей, кекшірей, бүкірей, тықырай, шоқырай, қоқырай, бажырай, күжірей т.б.).

8. —ый, -ій (арби, ерби, жарби, тарби, арси, ырси, торси, тырси, жылти, қылти, кілти, қылқи, кеңки, теңки, бырти, қоңқи, шоңқи, быржи, қоржи т.б.).

9. –й, -ай, -ей (арбай, адырай, едірей, ежірей, қоқай, шоқай, сопай, қиқай, қоңай, балпай, жалпай и.б.).

10. –да, -де (арбаңда, ербеңде, бұраңда, ирелеңде, сүйрелеңде, жалпаңда, адыраңда, қоқаңда т.б.).

Еліктеу сөздерден басқа туынды сөздер тудыратын өзге өнімсіз жұрнақтар да бар. Мысалы: кісіне, құжына, быжына, пысына етістіктерін алсақ, олар –ына (-іне) жұрнағы арқылы кіс, құж, быж, пыс деген еліктеу сөздерден жасалған.

Еліктеу сөздерден сөз тудыратын жұрнақтардың кейбіреулері жалаң, кейбіреулері құранды болып келеді. Мысалы, жалтыра, сылбыра, салбыра, былбыра дегендердегі –ыра жұрнағы –ыр (жалтыр, салбыр, сылбыр, былбыр) және –а (жалтыра, салбыра…) деген екі жалаң жұрнақ деп қарауға болса, елбіре, үлбіре дегендердегі –іре жұрнағын теориялық жағынан олайша бөлшектеуге болғанымен, практикалық жағынан саралап боршалауға болмайды. Сол сияқты, кекірей, бүкірей, тықырай, тыжырай дегендердегі –ырай (-ірей) жұрнағын саралап, — ыр (-ір) және –ай (-ей) деп бөлшектеуге әбден болады (кекір, тықыр, тыжыр). Ал, кекшірей, бүкшірей, тықшырай, бажырай, күжірей дегендердегі –ырай (-ірей) формасын бөлшектеуге болмайды.

Қазіргі кезде жеке-дара сөз (түбір) ретінде қолданылмайтын кейбір түбірлер көптеген туынды есімдер мен туынды етістіктердің жасалуына негіз болуымен қатар, туынды еліктеу сөздердің жасалуына да негіз болады. Мысалы, қоқиған, қоқырайған, қоқсыған, қоқшиған, қоқшырайған деген етістіктердің де, қоқым, қоқыс, қоқтық, қоқай, қоқыр, қоқақ деген есімдердің де, қоқшаң, қоқыраң, қоқшыраң деген еліктеу сөздердің де бастапқы түбірі қоқ деген форма. Ал осы туынды сөздерден жұрнақ арқылы туатын өзге формаларды сөз етпей-ақ (мысалы: қоқаңдаған, қоқшыраңдаған т.б.), қоқақ-қоқақ, қоқаң-қоқаң, қоқшаң-қоқшаң, қоқыраң-қоқыраң, қоқшыраң-қоқшыраң, қоқым-соқым, қоқыр-соқыр, қоқақ, шоқақ, қоқтық-соқтық, қоқақ-соқақ тәрізді қосарланған формалар жасалатынын еске алсақ, осындай «бейтарап» түбірлердің де сөздікті байытудағы қызметі мол екенін бағдарлаймыз.

Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

    Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметін сөз еткенде, екі түрлі мәселе баяндалуға тиісті: оның бірі – еліктеу сөздердің өздерінен басқа қандай сөздермен тіркесетіні, екіншісі – еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше болып қызмет атқаратыны. Ал бұл екі мәселе жайында айтылатын қағидалар мынадай:

1. Еліктеуіш сөздің жалаң түрі мен күрделі (қосарланған) түрінің қай-қайсысы болса да өздеріне тән атау формада тұрғанда бірең-сараң жағдайда ғана болмаса, тек етістіктермен тікелей тіркеседі. Бірақ еліктеу сөздер кез келген етістікпен тіркеспейді, оларды таңдап тіркеседі.Мысалы: Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба урядниктің иегі иегіне сақ-сақ етті.

2. Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен де бірдей тіркесе бермейді.Мысалы: Абай селк етіп жалт қарады.

3. Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың өздерінен басқа қандай сөздерге тіркесуімен байланысты.Мысалы: Шаң-шұң дауыс шықты. Сарт-сұрт төбелес басталды.Берілген сөйлемдерде анықтауыш қызметін атқарып тұр.

Дербес мағыналы негізгі етістіктермен тіркескенде, еліктеу сөздер қимыл мен іс-әрекеттің сын-сипатын білдіреді де, әрқашан пысықтауыш мүше болады. Мысалы: Атшы жігіт мырс-мырс күледі.

 

4. Еліктеуіш сөздер заттанып, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.Аспандағы жарқ-жұрықтан үрейі ұшты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Алматы 1991 жыл.

2. Ы.Маманов.Қазіргі қазақ тілі. Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы 1967 жыл.1 том.

4. Қазақ грамматикасы.Астана.2002.

 

Лекция №15

 

 

Шылау

 

Тілімізде толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, оған әр түрлі грамматикалық мағына үстеу үшін қолданылатын сөздер бар. Мұндай көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Болар ма сондай қызық шақ (Абай). Естелік әуезіңді бір түн біз де (Жамбыл). Өз ауылына баруға байлаған соң…(Әуезов). Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда (Абай). Ақырында Нілді мен Қарағандыны Боздақ пен Байжандікі деп тапты. Берілген сөйлемдердегі ма, де, соң, менен, мен – шылау сөздер. Бұлар жеке тұрғанда толық мағынасы жоқ, өзі қатысты сөзге әр түрлі мағыналық рең үстейді, және салаласа, сабақтаса байланысатын сөздер мен сөйлемдерді байланыстырады. Шылау сөздердің толық мағынасы болмағанмен, атқаратын қызметіне тән грамматикалық мағынасы болады. Осымен байланысты шылаудың өзіндік мынадай ерекшеліктері бар:

1. Шылау сөздердің толық лексикалық мағынасы болмайды;

2. Контексте толық мағыналы сөздердің жетегінде қолданылып, оған қосымша әр түрлі грамматикалық мағына, рең үстейді;

3. Шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді сабақтастыра не салаластыра байланыстырады;

4. Сөйлем ішінде синтаксистік қызметіне қарай жеке сөйлем мүшесі бола алмайды; 5. Шылау сөздер түрленбейді, басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Олар – лексикалық мағынасынан айрылу негізінде қалыптасқан көмекші сөздер.

Шылаудың түрлері

   Шылау сөздер білдіретін әртүрлі грамматикалық мағыналары мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.

Жалғаулықтар:

Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықтар лексикалық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі ыңғайда (мағыналық қатынаста) салаластыра байланыстыратын сөздер. Мысалы: Наданның түсінгені көп пен дүрмек (Абай). Қадірдің киімі жұқа, әрі денсаулығы да мықты емес (Мұқанов). Әй,ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой (Сонда). Берілген мысалдардағы пен, мен жалғаулықтары сөзді сөз бен сөзді ыңғайластық және байланыстырып тұр, әрі, себебі жалғаулықтары сөйлем мен сөйлемді ыңғайластық және себеп – салдарлық мәнде салаластыра байланыстырып тұр. Жалғаулықтар сөйлемнің сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады. Осындай мағыналық қатынастармен байланысты олар бірнеше топтарға бөлінеді: 1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі.

2. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен. 3.Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки,кейде. 4.Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткен, неге десең. 5. Себеп – салдарлық жалғаулықтар:сондықтан, сол себепті, себебі, өйткені.

6. Шарттық жалғаулықтар: егер, егерде, онда.

Ыңғайластық жалғаулықтар

Жалғаулықтың бұл тобына мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі шылаулары жатады. Ыңғайластық жалғаулықтар біріңғай салаласа байланысатын сөйлем мен тең дәрежедегі сөздер, сөз тіркестерін байланыстырып, ыңғайластық қатынасты білдіреді. а) Мен, бен, пен, менен, бенен, пенен жалғаулықтары әр түрлі сөз таптарынан жасалған сөйлемнің біріңғай мүшелерін байланыстырады.

Сөйлемнің біріңғай мүшелері есім сөздер, қимыл атаулары, заттанған сөздер болып келе береді. Балаға тең көрінер бай мен кедей (Торайғыров). Байлық қанағат пен еңбекте (Алтынсарин) деген сөйлемдердегі мен, пен жалғаулығы біріңғай зат есімдерді (бай мен кедей, қанағат пен еңбек) ыңғайластыра байланысып тұр. Сөздер, сөз тіркесі мен шылауы арқылы байланысқанда, жалғау соңғы сыңарына жалғанады. Сезімі мен сұлуын, жорғасы мен жортқасын ноқталап…(Әуезов) деген сөйлемдегі мен шылауы байланыстырып тұрған сезімі, сұлуын табыс септігінде тұрғанымен, жалғауды соңғы сыңар қабылдаған. ә) Және жалғаулық шылауы бір тұлғада есім сөздер мен етістіктерді ыңғайластыра байланыстырады. Сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі және сыйлайды (Әуезов). Бұл жиында Ызғұтты, Жақып сияқты үлкендер және баладан Құдайберді, Абай бар (Сонда) деген мысалдардағы және жалғаулығы біріңғай сөздерді даралап, атап байланыстырған. Және жалғаулығы салаласа байланысатын құрмалас сөйлемдердің сыңарларын бір-бірімен ыңғайластыра байланыстырады. Қонақ аз және өздерінің құрбылары ғой (Мүсірепов). Сіздің қолыңыз босай қоймас және босағанмен бұл жұмыс сізге ауыр тиер (Әбішев). Және жалғаулығы жай сөйлемдерді құрмаластыруда өте сирек қолданылады, ал құрмалас сөйлемдердің құрамының сыңарларының мағыналық қатынастары жағынан өзара бір – біріне жақын болып келеді және ондағы айтылған ойды толықтыра, айқындай түседі. Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды. (Әуезов). б) әрі жалғаулығы зат, құбылыс, қимылдың әр түрлі қасиеттерін сапасын білдіретін сөздерді ыңғайластыра байланыстырады, әрі оған даралау ерекшелік мағынасын береді. Қазақ тілі әрі бай, әрі көркем тіл (Әуезов) деген мысалдағы әрі жалғаулығы есім сөздердің ыңғайластыра байланыстырып және оларға ерекшелік, даралық мағына үстеп тұр. Әрі жалғаулығы баяндауыш қызметінде жұмсалған сөздерді байланыстырғанда, қимылдың бір затқа тән екендігін білдіреді. Жатақтың бала-шағалары мен кәрі-құртаңдары әдемі ат мінген жігітке әрі таңданып, әрі жатсырап қарайды (Мүсірепов). Мұнда әрі шылауы байланыстырып тұрған таңдану, жатсырап қарау қимыл іс – әрекеттері бала-шағаға, кәрі-құртаңдарға тән екендігін білдірген. Әрі жалғауы біріңғай сөздердің алдында қайталанып, қолданылып отырса, онда сол затқа, сапа, қимылға ерекше мән беріп, ыңғайластыра байланыстырады. М: «Сата ма, сатпай ма, оны өзі біледі» дегенге Боздақ би тағы да түсіне алмай, әрі көтеріліп, әрі күрмеліп қалып еді. (Мүсірепов).

Әрі шылауы салаласа байланысқан құрмалас сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстырады. Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең, сол шығады, әрі мол шығады (Мұстафин). Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі Семейдің үркек қорқақ чиновниктерін сескендіру де бар (Әуезов).

Әрі жалғаулығы құрмалас сөйлемдерді байланыстырғанда, және шылауынан да сирек қолданылады.

в) да, (де, та, те) жалғаулықтарының қызметі, мағынасы – сөз бен сөзді, сөз тіркестерін салыстыра байланыстырып, сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстыру. Бұл жалғаулық біріңғай мүшелерді байланыстырғанда, қайталанып қолданылады: Өзі де баласы да үндемейді. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген жан. Жаза да алады, сөйлей де алады. Сонымен бірге кейде бұл жалғаулық біріңғай мүшелердің арасында қайталанбай да қолданылады. Жойқын жұрт ерінбейді де жалықпайды(Мүсірепов). Дауысы ащы да қатал, зілді де кекті шығады. (Сонда) деген мысалдардағы да жалғаулығы біріңғай мүшелер ерінбейді, жалықпайды, ащы, қатал, зілді сөздерін бір – бірімен ыңғайластыра байланыстыру қызметін атқарып тұр. да, (де, та, те) жалғаулықтары салалас құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыру қызметінде қайталанып та, қайталанбай да қолданыла береді. Арбаға урядник пен Елизавета қатар отырыпты да, Быков көшірдің қасына орналасты (Мүсірепов). Ұлпан Есенейді аяп та кетті (Мүсірепов)деген мысалдардың бірінші сөйлемінде да жалғаулығы қайталанбай келсе, екінші сөйлемде екі компонентте да қайталанған. Қайталанып қолданылған да жалғаулығы құрмалас сөйлемнің екінші сыңарын ыңғайластыра байланыстырып қана қоймай, өзі тіркескен сөздерге де ой екпінін түсіріп, оны күшейте ерекше айту үшін де қолданылады. Одан арғыны Игілік айтқан да жоқ, қасындағылары сұрай алған да жоқ (Мүсірепов). да, (де, та, те) шылаулары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарында келіп, қарсылықты мағынаны білдіріп, сөйлемнің екі компонентін сабақтастыра байланыстырады. Степан қанша түсіндірсе де, шанаға ешқайсысы мінген жоқ (Мүсірепов). Қайшылығы бола тұрса да, ол тамаша адам еді. (Сәрсенбаев).

Қарсылық мәнді жалғаулықтар

Қарсылық мәнді жалғаулықтарға бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары жатады.

Қарсылықты жалғаулықтар салаласа байланысатын сөйлемдер арасындағы қарсылық мәнді білдіру үшін қолданылады. Әрине, көп үй мәселесі оңай шешілген жоқ, бірақ оңай шешілмеуінің өзінде үлкен дұрыстық бар еді (Мұстафин). Беті, түсі анық белгілі емес, бірақ бір үлкен мол батпан құйрық оралып келе жатқан сияқты (Әуезов). Бірақ шылауы арқылы байланысқан сөйлемдердің мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып келеді.

Бірақ жалғаулығы жай сөйлем басында да жиі кездеседі.

Бірақ осы соңғының саны көп емес, хабары да анық, толық дәл де емес (Әуезов).

Осымен қатар бірақ шылауы сөйлемде анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыштарды да байланыстырады. Аласа, тақыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады (Әуезов) деген сөйлемдерде алдыңғысында біріңғай анықтауыштарды, соңғысында біріңғай баяндауыштарды байланыстырған. Қарсылықты мағынаны білдіретін бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары тілде бірақ шылауынан сирегірек кездеседі. Бұлар тек құрмалас сөйлем құрамында ғана қолданылады, олардың да өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.

Талғау мәнді жалғаулықтар

Жалғаулықтың талғау мәнді білдіретін түрлеріне мына шылаулар жатады: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я,яки,кейде, мейлі, бір. Біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсе қызарлық қылып, көз алартпақ лайық па? (Абай). Әлде көштен қалғандықтан ба, әлде Жабайға жаны ауыра ма, әйтеуір жүзінде едәуір қуаңдық бар. (Мүсірепов). Кейде бұзақылыққа , кейде дұрыстыққа еріп кететіндігі бар (Сонда). Бұл сөйлемдердегі я, әлде жалғаулықтары салалас сөйлемнің екі сыңарын байланыстырса, кейде шылауы бірыңғай сөздерді де байланыстырып, бірінің ғана талғанатынын білдіру үшін қолданылған. Талғаулықты жалғаулықтардың әрбіреуінің өзіндік мағыналық қолданылу ерекшеліктері бар.

Талғау мәнді я, яки, не, мейлі, әлде шылаулары жай сөйлем сайын, басында қайталанып келе береді. Не билікті, не ауылнайлықты бермей отыр (Шәріпов). Біресе, бір жалғаулықтары іс – әрекеттің кезекпен бірінен соң бірі қайталанып отыратынын білдіру үшін қолданылады. Біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек – кезек, жалтақ – жалтақ қарайды (Әуезов).

Бір шылауы етістіктердің тікелей алдында келіп қолданылады. Қосқа бір кірдім, бір шықтым (Мұқанов).

Себеп мәнде жалғаулықтар

Себептік қатынасты білдіретін жалғаулықтарға өйткені, себебі шылаулары жатады. Бұл шылаулар салалас құрмаластың жай сөйлемдерін байланыстырып, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдегі іс – әрекеттің себебін білдіреді. Ешкім үндемейді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің дауысын білетін (Нұрпейісов). Әй, ол жеңер сені, себебі келешек оныкі ғой. (Мұқанов). Бұл мысалдардағы себебі, өйткені шылаулары алдыңғы сөйлемде болған іс – әрекет, жай – күйдің болу себебін көрсету үшін қолданылып тұр.

Салдар мәнді жалғаулықтар

Салдар мәнді шылауларға сондықтан, сол себепті жалғаулықтары жатады. Олар құрмаластың жай сөйлемдердің арасында қолданылып, соңғы сөйлем құрамына енеді. Бұлар болған іс – әрекеттің нәтижесін, салдарын білдіру үшін қолданылады. Оңай алдаймын дейтін, сондықтан оңай алданатын анайы мінездері жоқ емес (Мүсірепов). Ал мынау өз бетімен тәрбиеленген, сондықтан ол қисық болып өскен (Алтынсарин) деген құрмаластардағы екінші жай сөйлемдердегі салдарлық мағынаны білдіруге қатысып тұрған жалғаулық – сондықтан.

Шарт мәнді жалғаулықтар

Сөйлемдер арасында шарттық қатынасты білдіруге егер, онда шылаулары қызмет етеді. Шарттық жалғаулық егер құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының басында қолданылады да, онда басыңқы сыңардың бас позициясында тұрады. Сонау бақша ішінен табылармын, Егер мені іздесең көңіліңе алып (Абай). Сонымен бірге егер, онда шылаулары болмаса да, баяндауышы –са\-са шартты рай жұрнағы арқылы жасалған сөйлемде шарттық қатынасы бұзылмайды. Қолдан келген жәрдемі, Тұрлығұлдан бір түйе әперуге жараса, сенен аямас едім (Торайғыров)

Септеуліктер:

Қазіргі қазақ тіліндегі септеуліктер сөз бен сөзді сөйлем мен сөйлемді бірін екіншісіне бағындыра, яғни сабақтастыра байланыстырып, өзінің алдында тұрған толық мағыналы сөздердің белгілі бір тұлғада тұруын талап етіп, әр түрлі грамматикалық, мезгілдік, мекендік, мақсаттық қатынастарды білдіреді. Жалғаулықтар тең дәрежедегі сөздер мен сөйлемдерді салыстыра байланыстырса, септеуліктер оларды бағындыра, сабақтастыра байланыстырады. Септеуліктердің атауыш сөздерден дамып шыққаны белгілі, сондықтан кейбір шылаулар –ғы\-гі жұрнақтарын қабылдап, морфологиялық өзгерістерге түсіп, синтаксистік қызмет атқарып, сөйлем мүшесі болады. «Құсты Арал» саяхаты менің сол күнге дейінгі өмірімде елеулі бір белесім еді (Сәрсенбаев) деген сөйлемде дейін септеулігі –ғы\-гі жұрнағын қабылдап, сол күнге тіркесімен бірге қай? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Сөз жоқ, септеулік шылау жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды. Бұл жерде анықтауыш қызметінде жұмсалуы дейін шылауының өзі қатысты сөздермен (сол күнге) тұтасып, сындық мәнді білдіретін –гі қосымшасымен келуіне байланысты. Септеуліктер септік жалғаудың мағынасы мен атқаратын қызметіне ұқсайды. Олар сөйлемде мынадай қызмет атқарады. Біріншіден, түбір тұлғалы сөз бен барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі есім сөздермен тіркесіп келіп, оларды екінші сөзге сабақтастыра байланыстырып, мезгілдік, мекендік, себептік, мақсаттық қатынастағы сөз тіркестерін жасайды. Мысалы: Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек, Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп (Торайғыров). Еңбек қылған ел үшін, Еңбегі сіңген ер үшін (Бұхар Жырау). Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы (Аймауытов). Бұл күнге дейін салт жүретін Игілік енді пәуескеге мінуді лайық көріп… (Мүсірепов). Осы сөйлемдердегі үшін септеулігі түбір сөзге тіркесіп, мақсаттық қатынасты білдірсе, бері жатыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мекендік мағынаны, ал дейін шылауы барыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мезгілдік қатынасты білдіру үшін қолданылған. Үшін шылауы қазіргі қазақ тілінде түбір тұлғадағы зат есім, сын есім, есімдік, сондай – ақ есімше, көсемше тұлғаларымен тіркеседі, ал көне тілімізде есімдіктердің ілік септік тұлғасында да тіркескен: менің үшін, сенің үшін, оның (аның)үшін т.б. Екіншіден, шейін, дейін, кейін, бері, сайын, соң, үшін жалғаулықтары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы құрамында келіп, басыңқы сөйлем мен бағыныңқы сыңарды мезгілдік, себептік, м ақсаттық қатынаста байланыстырып тұрады. Солардың әр алуан сыбыр – жыбырын біліп отыру үшін, Құнанбай өзіне қараған елдің біразын сол елдің арасына таман кірістіріп жібері керек (Әуезов). Ғазиз біраз жүрген соң, мына көшелер таныс бола бастады (Бұлқышев). Жүргіншілер әбден көзден таса болғанға шейін, бұлар арттарынан қарап тұрады (Әуезов). Өзге кепенің адамдары тарағаннан кейін бұл кепенің адамдары Рахметті ортаға ала асқа отырды. (Бұлқышев). Септеуліктер, негізінен, есім сөздерге, заттанған есімше мен қимыл атауына тіркеседі. Бұл сөздерге септеуліктер мына тұлғалардан соң тіркеседі:

1. Сөздің түбірі, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер: үшін, сайын, сияқты, секілді, сықылды, тәрізді, туралы, турасында, арқылы, бойы, бойымен, бойынша, жайында, жайлы, шамалы, шақты, қаралы. Тарихи тұрғыдан бұлардың кейбіреулері ерте кезде ілік септік тұлғасымен де тіркескен. Турасы, бойы, жайы дегендердің құрамындағы ІІІ жақ тәуелдік жалғау – осының дәлелі бола алады. 2. Шығыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: кейін, соң, гөрі, бері, бұрын, әрі, бетер. 3. Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, салым, жуық, тарта, таяу.

4. Көмектес септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер: бірге, қатар, қабат.

Түбір, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер

Қазіргі қазақ тіліндегі түбір, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер, негізінен, есім сөзден соң қолданылады.

Үшін септеулігі түбір тұлғалы зат есіммен тіркесіп келіп оларға себептік, мақсаттық мағыналар үстейді. Балалары айран – шалап үшін әлді ағайынға жалшыға кетіпті. (Әуезов). Аяғында ертең ұлыққа жауап беру үшін қариялардың бойын көрсетпей, жасырақ басшыларын жібермек болып, Серікбай, Тұрлықожа, Айтбай үшеуін сайлады (Әуезов) деген мысалдардағы үшін шылауы түбір тұлғадағы есім сөз айран-шалап сөзінен соң, қолданылып мақсаттық мағына үстеу үшін қолданылған. Сайын септеулігі зат есіммен және –ған\-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп келіп, оларға даралау мағынасын үстейді. Көтеріп көптің көңілін күнде шауып, Жүлде алар жұма сайын туды күнім (Жансүгіров). Жаз аяқтап, қыс жақындағын сайын қараша ауылдар қоршаған Қарғандының орталығы өзгере түсті (Мүсірепов).

Алдыңғы сөйлемде сайын шылауы жұма сөзін даралау мағынасында қолданылып, екінші сөйлемде сайын шылауы сабақтас құрмалас сөйлемді байланыстырып, мезгілдік мағынаны білдіріп тұр.

Сияқты, секілді, тәрізді септеуліктері зат есім, есімдікпен, есімшемен тіркесіп, ұқсату, теңеу мағынасын білдіреді. Рақымбай сияқты жағымтал, Жорға болыстың тағы бір екеуіне көзі түсіп еді, олар да алға түсетін, бой көрсететін сияқты емес (Әуезов).

Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білгеніміз жоқ (Сонда). Бұл сөйлемде сияқты шылауы есім сөз Рақымбай мен есімдік бұл сөзіне тіркесіп, оған теңеу, ұқсату мағынасынан үстеп тұр.

Сияқты шылауы кейде сөз тудырушы жұрнақтарын қабылдап, сияқтанбай, сияқтанады тұлғасында да қолданылады. Қазіргі шешілмей тұрған түйін сияқты үлкен кесірлі іске келгенде күндізгі арманшыл, уайымшыл шалдар сияқтанбай, қазіргі қасында отырған бірен – саран сарнауық қажылар сияқтанбай , Ұзақ тым – тырыс үндемей отырды (Әуезов). Желкедегі қарағай кей жерінде қара қошқылданып бірігіп, иықтан баспалап қарап тұрған самаладай әскер сияқтанады (Сонда).

Туралы, турасында, жайлы, жайында, жөнінде септеуліктері зат есіммен, есімдікпен, заттанған сөздермен тіркесіп, белгілі бір іс – әрекет, оқиға жөнінде айтылғанын білдіреді. Брилев бәрімізді жинап, сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады (Момышұлы).

Сұраудан сұрау тауып, Шәрипа өкшелеп отырып артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алды (Майлин).

Арқылы септеулігі зат есім, қимыл атауымен тіркесіп, істің, қимылдың амалын, не арқылы іске асқанын білдіреді.

Үлкен істі елдің салмақты үлкендері арқылы болмаса, өз беттерімен іспен кете алмайтын (Әуезов).

Бойы, бойымен, бойынша септеуліктері зат есіммен, есімдіктермен және –ған-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп келіп, іс – әрекеттің амал, тәсілін білдіреді. Ежелгі салт, машық бойынша бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ (Әуезов). Шамалы, қаралы, шақты септеуліктері сан есіммен тіркесіп, болжалдық мағына береді. Інісі Тектіғұл болса, қайшылықпен он шақты жыл қыршын жас күнін кешіріп еді (Сонда). Бұл кезде Ұзақ жанында он шақтыдай ғана кісі қалып еді (Сонда).

Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер

Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер есім сөздерге, есімшелерге, үстеулерге тіркесіп, мезгіл – мекендік, шектік мағына үстейді. Дейін, шейін септеуліктері зат есімдерге, сан есімдерге, есімшелерге тіркеседі. Рақымбайға шейін, күн шартылдап жай түскеннің артындағыдай құп-қу болып, есеңгіреп, қалған сияқты (Әуезов). Ірбіт, Омбы, Том, Қызылжар, Селебеге дейін барып қалған (Мүсірепов).

Қарай, таман септеуліктері зат есімдерге, есімдіктерге, үстеу сөздерге тіркесіп, мекендік, мезгілдік қатынасты білдіреді. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті. (Мүсірепов). Ұзақ Ақбейіттегі жиыннан қайтып Таңбалы тастағы өз ауылына таман келгенде…(Әуезов).

Салым, тарта, жауық, таяу септеуліктері зат есімдер мен сан есімдерге тіркесіп, мезгілдік қатынас білдіреді. Мың жарым екі мыңға тарта жылқысы бар (Әуезов). Ушаковтың отызға тарта қазақ зерттеушілері бар (Мүсірепов).

Шығыс септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер

Шығыс септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер зат есім, есімдікпен, өткен шақ есімшемен тіркесіп, оларға мезгілдік, мекендік мағына үстейді. Гөрі септеулігі зат есім, есімдікпен заттанған сөздермен –ған\-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп, талғау, таңдау мағынасында қолданылады. Жас жігіт бұдан гөрі де қаталырақ кетуге Игіліктен бата алмады (Мүсірепов).

Бері септеулігі зат есім, есімдік, есімшемен тіркесіп, мезгілдің басталу шағын, шегін білдіреді. «Көктеректің» бауырында көп жылдардан бері өмір сүрген жансыз ауыл бірден өзгеріп, қайнап сала берді (Майлин). Оның да кешеден бергі ел сөйлеген сөзге құлағын салып, өз ішінде қорытып келгендей байлауы осылай сияқты еді (Әуезов). Бері шылауы сабақтас құрмалас сөйлемнің баяндауышының құрамында келіп мезгілдік қатынасты білдіреді. Мына хабар шыққаннан бері, өзінен шоши бастады (Майлин). Кейін, соң септеуліктері зат есім, есімдіктерге, қимыл атауы мен есімшеге тіркесіп, оқиғаның соңынан болатын мекендік, мезгілдік мағынаны білдіру үшін қолданылады. Әбден орнығып отырғаннан кейін ғана Зылиха сөз бастаған (Оразалин). Тағы біраздан соң, есіне Жабайдың түйіп қалғаны түсті(Мүсірепов). Кейін, соң шылаулары құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарында келіп, мезгілдік мағынаны білдіреді. Болыстардың көпшілігі жиылған соң, сыздаған жүзді, құбыжық мұртты Ақжелке сөз бастады (Әуезов). Рязанов кеткеннен кейін Ушаков пен Бернер мыс қорытылып жатқан жаққа кетті (Мүсірепов). Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз (Абай).

Бұрын септеулігі шығыс септігінде тұрған сөздермен тіркесіп, оқиғаның алдын ала болуын білдіру үшін қолданылады. Бұрын осы көлдің басында үй саны онға толмайтын еді (Майлин).

Кейін ,соң, бұрын септеуліктері де атрибуттық мағынада қолданылатын –ғы\-гі формалы жұрнақтарды қабылдап, морфологиялық өзгерістерге ұшырайды. Ендігі бұдан соңғы бір кезең ұлықтың айтқанына көнбедік (Әуезов).

Бетер септеулігі іс – әрекеттің болып кеткен амалдан анағұрлым күшті болғанын білдіру үшін жұмсалады. Жел одан бетер соққан сайын, айнала шаңғытып ешнәрсе көрінбей кетті (Мұқанов).

Көмектес септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер

Көмектес септігіне тіркесетін қатар, бірге септеуліктері іс – әрекеттің, негізінен, бірнеше субъектінің бірігіп жасағанын білдіру үшін қолданылады. 1936 жылы Қиыр Шығысқа менімен бірге бір қазақ жігіті барды (Момышұлы). Көкшіл көздері балқыған мыспен бірге балқып бара жатқандай (Әуезов).

Демеуліктер

Демеуліктер — өз шылауында тұрған сөздерге әртүрлі грамматикалық мағына, реңк үстейтін сөздер. Олар модальдық – экспрессивті сипаты зор, семантикалық мүмкіндігі мол сөздер. Апа сіздің де бір жас иісті сүйетін кезіңіз болды – ау (Мұқанов.). Дүниеде жаман да көп те, қызық та, ермек те көпте, бастапқыда кім шыдайды, соңғыға кім азбайды (Абай). Демеуліктердің білдіретін мағыналары сан алуан. Олар өзі қатысты сөздерге я сөйлемге сұраулық, шектік, нақтылық, күшейту, тежеу, болжалдық, күмән сияқты грамматикалық мағыналар үстейді. Демеуліктер негізгі сөзге үстейтін мағыналарына қарай бірнеше топқа бөлінеді:

1.Сұраулық демеуліктер:ма, ме, ба, бе, па, пе, ше 2.Күшейтпелі демеуліктер: -ақ, -ай, -ау, -әсіресе, -да -де, -та, -те 3.Шектеу (тежеу) демеуліктері: ғана (қана), тек, -ақ 4.Болжалдық демеуліктер: -мыс, -міс, -ау

5. Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрылым

6.Нақтылау мәнді демеуліктер: қой\ғой, -ды\-ді, ты-\ті

7. Қомсыну мәнді демеуліктер: екен.

Сұраулық демеуліктер

Сұраулық демеуліктер көбіне баяндауыш құрамында келіп, сұраулық мағына береді. А) ма-ме, ба-бе, -па-пе; демеуліктері есім сөздерге, үстеуге, етістіктерге тіркесіп қолданылып, баяндауыш қызметіндегі сөз құрамында болады. Ардақты атың шыққан қан майданда, Атамас атағыңды таңдай бар ма? (Жамбыл). -ған ба еді, -ған бе екен, а ма екен, — ып па еді тұлғалы етістіктермен бірге жұмсалғанда, сұраулық демеулігі негізгі сөз бен көмекші сөз ортасында қолданылады. Бір сорды бір сорға қосқанда ырыс туа ма екен? (Мүсірепов). Сұраулық демеуліктер ма-ме, ба-бе, -па-пе баяндауыш қызметінде жұмсалған ІІ жақ жіктік жалғауымен қатар келгенде, түбір мен жалғаудың арасына кірігіп кетіп, мы\мі, бы\бі, пы\пі болып өзгеріп кетеді. Әуелі өзің қаруын қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? (Абай).

Баяндауыш қызметінде жұмсалған болжалды келер шақ есімшеге тіркесіп лепті сөйлем құрамында кездеседі. Бүгінгі күні қазақ халқы қандай тұрмыста тұратынын, қалай еңбек ететінін көрер ме еді солар? (Мүсірепов).

Де көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістік құрамында келіп, -ма,- ме сұраулық демеуліктері болжалдық мағына үстейді: келе ме деймін?

 

Болар ма екен деп (дәмеленіп еді) Ше сұраулық демеулігі есім сөздермен, үстеумен, етістікпен тіркесіп келіп сұраулық мән береді. – Бозбалалар неге өлең айтпайды? – Қыздар ше? (Майлин). – Билер ше? Бидің бәрі жемтік емес пе? (Әуезов).

Күшейткіш демеуліктер

 

Күшейткіш демеуліктердің қатарына – ақ, -ау, -ай, әсіресе, да/де, та/те шылаулары жатады. Күшейткіш демеуліктері сөйлемге, айтылған ойға күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Өлеңге әркімнің –ақ бар таласы (Абай).Жарасбай әсіресе, мол шығынмен, әупіріммен орнында қалды (Әуезов).

-ақ демеулігі – тілде жиі қолданылатын шылаулардың бірі. Бұл шылау өзіне қатысты, яғни есім сөздерге, үстеу сөздерге тіркесіп, олардың мағынасын күшейту немесе ой екпінін түсіру үшін жұмсалады. Күшті –ақ екен, жарықтық! (Жароков). Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім (Торайғыров).

-ай демеулігі адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіру үшін қолданылады, көбіне аяу, таңырқау мәнінде қолданылады. –ай демеулігі зат есім мен сын есімдерге тіркесіп, оқшау сөз ретінде қызмет атқарады. Сары алтын, сопы меруерт, қарағым-ай (Ақан Сері).Таласпа, жаным-ай, қолыңнан келмеске (Абай). Жамандар өтірікші өсегі көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасында-ай! (Сүйінбай).

-ау демеулігі есім сөздермен, етістік, одағай сөздермен тіркесіп, қуану, ренжу, күйіну мағыналарын үстейді. Қалай апарамыз, қарағым-ау, біздің қолымыздан не келеді (Мүсірепов). Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар?! (Абай).

Әсіресе демеулігі сөйлемге күшейткіш мағына үстейді. Әсіресе қолқабыс ететін адамдарыңызға риза болдым (Мүсірепов). Әсіресе өзінің атын ататтырғысы келмейтін сияқты (Сонда).

да/де, та/те демеуліктері өзі тіркескен сөздерге күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Бағың өскенше, тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің… (Абай). Арманын да, азабын да, қуаныш, қайғысын да әнге сыйдыра білген, айналайын елім-ай (Мақатаев). Жылататын да, жұбататын да – сөз (Момышұлы).

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. А.Ысқақов:«Қазіргі қазақ тілі». –Алматы 1991 жыл.

2. Ы.Маманов:«Қазіргі қазақ тілі». –Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. –Алматы 1967 жыл.1 том.

4. Қазақ грамматикасы. –Астана.2002.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *